Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ басшысы “Анаға тағзым” орталығында аруларды құттықтады

07.03.2025, 19:11 232

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Анаға тағзым» орталығында жылдағы дәстүр бойынша аналар мен қыз-келіншектерді көктем мерекесімен құттықтады.

Оған ақ жаулықты әжелер мен көпбалалы аналар, түрлі сала қызметкерлері, аймақ дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер, ғалымдар, спортшылар қатысты.

Салтанатты іс-шара аталған орталық алаңындағы «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталып, «Анаға құрмет» музейінің көрмесін тамашалаумен жалғасты.

Мереке қарсаңында Қызылордада Алматы облыстық музейлер бірлестігінің «Анаға құрмет» музейі қорындағы мұралардан жасақталған «Аналардың аманаты» көшпелі көрмесі ашылған болатын. Көрмеге ұлтымыздың біртуар азаматтары Асанәлі Әшімовтің, Дүкенбай Досжанның, Шөмішбай Сариевтің, Бердібек Сапарбаевтың, Жақсылық Үшкемпіровтің аналарының, Сәлима Жұмабекова, Кәмшат Дөненбаева, Әмина Өмірзақова, Сәуле Айтбаева сынды қазақ қыздарының портреттері қойылған. Аналар аманатын арқалаған музей қайраткер тұлғаларды өмірге әкелген аналардың ұлағатын ұлықтап, көпшілікке ұсынды.

Басқосуда аймақ басшысы Сыр өңіріндегі әйелдердің білім, кәсіпкерлік бастамашылдығына, әсіресе, көпбалалы аналарға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.


«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бүгінер азаматтармен иық тіресе қатар жүріп, адал еңбектің үлгісін көрсеткен еңбек адамдары да ортамызда.Қоғамның барлық саласында еңбек етіп, отбасының берекесі мен ұлттың ұйысуына атсалысқан нәзік жандарға, аяулы аналарға шынайы алғысымызды білдірсек деген ниетпен жиналдық.

Ұланғайыр даламыздың тарихында өздерін кемел көшбасшы, ақылды ел билеуші, көрнекті қайраткер, ұлт жанашыры, ұрпақ тәрбиешісі, еңбек адамы ретінде танытқан қыздарымыз аз емес.
Мемлекеттің жүйелі қолдау көрсетуінің арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл сайын арта түсуде.Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызын, медицина қызметкерлерінің 88 пайызын, педагогтердің 78 пайызын, ал жалпы бюджеттік саланың 62 пайызын қыз-келіншектер құрайды. Соңғы 3 жылда аймағымызда дүниеге келген57 913 баланың 27 741-і немесе 48 пайызы қыз бала. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алушылар саны 19 пайызға артқан. Статистикаға көз салсақ, облысымызда 160 мыңнан астам отбасы бар. Оның 48 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар, 17 мыңға жуық әйел – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері.Бұл – біздің өңірімізде алтын құрсақты аналарымыздың саны артып келе жатқандығының көрінісі.
Бүгін сіздер арқылы Сыр елінің барша аруларын әсем мерекемен құттықтап, ыстық ықыласым мен ілтипатымды жеткіземін! Көктемнің қырмызы гүліндей құлпырып, әсемдік пен әдеміліктің иесі болып, бақытты да баянды ғұмыр кешіңіздер!», – деді Н.Нәлібаев.

Кездесуде облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова аймақта қолға алынған, іске асқан жаңашылдықтарға алғысын жеткізді. Арал индустриалды-техникалық колледжінің оқытушысы Әсия Келжанова, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, «Cемізбай-U» ЖШС «Иіркөл» филиалының есепке алу операторы Ақерке Қабылова кәсіптік білімді, азаматтық қоғамды, өндірісті, кәсіпкерлікті дамыту бастамаларына, көрсетілген қолдауға ризашылық білдірді. Жыршы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен жырдан шашу шашып, басқосуға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Айта кетейік, өңірдің әлеуметтік саласында, ана мен бала, отбасын қолдау бағытында біршама жұмыс атқарылуда.Өткен жылы тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 2 500-ден астам жаңа пәтер табысталды.Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді. Былтыр 69 жаңа ғимарат салынып, қазір ел игілігіне қызмет етуде.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: