Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәртіптің прототипі – Темірбек

29.01.2026, 6:40 26

HALYQLINE.KZ

Қожакеев – 100

Қаламгерлер арасында өздерін тілшілік тіршілікке, жазушылық не ғылымға бағыттап, іргетас қалыптастырған жол сілтеуші ұстаздарды аса ұлықтау, одан қалды көркемсөзбен әспеттеп, өлең жолдарына қосу – баяғыдан бар үрдіс. Әсіресе, «Журфак» студенттері арасында. Әдетте осы бір ҚазҰУ-дың қара шаңырағынан түлеп ұшып, өсіп-өнген қаламгерлер ұстаздарымен болған әр қызықты сәтті есте сақтайды, жай есте сақтап ғана қоймай, естелік ретінде қағаз бетіне түсіреді. Қысқасы, журналистер өз дәріскерлерінің мейірім-шапағатын, әрбір түртіп алар өсиетін ешқашан ұмытқан емес.

Кейіпкер көп қой… Аға буын өкілдерінің естелік жазбаларын оқи отырып, ұлағатты ұстаздың, жүйрік журналистің образына қарқ боласың, сол кездегі ұстаз бен шәкірт арасындағы терең динамикаға тәнті болмасқа амалың қалмайды. Зейнолла Қабдолов, Намазалы Омашев, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов және «Журфактың» екі алыбы Тауман Амандосов және Темірбек Қожакеев, тағысын тағы… Бірі – ғылым жолына ғұмырын арнаған ғалым, ал енді бірі – басқасын айтпағанда, сатираны ғылымның шыңына көтерген сардар. Өңкей «сен тұр, мен атайын» деген тұлғалар. Дегенмен де, жоғарыда атап өткен журфактықтар екі алыптың атын өзгелерден жиі атайды. Иә, олар – қазақ журналистика теориясының негізін қалаушылар, атағы жер жарған оқытушылар, білікті ғалымдар. Екеуінің де қазақтың ғылыми әлеуетіне қосқан үлесінен бөлек, ұстаздық ұстанымы туралы тоқтамай айта беруге болады. Десе де, бұл тақырыбымыздың арқауы – филология ғылымдарының докторы, сатира зерттеушісі Темірбек Қожакеев.

Қожакеевті тілге тиек етпес бұрын ең алдымен ғалымның ғұмырбаянына зер салайық. Бірі білуі мүмкін, бірі білмес. Темірбек Қожакеев – ғалым, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Шанышқылы тайпасының Қырықсадақ деген руынан. 1953 жылы ҚазҰУ бітірген соң, өмірінің соңына дейін сол білім ордасында елеулі қызмет атқарды. Оның зерттеу тақырыбы сатира-тұғын. Әлем сатирасынан бастап, қазақ сатирасына дейін түбегейлі зерттеді. Біршама ғылыми еңбек жазды, тиісінше қазақ сатирасының тарихы мен оның жанрлық-көркемдік ерекшеліктері туралы тыңнан түрен салды. Атап айтқанда, қазақ сатирасының даму жолына арналған «Қазақ сатирасы», «Абай – сатирик», «Қазақ совет сатириктері», «Сатира және дәуір», «Бүгінгі қазақ сатирасының проблемалары», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира – күштілер қаруы», «Сатира негіздері» секілді еңбектері жарыққа шықты.

Ғалымның қызметі жайлы кейінірек айта берерміз. Не дегенмен кімнің де ең алдымен қандай қызметкер болғанынан емес, қандай «адам» болғанынан бастауымыз қажет қой. Темірбек Қожакеевтің тұлғалық феномені, батыр болмысы жайлы естеліктерді не көп, не аз дей алмаймыз. Қожакеевті көзімен көріп, дәрісін алған аға буын бұл кісіні әрқилы бейнелейді. Біз Қожакеевтің көзі тірісінде өмірге келмедік, тіпті шыны керек, арман қуып, журналистика жорығына түспей, басқа саланы місе тұтсақ, бұл есімді естуіміз де неғайбыл еді. Бағымызға орай, осынау ұлы тұлғаның жазған туындылары негізінде сабақ өттік. Соның өзі – үлкен ғанибет. Ұстаздарымыз бірінші курстан бері Қожакеевті санамызға құйды. «Мамандыққа кіріспе» пәнінен аталған ғалымға арнайы тоқталдық. «Қазіргі журналистиканың жанрлық түрі мен қызметінде» зерттеушінің жанрды терең зерттегеніне қанықтық. Фельетон, памфлет жанрларымен етене таныстық. Өкінбедік. Сатира да журналистиканың бір жанры екеніне көзіміз жетті. Қожакеев ілімімен сатираға тек әзіл-сықақ ретінде емес, сондай-ақ өмір шындығы деп қарауды жадымызға түйдік. Өкініштісі сол, Темірбектей нар тұлғаның болмысымен жіті таныспаған екенбіз…

«Таукең – Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі. Ал Темкең – Совет журналистикасының теориясы мен практикасы кафедрасының меңгерушісі. Оның үстіне журфактың аюдай ақырған деканы. Оқуға жаңа түскен студенттер алдымен осы екі кафедраны төңіректейді. Әйтеуір осы қос мықтының біреуінің маңайында болғанды жөн санайды».

Бұл – журналист, ғалым Бауыржан Омарұлының «Төртінші билік» кітабынан үзінді. Айтуына сенсек, Таукең мен Темкеңнің көзіне түсу әр болашақ журналистің арманы болыпты-мыс. «Екеуінің де шоқтығы биік. Қаталдық екеуінің бойында да жеткілікті» дейді ол. Десек те, Тауман Амандосовтың көңілін табуға болатын көрінеді. Таукеңнің қаталдығының ар жағында ізгілік пен мейірімділіктің ізі көрінген. Бірақ та Қожакеевтің қаталдығының жөні бөлек екен. Бұны журналист жазған «Қырғи қабақ қос көкем» эссесінің мына жолдарынан анық байқадық.

«Қожакеевтің қаталдығының тоңы көпке дейін жіби бермейді. Жібігенді айтасың, кейде оның қаталдығы қатыгездікке ұласып кетеді. Таукеңнің ызбары болғанымен, ызғары жоқ. Ал Темкеңнің ызбары мен ызғары қатар жүреді. Тауман аға көпшілдеу. Темірбек аға кекшілдеу. Бірақ соған қарамастан бәріміз екі шалды да жақсы көреміз».

Дөп. Публицист екі ұстазды таныстыра отырып, жақсы көрмеуіңе амалыңды қалдырмайды.

Темірбек Қожакеев тәртіптің нағыз үлгісі болған деседі. Тегеурінді Темкең тез қимылдап, жедел желіп отырыпты. Көңіл күйі түсулі болса, жолында кім тұр, қарамайды екен. Жайпап өтіпті. Қаталдығы соншалық, Амандосов кешіккіш, ерке студенттерді аудиториядан қуып жіберіп жазаласа, Қожакеев ондай еркелікті көтермей, біржолата оқудан аластатып жібереді екен. Осындай тәртіптен сүрінбей, Темкеңнің тоқпағынан өткендер – бүгінде білдей мамандар. Көпшілігі өздері шәкірт тәрбиелеп, Қожакеев іргетасын үлгі етуді миссиясы санайды.

Қожакеев туралы аңыз тектес әңгімелер мұнымен тоқтамайды. Соның бірқатарын университеттегі ұстазым айтып берген еді. Сорақысынан бастайын. Айтуына қарағанда, Темірбек Қожакеев қанша қатал көрінгенімен, іштей өте ақкөңіл, студенттерге жанашыр болыпты. Сол кездері ұлағатты ұстаздың темірдей тәртіпке негізделген оқыту әдісін қабылдамай, кері тартушылардың қарасы қалың екен. Оқытушының туған күні екенін естіген бір топ жоғары курс студенті Темкеңнің үйіне «табыт» жіберіпті. Бүгінде сол кездегі студенттер, қазіргі ел ағалары істеген тірліктеріне қатты өкініп, аһ ұратынын жасырмайды. Оқытушыларының көзі тірісінде бағаламай, қадірін білмеген «бұзық» жігіттер сол бір оқиға еске түссе, жандарын қоюға жер таппайтын көрінеді.

Қожакеевтің темірдей тәртібін балқытып жіберетін жағдайлар да кезігеді екен. Адам қанша өз ұстанымына берік болса да, кейде жағдайға кіріп, эмпаттық танытып жатады ғой. Темкеңнің қатысуымен сондай бір оқиғаны апайым басынан өткеріпті. Оқытушымның сол жақтағы әпкесінің баласы ауырып, ауруханаға түсіпті. Амал жоқ, апайыма жиен інісінің жанында болуына тура келеді. Әдетте үш мәрте сабақтан қалған студентті оқудан бездіріп жіберетін Қожакеевтің сұраған конспектісін топтастарынан бұрын орындаған оған ұстаздың жүрегі жібіп, қатал Темкеңнің мейіріміне бөленген екен.

Қазақта қай Темірбектің де жаманы жоқ қой. Сыр баласы Темірбек алғашқылардың бірі болып тіл мәселесін қаузаған, қазақ руханиятының бүгіні үшін тер төккен азамат екені әмбеге аян. Араға уақыт салып, Жамбылда дүние есігін ашқан, атына заты сай, темірдей тәртіпті ұстаз Темірбектің де ерлікке пара-пар іс-әрекеттері ауыздан-ауызға тарап, аңыз болған.

1986 жыл. Тура Кеңес үкіметінің саясаты орнығып, зиялыларымыз қудаланып жатқан кезі. Ашығы, қазақ жастары Колбин билігіне қарсы шығып, сол кездегі билік қолшоқпарларымен алысып жүрген шақ. Студенттердің басым көпшілігі ереуілге аттанып, оқудан шығып қалу мүмкіндігі жоғарылаған тұста араша түскен бір азамат болса, сол Темірбек Қожакеев еді. Ерлігінің зияны тимеді емес, тиді. Жұмысынан да шығып қалды, билік өкілдерінің де қара тізіміне енді. Сонда да, бастысы шоғыры биік жаужүрек азамат болып есте қалды. Өйткені, иә өйткені… Ол өз мүддесінен гөрі ел мүддесін бірінші орынға қойды. Жастарға шын жаны ашыды. Нағыз ұстаз бола білді.

Естеліктерді ақтарып отырып, бір мәліметті көзім шалды. 1986-87 жыл аралығында ҚазҰУ-дан Қазақ КСР Ғылым академиясының бас-аяғы бір корреспондент-мүшесі, бес профессор жұмыстан қуылыпты. Солардың ішінен тек Темірбек Қожакеев ғана шығармашылық әлеуетін сақтай алып, ғылыми мансабын ары қарай жалғастырған. Бірі тағдыр тәлкегіне төтеп бере алмай, жүрек талмасынан қаза болса, қалғаны денсаулығына байланысты оқытушылық қызметтен біржолата күдер үзген көрінеді. Ал енді бірі қайта оралса да, ментальді жағдайының күйреуіне байланысты ғылыми потенциалын сол күйі аша алмай, көптің бірі болып күй кешіпті. Бұл да Темірбек Қожакеевтің феномендігінің бір дәлелі десек, артық айтпағанымыз болар.

Иә, тәртіп ұғымының прототипі Темірбек Қожакеев жайлы қайта-қайта жазуға да, айтуға да болады. Бүгінде Қожакеев арамызда емес. Бірақ та ол  жүріп өткен сара жол, қайсар мінез, сырбаз болмыс – қай-қайсымызға да үлгі, азық. Сол азықпен ауызданған біздер барда ұлағатты ұстаздың, ғибратты ғалымның, қарымды қаламгердің рухы да, келешекке қалдырған ізі де өшпек емес.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті,

журналистика мамандығының 4-курс студенті

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: