Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қазақ музыкасының үш алыбына арналған концерт өтті

30.10.2026, 22:45 38

Қызылордадағы Өнер орталығында композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына және опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған «Ғасыр үні» атты мерейтойлық концерт өтті, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қазақ кәсіби музыкасының қалыптасуына зор үлес қосқан үш өнер қайраткерінің мерейтойына арналған кеште классикалық шығармалар орындалып, көрермен назарына ұлттық музыка өнерінің бай мұрасы ұсынылды.

Ахмет Жұбанов қазақ музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеп, халық әндері мен күйлерін жинақтауға, кәсіби музыкалық білім мен орындаушылық өнерді дамытуға елеулі еңбек сіңірді. Ал Латиф Хамиди ұлттық әуендерді опера және симфониялық музыкамен ұштастырып, қазақ композиторлық мектебінің қалыптасуына үлес қосты. Оның Ахмет Жұбановпен бірлесіп жазған «Абай» операсы мен «Қазақ вальсі» шығармасы қазақ музыкасының алтын қорына енген.

Мерейтойлық кеште сондай-ақ қазақ опера өнерін халықаралық деңгейде танытқан Ермек Серкебаевтың шығармашылық мұрасы дәріптелді. Ғасырлық мерейтойы аталып өтіп жатқан әйгілі әнші өзінің ерекше дауысымен және сахналық шеберлігімен ұлттық вокалдық өнер тарихында өшпес із қалдырған.

Концерттің шымылдығын облыстық симфония оркестрі ашты. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе мен дирижер Рустам Рысмағанбетов жетекшілік еткен кеште белгілі өнерпаздар сахнаға шықты.

Атап айтқанда, «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсеитова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сымбат Тасбергенова, сондай-ақ Ақылбек Табынбаев, Жалын Жүсіпов, Ринат Үсенов, Аружан Төреғали, Біржан Серік, Жаннұр Аманбай, Гүлназ Нағашыбай және Мирас Жантөре өнер көрсетті. Скрипкашылар Әсел Сейтжанова мен жас орындаушы Даниил Музыкант та концерт бағдарламасына қатысты.

Камералық хор, «Сыр самалы» вокалды-аспаптық ансамблі, «Томирис» би ансамблі және концертмейстерлер Ирина Хегай мен Айнаш Рысдәулетова кештің көркемдік мазмұнын толықтырды. Мерейтойлық концерттің режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, мәдениет саласының үздігі Азиза Іздіқұлова.

«Ғасыр үні» концерті үш өнер қайраткерінің шығармашылық мұрасын бүгінгі көрерменге таныстырып, қазақ классикалық музыкасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сабақтастығын көрсетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: