Арал ауданында бүгінгі «Сартай батыр – ел қорғаны» атты мерейтой аясында «Ерлік дастаны – жыр додасында» атты аймақтық жыршылар фестивалі ұйымдастырылды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Аудандық мәдениет үйінде өткен рухани іс-шараға Қызылорда облысы мен көршілес өңірлерден келген жыршы-жыраулар қатысып, Сартай батыр Байжанұлының ерлік жолын жырмен өрнектеді.
Ұлттық өнерді ұлықтап, батыр бабаның есімін ұрпақ жадында жаңғыртуды мақсат еткен фестивальге Қызылорда қаласынан Шолпан Бейімбетова, Арал ауданынан Айбек Тәңірбергенов пен Абылайхан Бектасов, Қармақшы ауданынан Руслан Өтегенов, Ақтөбе облысынан Демеубай Жолымбетов, Шиелі ауданынан Мұхамедәлі Бекпейісов, Астана қаласынан Күнсұлу Түрікпенова, Қазалы ауданынан Тұрар Айдос, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Жыраулар үйінің жыршысы Әділхан Қуаңбаев қатысты. Фестивальдің жыр тізгінін белгілі жыршы Марат Сүгірбаев ұстады.
Ісшара барысында он өнерпаз кезекпен «Сартай батыр» дастанынан үзінділер орындап, өздеріне тән мақамымен, орындаушылық шеберлігімен көрермен ықыласына бөленді. Өнерпаздардың орындауындағы әрбір жырда туған жерге деген сүйіспеншілік, ел қорғаған ерлерге құрмет және ұрпақтар сабақтастығының мәні көрініс тапты.
Фестивальдің мазмұнын байыта түскен ерекше сәттердің бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Арал ауданының Құрметті азаматы Елмұра Жаңабергенованың өнер көрсетуі болды. «Парасат» орденінің иегері атанған өнер иесі тағылымды термесін орындап, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Сондай-ақ оның мемлекеттік наградамен марапатталуына орай құрмет көрсетілді.
Жыр додасының қорытынды бөлімінде Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев фестивальге қатысушылар мен қонақтарға ізгі лебізін білдіріп, ұлттық өнерді дәріптеу мен тарихи мұраны ұлықтаудың маңызын атап өтті. Салтанатты рәсімде фестивальге қатысқан жыршыларға құрмет көрсетіліп, аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
«Ерлік дастаны – жыр додасында» фестивалі Сартай батырдың тарихи тұлғасын ұлықтап қана қоймай, қазақтың бай жыраулық дәстүрін дәріптеуге, ұлттық рухани мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымды басқосу болды.
Батыр бабаның ерлік жолын жырға қосқан өнерпаздар елдік пен ерліктің өнегесін ұрпақ санасына сіңіріп, жыр өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте танытты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!