Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның ең қарт тұрғыны 116 жасында өмірден өтті

03.11.2026, 11:10 51

Қазақстандағы ең қарт тұрғын саналған Түймегүл Темірбаева 116 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Ұлытау облысының әкімдігі жеткізді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Түймегүл Темірбаева 1910 жылғы 1 қаңтарда дүниеге келген. Ол Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Қызылжар елді мекенінде тұрған. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен кейуана төрт бала тәрбиелеп, 15 немере мен 25 шөбере сүйген. Жұбайы Аязбай Темірбаевпен бірге өмір бойы жылқы шаруашылығымен айналысып, еңбек еткен.

Ұлытау облысының әкімдігі марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның өнегелі өмір жолын атап өтті.

— Ғасырдан астам ғұмыр кешіп, тұтас бір дәуірдің куәсі болған Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаеваның дүниеден өтуіне байланысты туған-туыстарына, жақындары мен барша отбасы мүшелеріне қайғыра көңіл айтамыз. Ұзақ әрі өнегелі ғұмырында Түймегүл апа 15 немере мен 25 шөбере сүйіп, бірнеше ұрпақтың өсіп-жетілуіне куә болды. Ол өз әулетінің ақылшысы, тірегі әрі берекесі еді. Түймегүл апа тек отбасының амандығын ойлап қана қоймай, ел өміріне де бейжай қарамаған жан болатын. Мемлекет үшін маңызды оқиғалардан тыс қалмай, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап, ел болашағына әрдайым алаңдап отырды. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ананың өнегелі өмір жолы мен жарқын бейнесі ұрпақтарының жадында ғана емес, еліміздің тарихында да сақталатынына сенімдіміз, – делінген әкімдіктің көңіл айтуында.

2024 жылы Kazinform тілшісіне сұхбат берген Түймегүл әже ұзақ жасаудың сырын адал еңбекпен, жан тыныштығымен және отбасының қамқорлығымен байланыстырған. Үш жасында анасынан айырылған ол бала кезінен үй шаруасына араласып, жастайынан еңбекке бейімделген. Бие сауып, қымыз ашытып, мал шаруашылығымен айналысқан. Қартайған шағында да қол қусырып отырмай, үй тірлігіне көмектесіп жүрген.

Биыл қаңтар айында 116 жасқа толған Түймегүл Темірбаева елдегі қоғамдық-саяси оқиғалардан да шет қалмаған. Наурыздағы республикалық референдумда және тамыздағы сайлауда дауыс беріп, елінің амандығын тілеген еді. Соңғы тілектерінің бірінде ұрпағының аман болуын, елде бейбітшілік сақталуын қалаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: