Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіп ашуға мүмкіндік мол

05.10.2021, 14:50 420

HALYQLINE.KZ Елімізде «Шағын және орта кәсіпкерлікке» мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтарды өз елімізде өндірілетін отандық өнімдерді қолданып, оны барынша қолдау керектігін жеткізген болатын. Осыған орай, бүгінгі таңда көптеген жандар кәсіп ашып, халықты қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, кәсіп ашамын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау жетерлік. Айта кетейік, осы тұрғыда «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алған кәсіпкерлер бар. Бүгінде олар кәсіпорын жұмысын кеңейтіп, отандық өнім шығарумен айналысып келеді.

Осы орайда кәсібін кеңейту үшін өңірлік микроқаржы ұйымының көмегіне жүгінген кәсіпкерлерді назарларыңызға ұсынамыз. Әлсейтова Жансия Серікқызы – өңірімізде «Good Food» деген атаумен жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын цех жұмысын іске қосқан кәсіпкер. Кәсібін 2019 жылы ашқан. Негізгі мақсаты – тұрғындарға қолмен даярланған халал, таза өнімдер ұсыну. Бүгінде қарамағында 4 адам (1 технолог, 3 дайындаушы) жұмыс істейді.

Жансия Серікқызы: «Біз тұрғындарға қолмен дайындалған таза әрі халал өнім түрлерін көбейтіп, сапасын арттырып, халыққа адал қызмет көрсетіп келеміз. Алдағы уақытта әлі де көптеген жаңа өнімдер шығарып, қуантатын боламыз», – дейді.

Аталған цех күніне 29 тағам түрін әзірлеп, сатылымға шығарады. Атап айтар болсақ, 5 түрлі манты, тұшпара, котлет, фрикаделька, тефтель, фаршталған бұрыш, 3 түрлі самса, 3 түрлі чебурек, қолдан әзірленген кеспе, еттен әзірленген тоқаштар, құймақ және холодец өнімдері дайындалады. Соңғы бір жылдың ішінде тұтынушылар тарапынан сұраныс көлемі артып, қазіргі таңда өндірілетін өнімдер 3 есеге дейін өсті. Бүгінде қала бойынша 3 сауда дүкенінде аталған өнім түрлері сатылымға шығады. Кәсіпкердің айтуынша алдағы уақытта басқа да сауда желілеріне шығару жоспарда бар. Сонымен қатар, бұл өнімдер интернет сайттарда және инстаграм әлеуметтік желісінде жарнамаланып келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: