Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанға 70 жылдан кейін жолбарыстар қайта орала бастады

02.11.2026, 16:40 62

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Осылайша, Қазақстанда 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы аясында табиғатқа шығарылған жолбарыстар саны екеуге жетті, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Амур 31 қазанда табиғи ортаға жіберілген. Бұған дейін, 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс еркіндікке шығарылған болатын. Қазір ол резерват аумағын біртіндеп игеріп, өздігінен аң аулап жүр.

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур арнайы жабдықталған қоршауда мамандардың бақылауында болған. Жабайы табиғатқа жіберер алдында ветеринариялық тексеруден өтіп, оның денсаулығы, аңшылық қабілеті, өздігінен қорек табуы және адамға қатысты мінез-құлқы бағаланған. Мамандар жолбарыстың табиғи ортада тіршілік етуге дайын екенін анықтады. Енді оның қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады.

— Әрбір жолбарысты табиғатқа жіберу – үлкен жауапкершілік. Біз ең алдымен жануардың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аңшылық қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды. Біз олардың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін тұрақты бақылауды жалғастырамыз, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.

Тұран жолбарысы неліктен жойылды?

Кезінде Тұран жолбарысы Іле өзенінің аңғарында, Оңтүстік Балқаш өңірінде және Сырдария бойындағы тоғайлы алқаптарда мекендеген. Алайда ХХ ғасырдың ортасына қарай орман-тоғайдың азаюы, қоректік жануарлардың кемуі және браконьерлік салдарынан Қазақстан аумағынан толық жойылған.

Жыртқыштарды қайтару үшін 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Кейін резерватқа Бұқар бұғылары мен құландар қоныс аударылды. Биыл қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық паркінен тағы 30 құлан жеткізілген.

Ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, жойылып кеткен Тұран жолбарысы мен Амур жолбарысы генетикалық тұрғыдан өте жақын. Сондықтан Қазақстандағы тарихи мекендеу аумағында жолбарыстар популяциясын қалыптастыру үшін Амур жолбарысы таңдалған.

Тұрғындардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Министрлік мәліметінше, жолбарыстардың қозғалысын бақылау және адамдармен қақтығыстың алдын алу үшін арнайы топ құрылған. Оның қызметкерлері жергілікті тұрғындармен байланыс орнатып, жануарлардың жаңа ортаға бейімделуін қадағалайды.

Биыл мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт жолбарыс жеткізілген. Олардың екеуі ересек, екеуі күшік. Ересек жолбарыстар табиғатқа жіберілсе, күшіктер әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Оларды да кейін табиғи ортаға жіберу мүмкіндігі жеке қаралады.

Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: