Бүгін әйелдің шалбар киюі, қысқа шаш қоюы немесе өзіне ыңғайлы киімді таңдауы ешкімге тосын көрінбейді. Алайда бұл еркіндік адамзат тарихында әрдайым болған жоқ. Бір кездері әйелдің киімі оның әлеуметтік мәртебесін ғана емес, қоғамдағы орнын да айқындайтын. Қалай киіну керек, қандай түсті таңдау қажет, шашты қалай қоюға болады, тіпті дененің қай тұсын көрсетуге рұқсат етіледі – мұның бәрі қоғамдық тәртіптің бір бөлігі саналды.
XIX ғасырдағы Еуропада әйел гардеробының ең танымал бөлшектерінің бірі корсет еді. Ол белді жіңішке етіп көрсетуге арналғанымен, әйел денесінің қозғалысын айтарлықтай шектейтін. Қоғамда қалыптасқан сұлулық өлшемі әйелден белгілі бір дене пішінін талап етті. Көлемді көйлек, ауыр маталар мен бірнеше қабат киім күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай киіммен ұзақ жұмыс істеу, белсенді қозғалу қиын болатын. Уақыт өте келе әйелдердің қоғамдық өмірдегі рөлі өзгерді. Олар білім алып, еңбекке араласып, зауыттарда, кеңселерде жұмыс істей бастады. Ал бұрынғы киім үлгісі жаңа өмір салтына сәйкес келе бермеді. Осылайша сәннің өзгеруі қажеттіліктен де туындады. Әйелге қозғалу, жұмыс істеу, қоғамдық кеңістікте еркін жүру үшін ыңғайлы киім керек болды.
XX ғасырдың басында шалбар мәселесі де осы өзгерістің бір бөлігіне айналды. Әйелдердің шалбар киюі ұзақ уақыт бойы әдеттен тыс құбылыс саналды. Әсіресе қоғамдық орындарда шалбар киген әйелдерге сын көзбен қарағандар көп болды. Бірақ спортпен айналысу, велосипед тебу, саяхаттау және еңбек ету секілді жаңа өмір салты әйел киіміне деген көзқарасты өзгертті. Әйел сәнінің тарихында Коко Шанельдің де орны ерекше. Ол әйел гардеробына қарапайым әрі қозғалысқа ыңғайлы үлгілерді енгізуге ықпал етті. Әйел киімінің ауыр әшекейден арылып, күнделікті өмірге бейімделуі сол кезеңдегі әлеуметтік өзгерістермен үндесті. Шанель сәнді тек әсемдік құралы ретінде емес, заманауи әйелдің өмір салтына жауап беретін кеңістік ретінде қарастырды. 1960 жылдары қысқа белдемшенің танымал болуы да қоғамдағы өзгерістің белгісіне айналды. Бұл кезеңде жастар мәдениеті күшейіп, әйелдердің білім алуы, еңбек етуі және жеке таңдау мәселелері кеңінен талқылана бастады. Сән сол өзгерістерді бірден жасамаса да, олардың көзге көрінетін көріністерінің біріне айналды.
Әйел киімінің тарихына үңілсек, сәннің ешқашан жай ғана мата мен пішімнен тұрмағанын көреміз. Киім арқылы қоғам адамның кім екенін, қандай орында тұруы керегін көрсеткісі келді. Ал әйелдер үшін киімнің өзгеруі кей кезеңде қозғалыс еркіндігімен, еңбекпен, біліммен және жеке таңдау құқығымен қатар жүрді. Бүгін біз киімді көбіне талғамымыздың бір бөлігі деп қабылдаймыз. Бірақ әйел гардеробындағы әрбір үлкен өзгерістің ар жағында белгілі бір дәуірдің талабы, қоғамның қарсылығы және жаңа өмір салты тұрған. Бір кездері әйел денесін қысып тұрған корсет біртіндеп тарихта қалды. Оның орнына қозғалысқа мүмкіндік беретін киім келді. Киім өзгерген сайын әйелдің өмірі де өзгерді. Ал кейде қоғамдағы үлкен өзгерістер алдымен айнадан көрінетін болған. Бұрындары солай еді, қазір де өзгеріссіз.
Дайындаған Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!