Арал ауданындағы Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына арналған бүгінгі іс-шаралар легі республикалық ғылыми-танымдық конференцияға ұласты, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды басқосу қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар даңқты қолбасшы, ел мен жердің азаттығы жолында ерлік көрсеткен Сартай батыр Байжанұлының ерлік жолы мен тұлғалық болмысын аша түсті. Мәртебелі меймандар алдымен батыр болмысын аша түсіп, өмірінен құнды мәліметтер беретін арнайы көрме жұмыстарымен танысып, академик, ғалымдардың туындыларын көрді.
«Өткенін білмеген – өркенін танымас». Тарихи сананы жаңғыртып, ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмір жолын ұрпаққа таныту мақсатында ұйымдастырылған ғылыми жиынға еліміздің белгілі тарихшы ғалымдары, әдебиеттанушылар, фольклортанушылар, зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері мен арнайы шақырылған делегаттар қатысты.
Конференцияға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етті. Жиынның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов құттықтау сөз сөйлеп, тарихи тұлғаларды ұлықтау мен ұлттық мұраны дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Ғылыми басқосуға тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Зиябек Қабылдинов пен Берекет Кәрібаев, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Шәріп, филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіпов, тарих ғылымдарының кандидаты, Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының бас ғылыми қызметкері Жәнібек Исмурзин қатысты.

Сонымен қатар Ақтөбе, Ұлытау облыстарының Шалқар, Ырғыз аудандарынан және көршілес Қазалы ауданынан келген делегаттар да тағылымды жиынның қадірлі қонақтары болды.
Конференция барысында Сартай батырдың өмір жолы мен тарихи тұлғасы, XVIII ғасырдағы қазақ тарихындағы орны, эпикалық дәстүрдегі батыр бейнесі, тарихи жырлардың сақталуы мен зерттелуі, ел жадындағы рухани мұрасы кеңінен сөз болды.
Атап айтқанда, ғалымдар Сартай батырдың қазақ тарихындағы орнын ғылыми тұрғыдан саралап, тарихи деректер мен ауыз әдебиеті мұраларының сабақтастығына қатысты тұшымды ой-пікірлерін ортаға салды. Әрбір баяндама батырдың тұлғасын жаңа қырынан тануға, тарихи мұраны тереңірек зерделеуге бағытталды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Зиябек Қабылдинов бастаған көрнекті ғалымдардың қатысуы конференцияның ғылыми маңызын арттыра түсті. Ал тарих пен әдебиеттің, ғылыми зерттеу мен халық жадындағы рухани мұраның тоғысуы Сартай батыр тұлғасын жан-жақты тануға кең жол ашты.
Тарих – ұлттың жады, батырлар – елдіктің мәңгілік символы.
Сартай батырдың ерлік жолы елін сүюдің, туған жерін қорғаудың, бірлік пен намысты бәрінен биік қоюдың жарқын үлгісі. Оның есімін ұлықтау өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпаққа аманат.
Осындай тағылымды ғылыми жиындар арқылы халқымыздың тарихи жады жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыздың қадірі арта түседі. Батыр бабаларымыздың ерлігі ұрпақ санасында жаңғырып, елдік рухымызды асқақтата берсін!
Сартай батырдың даңқы асқақ, рухы биік, ерлік мұрасы мәңгілік болсын!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!