• Иірлі жерде ер өлмейді, андызды жерде ат өлмейді. (Иір – шипалы шөп)
• Ынталының ісі лезде бітер, енжардың ісі кері кетер. Жігіт пілдің жұмысын істесін де, құлдың асын қарбытсын. Жігіттің шаршадым дегеніне сенбе, қарным ашты дегеніне сен.
• Беттескеннің беті қара, жүз шайысқанның жүзі қара.
• Бір ауру бір ауруды жағалап жүрсе, бір ауру бір ауруды жетектеп жүреді. «Ауру болдың – әлек болдың» деген сол.
• Өзіңді өзің даттасаң, жат төбеңде ойнақтар; өзіңді өзің сыйласаң, жат бойыңнан түңілер. Тірлігіңде татулыққа не жетер…
• Тең атаның баласы теңдікке көнсе де, кемдікке көнбейді.
• Көкірегіңде өз жарығың оянса, біреудің қараңғысында нең бар. Сенің көкейіңдегінің біреулердің бақайында жүретінін қалай білмейсің. Ақылды сатып ала алмайсың, қарызға да табылмайды…
• Жағдай білген дос қонақ, білгісі келмеген қас қонақ.
• Байқа қарағым, байқа. Әліңе қара. Сендей құл мен мендей құл алдырмай жүрсек сол-ақты. Біздің Сыйынарымыз болғанымен сенеріміз жоқ қой…
• Ақырғандары арыстанның айбатынан, түкіргендері түйме алтыннан кем болмай тұр-ау. Шіркіндердің шікірейуі-ай! Шікірей түбі – шикі, шақырай түбі – шала. Патшасы қылаң болса, елі ылаң болар.
• «Ат өлгенмен кәде өлмейді, арық қойдан да төстік ал» дейтін бұрынғылар.
• Алдағы істі Алла біледі, азаматыңның алдын кеспе. Өзі болған жігітті балағынан баспа, белін бу, қолтығынан деме, жалынан сыйпа…
• Ағайынды қайнаған қазаныңның айналасынан табасың.
• … Иә, қиналасың. Қиналғанмен амалың қайсы. Қанша қиналсаң да, азарланба. Көз – қорқақ, көңіл – тайғақ, қол – батыр. Аттай шап, қыбын тап, адаспай бақ.
• Жаманды мақтасаң да, даттасаң да бөркі қазандай болады. Мақтап та, даттап та абырой таппайсың…
• Досы жақсы өрге, досы жаман көрге сүйрейді; жақсы дос алға жетелесе, жаман дос жарға жығар.
• «Кедейдің өз малы өзіне олжа» демекші, жаңадан киген көйлегі де жұрттың көзіне түскіш, осы жұрт соған да сұқтанып қарайды. О, Алланың жаратқандары…
• Ай көріспесе ағайының жат, жыл көріспесе жекжатың жат.
• Тон қадірін киген білер, су қадірін шөлдеген білер.
• Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр.
• Ақылдының ойына ақылсыздың қарсы шығатын әдеті.
• Іштен іріткі іздегендер бір бәлеге тап болмай тынбас. Белін буса, бәле қуса, сірә оңбас…
• Құлқынына құл болғандар – ұлтына ұл болып жарытпас. Япыр-ай, ер-азамат боқ дүниенің құлы болғанша, ұлтының ұлы болсайшы…
• Қайығына қарай ескегі, күпшегіне қарай піспегі болады.
• Айналайын-ау, ақылдыға белгілі, ақымаққа қажеті жоқ сөзіңді балалата беріп қайтесің. Көп сөзді қой, тоқетерін айт.
• Біреу жарасымды жар іздейді, біреу ерқара іздейді.
• Сыйлассаң – сый кісісің, сыйласпасаң – бір кісісің. Мына тұтам тірлікте бір-біріңмен сыйласып жүргенге ештеңе жетпейді, қарағым…
• Жалғыздың оғы табылмайды, көптің оғы жоғалмайды. Жалғыздың сыйынары – бір Алла.
• Құлақтыға айтсаң, құлағының астында қалады; құлақсызға айтсаң, құла қырдың астында қалады…
• Білімдінің жүзі жарқын, білімсіздің күні қараң – бәрі құл.
• Жаман туыстан жақсы жат артық. Жаманның көңілін ауласаң да, дауын даулама, өзіңді қарақтайды. «Жаман түйе жабуын жер, жаман жігіт ауылын жер» деп бұрынғылар біліп айтқан…
• Дүние тегіс болмайды, тегіс боламын дегенше жігітке бір іс болады.
• Жақсыдан – шарапат, үлкеннен – ұлағат, кішіден – ілтипат, жаманнан – кесапат. Солай қарағым…
• Жаман тәуіп жаныңды алады, надан молда барыңды алады; тәуіптің ең мықтысы – кеселіңе кесел қоспаған…
• Есті ер ызғары қаттының ығында жүрмейді.
• Сайлы жер тасқалақ келер, жасық жігіт сасқалақ келер. Болған жігіт болдым демес, болдым жігіт оңған емес.
• Сүмбіле (тамыз) тумай су суымайды, таразы (қыркүйек) тумай таң суымайды.
• Ақыл – алтының, сабыр – мұратың, қайрат – қаруың.
• «Жылқының еті ем, терісі шегірен» деп бекер айтпаған. Түйе – салтанатың, жылқы – қанатың.
• Көше білмес көшсе көлік өлтірер, сөйлей білмес сөздің дәмін кетірер.
• «Оқшантай жоқ, кісе жоқ – белбеу шығар, жүгініс жоқ, малдас жоқ – көлбеу шығар» деген екен Мөңке би. Әулиенің айтқаны айнымай келді…
• Бірге туғанмен бірінен ұшқан қарға біріне бармайды.
• Қыр арқаңда қолдаушың тұрса, өкшеңнің қисықтығы білінбейді.
• Інідегі мал – иіндегі мал, баладағы мал – даладағы мал.
• Ауру – астан, дау – қарындастан, сараңдық жұғар ауылдастан.
• Аяғы лас төрге дейін былғайды, ауызы лас көрге дейін былғайды.
• Осы күнгілердің ақуаты аз болды. Боларға да, болмасқа да мәз болып, ұрандатып, қоңыраулатып жүргендері…
• Әлі-ақ мұртын қаққан мұсылманға зар боларсыңдар.
• Уа, Алла, бергеніңнен жазба, жаманның кесапатынан сақта. Алдыңғылармен үндес болғандар кейінгілермен күндес болды. Пақырлардың жөнсіздігін кешіре гөр…
• Жабу астында жан қалар, жаны қалса жал қалар.
• Дән топырағына, шәкірт ұстазына қарай өседі.
• Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп.
• Бойдақтың есі түске дейін, түстен кейін одан ақыл сұрама.
• Бір ауылға бір ақымақ аз болмайды.
• Амалдыға айла жоқ, сөз тапқанға қолқа жоқ.
• Қу сөз – қоңылтақ етік. Сөз бергенге сенбе, бөз бергенге сен.
• Балық жеген тоқ болар, әл-дәрмені жоқ болар…
• Арсыздың айты – алты күн…
• Әй, қарағым-ай, дұшпан не демейді, доңыз не жемейді.
• Бәйгеден пысың озсын, бәсекеден ісің озсын.
• Еңбегің – шырайың ғой, бірлігің – берекең.
• Басынан тұнған бұлақты қайнарынан қанып іш.
• Бақ адамын тауып қонса есейтеді, ауып қонса есіртеді.
• Шырайлы шындық – шамшырақ, өресіз өтірік – өлімнің қара басы.
• Отыңа тиме өшірерсің, көршіңе тиме көшірерсің…
• Биді құлсың десе күлкісі келеді, құлды құл десең өлгісі келеді…
• Дария тоқсан көрмейді, тоқсан мұз көрмейді.
• Е дескен еріңді күтсең, қағанағыңа құт тұнар.
• Ат жауырға, азамат бауырға шыдамайды.
• Кішіні інім демесең, кіші кісім демейді.
• Жоқшылықты көп көріп байығаннан қайыр сұрама.
• Заманың қалай түрленсе, бөркіңді солай ки. «Заманына қарай адамы» деген.
• Ұрының алғаны соңыра өзіне лайық болады.
• Кесілмеген құлаққа кесілген құлақ хабар бергіш.
• Айырылысар дос ердің қасын сұрайды.
• Елек қарғасы – Елекке, Жайық қарғысы – Жайыққа.
• Туымнан құр қалмаған, өлімнен сау қалмайды.
• Момынға алғыс та жоқ, қарғыс та жоқ.
• Патша иманды болмай халқы иманды болмайды.
• Бәйбіше де, тоқал да бейім туады.
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!