Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген бақылау нәтижесінде 7747 заңбұзушылық анықталды.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті хабарлады, деп жазады halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Есепті кезеңде департамент 29 бақылау іс-шарасын өткізген. Оның 9-ы жоспарлы тексеру болса, 15-і жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде, тағы 5-і мемлекеттік органдардың хабарламаларына сәйкес жүргізілген.
— Анықталған заңбұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін сақтамауға қатысты – 4582 дерек. Сондай-ақ қызмет көрсету мерзімін бұзудың 1605, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартудың 817 және бас тарту мерзімін бұзудың 192 дерегі тіркелген. Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою жөнінде 9 ұсыныс енгізіліп, 21 нұсқау мен ұсыным берілген. Нәтижесінде 20 тапсырма орындалды, 1-еуі орындалу үстінде. Сонымен қатар 2 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде жүргізілген тексеру барысында 49 заңбұзушылық анықталып, 10 қызметкер тәртіптік, 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
— Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңбұзушылықтарға жол берген 18 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал рұқсат құжаттарын беру мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін 31 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 2 млн 750 мың 700 теңге айыппұл толық өндірілді. Бақылау шараларының нәтижесінде 1608 қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Оның 1594-і жоспарлы тексеру, 10-ы өтініштер бойынша жүргізілген тексеру арқылы, тағы 4-і сұрау салу тәртібімен қалпына келтірілді, — деп мәлімдеді ведомство.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!