БОЯМАСЫЗ
* Концертке ерте келіп алыппын. (Бір жұмысым уақытынан бұрын біткесін, үйге барып, одан қайта шыққанға ерініп, тіке келе салғанмын). Құрбымды күтуге тура келді. Ол үйінен енді шығыпты.
Күннің көзі молынан төгіліп тұрғанымен, күзгі ызғар бар, ауаға үрлесең, іштегі жылы дем сыртқа бу болып шығады.
* Республика сарайына ерте келіп алған жалғыз мен емес екенмін.
Мен отырған күншуақтағы дөңгелек орындыққа шляпасы, сыртынан киген пиджагі, қолына ұстаған сөмкесі де көгілдір (бирюза) түсті әйел келіп жайғасты. Бірден көзге түсе кететін сәнді әйел елудің ауылынан алыстаңқырап кеткен. Кірпігі жас қыздыкіндей көкке шаншылып тұр. Көзінің ұшындағы сызып қойған стрелкасы да бірден байқалады. Ернінің айналасын қаламмен бастырған. Тереңдей түскен әжімдерін бергі планға шығарып тұрған да сол ашық бояулар.
Алғашқыда ерсілеу сияқты көрініп тұрған-ды, біраз сөйлесе келе, көзім үйренгендей болды. Өзімнің әлі күнге бояна алмайтыныма қысылғандай да болдым.
Қыз күнінде өте сұлу болғаны көрініп тұр. Қазір де өңді. Бетіндегі опа-далабы тым қалың болғанымен, табиғи әдемі, ешқандай пластикалық ота жасалмаған.
~ Астанадан келіп едім, Алматы мұндай суық болады деп ойламадым, тоңып қалдым, — деді әйел пиджагінің қолына аса іліне қоймайтын шағындау жағасын қымтай көтеріп, мойын тұсын қалқалауға әркекеттеніп.
~ О-о, Астана дейсіз бе, елорда бізден де суық қой.., — дедім “жылылырақ киінбегеніңіз қалай” дегенді меңзеп.
~ Жаңа үстімде жылы ұзын көйлегім болған. Жолай қарсы алдымнан кезіккен бір қыз бала “тәтее, көйлегіңіз неткен әдемі еді!” дегесін шешіп бере салдым. Өзі студент секілді, әдемі қыз екен, — деді әйел сүйсінгенін байқатып.
Оның шешіп бердім дегеніне сендім. Себебі, жолыққан қыз мұның ерекше стиліне мен секілді таңданысын жасыра алмаған болуы керек.
Дегенмен де, әйел болғасын ойладым, әр мезгілдің өз түсі болады, солай киінген дұрыс шығар-ау деп. Ашық түстер — жаз мезгіліне, қоңыр, жылы түстер дәл қазіргі маусыммен үйлеседі.
Бәлкім, шляпалы әйел мәдениет сарайына бекзат болмыста, соған лайықты болып келгені болар.
* Әңгімеміздің желісін бір әйел үзді.
~ Мені қонақүйдің фонына суретке түсіріп жібересіз бе? — деді.
~ Иә, әрине! — деп елп еттім. Ақыры уақыт мол дегендей.
Әртүрлі келбетте бірнеше кадр жасадық.
~ Анау Абай ескерткішінің түбіндегі фотозона да жақсы, сол жерге де түсесіз бе? — дедім.
~ Түсіресіз бе, уақытыңыз бар ма? — деп қуанып кетті бейтаныс әйел.
Ескерткіш жанына жеткенше әңгімесін айтып келді. Екі қызы бар екен, тұрмыста, өз тіршілігі өзінде дегендей.
~ Бүгін бір өзім қыдырып шығып едім, сергиін деп. Мына Көктөбенің аспалы жолына кіргізбей қойды, тегін отырғым келген ғой. Желтоқсанға қатысты деген куәлігімді көрсетсем де. Жас қыз тұр. Ол Желтоқсанды қайдан ұқсын! Кезінде суығында тоңған қыздар біз едік! — деді ренішті үнмен.
~ Мында бірдеңе бола ма? — деді сосын үнсіздікті өзі бұзып.
~ Иә. Концерт болады. Қазір, тоқтай тұрыңызшы, — деп, танысыма қоңырау соқтым. Осы концертке артылған шақыру билеті бар ма екен, соны білгім келді. Өзіне өзі демалыс сыйлауға шыққан әйел жақсы көңіл күйде қайтса деп ойлағам.
Әйел естіп тұрды.
~ Жоо-жоқ, рақмет, концерттен кеш шықсам үйіме жетуім қиын. Рақмет көңіліңізге. Қазір Шәмшіге барам (Қалдаяқовтың ескерткішін айтып тұр-ау), біраз отырам жанында, суретке түсем. Естелік қой бәрі, — деп қоштасып, ұзай берді.
* Бұл кезде Республика сарайының алдындағы адам біраз қалыңдап қалыпты.
Шаш үлгісі өзгеше бір әйел таяп келеді. Үстінде қымбат қамзол. Жып-жинақы. Бұл кезде өзім де тоңа бастаған соң елдің бәрі тоңатындай, мына әйел де жеңіл киімімен жаурайды-ау деп қоямын іштей.
Үйінен көңілді шыққан секілді, жайдары әйел алаңда орнатылған шағын нысанның мөлдір шынысының алдына сәл кідіріп, өзіне сүйсіне қарап, оң жақ, сол жақ қырымен ауысып тұрып, шашын, қамзолының өңірін түзеп, әрі қарай өте берді. Әдемілікке құмар әйелміз ғой енді!
* Концерт екі сағатқа жуық болды. Сол жағымда отырған біз қатарлы әйел сол орынға жайғаса бастағанда сағыз шайнап келген-ді, екі сағат уақыт сол күйіс қайырған күйінен жаңылмады. Қалай аузы ауырмады екен. Оның үстіне жас емес, ересек әйел.
Жастың да, отырудың да, орынның да, мезгіл-уақыттың да әдебін сақтап жүрген жақсы ғой деген ой түйдім бұл күннен.
Нұржамал ӘЛІШЕВА,
журналист.
Алматы қаласы
Фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!