Қазақстанда әйелдердің ана атану жасы біртіндеп ұлғайып келеді. 2025 жылы 40 жастан асқан әйелдер 16,3 мың баланы дүниеге әкелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға көп.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі әйелдердің орташа босану жасы 2021 жылғы 29,4 жастан 2025 жылы 29,9 жасқа дейін өскен. Қалаларда бұл көрсеткіш бірнеше жылдан бері 30 жастан жоғары.
40 жастан асқан аналардан туған балалардың барлық нәрестелер арасындағы үлесі де артқан. 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,6 пайыз болса, өткен жылы 4,9 пайызға жеткен. 50 жастан асқан әйелдер 148 сәби дүниеге әкелген.
Бұл жаста ана атанған әйелдердің басым бөлігі алғашқы баласын емес, үшінші, төртінші немесе бесінші сәбиін дүниеге әкеледі. 2025 жылы 40 жастан асқан әйелдерден туған алғашқы емес балалардың саны 14,4 мың болған. Ал жыл сайын осы жастағы әйелдер шамамен 1,3–1,5 мың алғашқы сәбиін өмірге әкеледі.
Өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық бар. 40 жастан асқан әйелдер арасындағы туу көрсеткіші ең жоғары Қызылорда облысында тіркелген. Мұнда әр мың әйелге шаққанда көрсеткіш 32,9 болған. Одан кейін Маңғыстау облысы тұр — 31,6.
Ал ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында байқалған — 10,7. Қостанай облысында 12,2, Ақмола облысында 16,1 болған.
Статистика некеге тұру жасындағы өзгерісті де көрсетеді. 2025 жылы 40 жастан асқан 4,9 мың әйел алғаш рет тұрмысқа шыққан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға көп. Ал осы жаста қайтадан отбасын құрған әйелдердің саны 6,6 мыңнан 7,5 мыңға дейін өскен.
Мамандар бұл өзгерісті адамдардың отбасын құру мен бала сүюді бұрынғыдан кейінгі жасқа ығыстырып келе жатқанымен байланыстырады. Қазақстандағы демографиялық көріністе қазір кеш некеге тұру мен кеш ана атану бұрынғыдан жиірек кездесіп отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!