Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы әуежайындағы апатқа – 55 жыл

11.03.2025, 17:50 298

HALYQLINE.KZ

Қазалы – ірі теміржол торабы, Қазалы вокзалы СССР кезінде үлкендігі жағынан үшінші орын алатын еді. Сондай-ақ, Қазалыда аэропорт болғанын қазіргі жастар білмеуі де мүмкін, өйткені тәуелсіздік алғанда дүниеге келген жастардың өзі орта жасқа келіп қалды. Қазалыдағы аэропорт Қазақстан азаматтық авиация Басқармасына қарасты аудандық бөлімшесі болды. Сол кезде Ан-2 ұшағы Арал-Аманөткел-Райым-Октябрь-Қызылқұм-Қаукей-Ажар-Қызылорда бағытына ұшып, кері осы маршрутпен қайтатын.

1969 жылдың 2 қарашасында №47 және 48-ші рейс Арал қаласынан сағат 08:10-де ұшып шығады. Метео жағдай сол күні жақсы болды, күздің соңғы айы болса да, желсіз және бұлтсыз ашық болды. Ан-2 ұшағы Қазалыға сағат 10:20-да келіп қонды. Қазалыда бос орынға 11 адам билет алды және олармен бірге бір жарым жастағы сәби деболды. Ан-2 ұшағына 12 жолаушыдан басқа 648 кило жүк тиеуге рұқсат болды. Бірақ сол күні салмағы 1 тонна 234 кило жүк тиелді, басым көшілігі қапқа салынған картоп еді. Ол кезде орталық базар алаңында сығандар картоп сататын, бағасы 16 тиын, алыс елді мекенде тұратындар қап-қап картоп алып қайтатын. Техникалық қауіпсіздік сақталмады, соған қарағанда бұрын да «көз жұмды, бармақ қыстымен» жүктің ақшасы екі ұшқыштың қалтасына түсіп жүрген болуы мүмкін.

Қазалы аэропортындағы ұшу алаңынан Ан-2 ұшағы 170-200 метр разгон алып әуеге көтерілді, бірақ та әуеге не бәрі 60 метр көтерілген соң, картоптың басым көпшілігі ұшақтың артына тиелгендіктен ұшақ құйрығымен жерге қарай құлдилап барып құлады. Бір жас төрт айлық сәби бірден жан тапсырды, екі күннен соң екі жолаушы, бірнеше күннен соң тағы да екі жолаушы ауруханада қайтыс болды. Москвадан келген комиссия ұшаққа жүкті шамадан тыс тиелгеннен болды деп шешім шығарды. Аэропорт бастығы, замандастарының айтуынша, адал азамат Төрехан Еселбаев жазықсыз сотталып кетеді, естуімше кейін жазасын өтеп шыққан соң Ақтөбе жақта теміржол саласында қызмет істеген көрінеді.

Енді апатқа ұшыраған Ан-2 ұшағына тоқталсақ, Киев қаласындағы конструкор Антонов атындағы заводта шыққан, заводтық №167475 сағатына 100-280 шақырым ұша алады. Қазақстан Авиация Басқармасы сатып алған соң тіркелген №43847. Хрущев кезінде жүгері алқабындағы зиянды жәндіктерді жою үшін дәрі-дәрмекті осы Ан-2 мен сепкендіктен халық бұл ұшақты «кукурузник» деп атап кеткен еді. Өткен жылдың қарашасына бұл апатқа да 55 жыл болыпты ғой.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,  журналист-дайджест

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: