Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда шенеуніктерді есірткіге тексермек

19.11.2026, 17:05 26

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің есірткі қолдану белгілерін анықтау қағидалары бекітілді. Жаңа тәртіпке сәйкес, қызметкерлердің жұмыс орнындағы мінез-құлқы, сыртқы келбеті, физиологиялық және психикалық жағдайы бақылауға алынбақ. Егер мемлекеттік қызметшіден әртүрлі топқа жататын үш немесе одан да көп белгі анықталса, ол медициналық куәландыруға жіберілуі мүмкін, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Жаңа қағидаларда есірткі қолданудың ықтимал белгілері үш топқа бөлінген. Бірінші топқа қызметкердің мінез-құлқының күрт өзгеруі, агрессия, ашушаңдық, жұмысқа жиі кешігу немесе себепсіз келмеу, қызметтік міндеттеріне қызығушылығының төмендеуі жатады. Екінші топқа көздің қызаруы, көз қарашығының шамадан тыс ұлғаюы немесе кішіреюі, денедегі ине іздері, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, қолдың дірілдеуі, түсініксіз немесе тым жылдам сөйлеу секілді физиологиялық белгілер енгізілген.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметшінің есте сақтау қабілеті мен зейінінің нашарлауы, шамадан тыс мазасыздануы, күдікшілдігі, ойының шатасуы және галлюцинациялардың пайда болуы да назарға алынбақ. Аталған белгілер әртүрлі топтан анықталған жағдайда қызметкерді медициналық тексеруге жіберу мәселесі қарастырылады.

Дегенмен мұндай белгілердің болуы мемлекеттік қызметшінің есірткі қолданғанын білдірмейді. Олардың басқа да себептері болуы мүмкін. Есірткі қолдану фактісі медициналық куәландыру нәтижесінде ғана расталады.

Жаңа бұйрық 29 қарашадан бастап күшіне енеді.

Қағидаларға сәйкес, қызметкердің мінез-құлқын бақылаумен кадр қызметі мен тікелей басшысы айналысады. Тиісті белгілер анықталған жағдайда кадр қызметі мемлекеттік орган басшысының атына ұсыныс енгізеді. Медициналық куәландырудан екі жұмыс күні ішінде өту қажет. Мемлекеттік қызметші тексеру нәтижелерімен танысуға, медициналық қорытындыға және лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағымдануға құқылы. Ал медициналық куәландырудан бас тарту қызметтен босатуға негіз болуы мүмкін. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: