Сыр елінде аты алты Алашқа танымал Сағат Жүсіп ағамызды білмейтін жан жоқ. Бүкіл өмірін күреске, азаттық жолына, жазуға арнаған Сәкең 10 маусымда 80 жасқа толады.
«Жігітке жеті өнер де аз» деген ұлттанбыз ғой. Сол қағида Сағат ағамызбен бірге жасасып келе жатқандай. Ол кісі 20-дан астам кітаптың авторы болса, аударманы да жақсы меңгерген жан. Оның қаламынан туындаған дүниелермен өз оқырмандары қашаннан таныс. Жазушы, жорналшы, өлкетанушы, саясаткер, тарихшы, дойбы спортының шебері, бірнеше дүркін республикалық жарыстың чемпионы атанған абзал ағамызды мерейлі күнімен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, отбасына аманшылық, өзіне шығармашылық табыс тілейміз!
Төменде Сағат Жүсіп ағамыздың ой толғанысынан туындаған бір үзік сырды жариялауды жөн көрдік.
Ел қонбаса жер жетім,
Құс қонбаса көл жетім.
Толқыны жоқ жар жетім,
Кемпірі жоқ шал жетім.
Білмеймін, терезеге қарап телміріп тұрған менің ойыма осы бір шумақ өлең жолы осылай оралды. Кім айтты, кімдікі? Әлде менің жүрек пернемнің түкпірінде жатқан өз жанымның жаралы үні ме, сол шумақпен үндесіп жатқан. Білмедім.
30 қараша – мен үшін есімде мәңгі қалған күн. Марқұм Анаркүл екеуміздің отау тігіп, бас қосқанымызға 50 жыл. Бұл – бір ердің жасы, бір елдің жарты ғасыры. «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз осындайдан қалған шығар, бәлкім. Жарты ғасыр отасқан жарымның жамандығын көргенім жоқ. Орнымен өмір сүрдік деп ойлаймын. Міне, оның да өмірден озғанына үш жылдың жүзі болады. Мен үшін осы үш жыл бақандай отыз жылға пара-пар болып тұр. Бәрі де, барлығы да бар, ол жоқ. Бәрі де, барлығы жетсе де, ол жетпейді маған. Оның күлім қаққан келбеті, жарқын бейнесі, жылылығы, жанымның жапырағын сілкілеумен жүр. Жарымның жоқтығы, жанымның жоқтығы көңілімді құлазытып, жайма-шуақ күннің өзінде өн бойымды жауратып жібереді. Жүрегімді езіп жібереді. Ол туралы тоқтамай көп жазғым келеді. Ол туралы тоқтамай көп айтқым келеді. Бірақ ойымды тарыдай төгіп ала беремін. Жинаған сөзім моншақтай үзіліп шашылып кетеді. Жіпке қайта тізем, қайта шашып алам. Анаркүлімнің ешбір жанға ұқсамас бейнесін сомдауға сөз күмбезім жетпей, қолға ұстаған қаламым сөйтіп кібіртіктеп қала береді, көбіне. Бұл өзіме деген өлшеусіз ыстық жанның бар болмысын қалай суреттеу керектігіне жол таппай жатқан сірә, жан дүниемнің қиналысы болар. Жаны жайсаң қымбатты адамыма тереңнен іздер маржан сөз теңеулерімді әлі де елеп-екшеп жатқаным болар. Жә, уақытша жарым туралы жазылар дүние менің жүрегімнің домна пешінде пісіп жетіле берсін, өмір берсе жазылар…
Ал әзірше, тар заманда тағдыры тоқсан тарау болған қазақ ұлтының қарапайым өміріне арқау болар, Анаркүлдің әкесі Сармағамбет әулеті туралы енемнен естіген қарапайым бірер әңгімені таратып, ойыма арқау етейін. Бәлкім, артта қалып бара жатқан өскелең ұрпағына қажет болар. Анаркүлдің анасы Төлебике марқұм өте тазайын, ақ сүйек тұқымнан еді. Баласының дені қыз болғандықтан өмірінің соңғы жылдарында кейуана Анаркүл екеуміздің қолымызда болды. Өз ыдысы, өз көрпе-төсегіне ешқандай шаң жуытпайтын, тосаппен шай ішуді ұнататын. Асқа да талғампаз, таңдап ішеді. Қыздарды онша жақтыра бермейді, ұл көрсе еміреніп тұратын. Сол кісінің аузынан Анаркүлдің әкесі, менің қайын атам Сармағамбет туралы естігендерім ғой қағазға түсіріп қоймақ болып жатқаным.
Әлқисса…
Жиырмасыншы ғасыр, не ХІХ ғасырдың аяғы шығар, Арал аймағында көшіп-қонып жүрген алты ата Әлім тайпасының Жақайым руы, соның Көлімбетінен Дандайы тарайды. Сол әулеттегі Байқонақ деген кедей отбасында сол менің болашақ қайын атам Сармағамбет келіпті дүниеге. Артынан бірнеше іні-қарындасы болыпты. Ол есейіп, алғыр жігіт боп өсіпті. Балалардың үлкені болғасын бар тұрмыс тауқыметі соның мойнында болды. Сондықтан Сармағамбет ауқатты адамдары, бай кісілерді жағалап, жалшылыққа жалданады.
Сол кездегі ірі бай, сол аймақта түкірігі жерге түспей тұрған Досжан деген кісі бар еді. Өзінің пысықтығымен, алғырлығымен сол кездегі жігіт атамыз соның көзіне ерекше түсіпті. Қанша малшысы болса да, Сармағамбеттің адами жаратылысы мен мінезі, шаруаға тындырымдылығы оны тәнті етіпті. Өзіне деген сенімін ұялатыпты. Досжан байдың далада малы көп, төрт түлігінің саны жоқ болса да ғұмыр бойы бір ер балаға зар боп жүрген кезі екен. Жалғыз қызы, әңгімеге арқау болып отырған болашақ енем осы Төлебике екен. Сонан соң әжеміздің қайта пұшпағы қанамапты. Бай бола тұра неге тоқал алмағанын ешкім білмейді. Ол өздерімен бірге кеткен сыр шығар? Көркі үріп ауызға салғандай, бейнесі айлы түнгі судан жарқыраған ерке-тотай қызын бай әулеті күндіз күннен көлегейлеп, түнде айдан бүркемелеп, ыстықтан желпіп, желден қымтап үпілеп, үкілеп өсіргені анық. Әрине, малы мыңғырап жатқан Досжан баймен кім құда болғысы келмейді дейсіз. Алайда қос бұрымы тербеліп тобыққа түскен, он жетіге толған Төлебикеге құда түсуге ешкімнің жүрегі дауаламапты. Оның басты себебі, бір жағынан байдың байлығының мысы басса, екінші жақтан ешкімді менсіне қоймайтын талғампаз қыздың жанарынан тайқығандар ол үйдің табалдырығынан аттай алмай, мысы құрып жүрсе керек-ті.
Ол кезде Сармағамбет 27 жаста екен. Үйленуге қол қысқа. Тек бар ынта-жігерімен Досжан байға адал қызмет етіп, оның малы мен жиған-терген қара орман дүниесіне қорған болып жүре берген көрінеді. Қолына ұстаған құрығы да бай әулеті үшін құтты болыпты. Малына мал, дәулетіне дәулет қосылып, ырысы таси беріпті. Көзін ашқалы малдың жайына қанық, қарулы жігіт шыбық тимей шыңқ етіп, аспанға арыстандай атылатын небір жылқыны бас білдіре білген. Оның тақымына ілінген асау бірер уақыттан соң «сен міндің, мен көндім» дегендей ырқына мойын ұсынып жорғалап бара жатады екен. Қашанда сілтеген сойылы діттеген жерді қақшып түседі дейді көргендер.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демекші, сол өңірге Сармағамбет жігіттің сондай ерекше қасиеттері қырдың жылы лебіндей есіп, жан-жаққа тарап жатыпты деседі. «Қыз құлақпен сүйеді». Бұл жылы леп бай қызының да жүрегін бейтарап қалдырмаған сияқты. Елтіпті, еліктіріпті. Көз алдында ер тұлғалы қайратты жігітке о, тоба, ол да ғашық боп қалыпты! Екі жас бәтуаласқанмен алдында ар сотындай ата-ана тұр. Мән-жайды айтып құда түсер жалшы жігітте не қауқар болсын, өзі тақыр кедей, жалшы. Жоқшылық қашанда бетке салық қой.
Ақыры, сөйтіп жүріп, бір күні екеуі уағдаласып бір шешімге келіпті. Сонан Сармағамбет Төлебикені алып қашады. Тәуекелсіз, еш нәрсені таразылап жатпай, сүйіспеншіліктің буына елтіп алабұртқан екі жас иен даламен өркеш-өркеш қарақұмды бетке алып кете барыпты. Жаһан даладан жертөле қазып, екеуі біраз уақыт мекен етті дейді. Аңшылығы бір басына жетер, құм сайда жер мен судың жайын болжай білетін жігіт қосағын қорғап, қорып, қолына түскенін оның аузына тосады. Алғашқы кездері қу мекеннің өзі қос ғашыққа жұмақтай көрінгені де рас. Десе де елге деген сағынышы, ата-анаға деген ынтық ықыласы Төлебикенің де, Сармағамбеттің де жүрегін езгілеп жатқан еді. Сол сағыныш тәуекел деп екеуі бір күні елге тартып кетеді. Ең басты үміті, ең басты сенімі Төлебикенің құрсағында бұлқына тепкілеп жатқан Досжан байдың болашақ жиен немересі еді. Соған тоқтар, сол арқылы екеумізге кешірім берер деген сенімі еді. Солай болды да. Малы сыймай жатқан шалқыған байлығы бастан асып жатса да бір шақалақтың иісіне өмір бақи зар болған Досжан да, кемпірі де осы бәтуаға тоқтады. Оларға кешіріммен қарады. Бай кемпірінің ақылына кеп тоқтады. Бар малын, дүниесін күйеу баласына мұрағаттап, аманат етеді.
Сармағамбет пен Төлебике 1923 жылы дүниеге келген тұла бойы тұңғышы Ерғалиды Досжан байдың қолына ұстатты. Тегін «Досжанов» деп жаздыртты. Байдың сонда көз жасы сақалын жуып, ағыл-тегіл болған қуанышын, кемпірінің тас емшегінің ұшы қалай суланғанын тек бір перзентке зар болған мұңлықтар ғана біледі. Оны ешқандай тілмен жеткізу мүмкін емес.
Кейін 14 құрсақ көтерген Төлебике анамыздың бірталай баласы жас кезінде шетінеп кетіпті дейді. Ерғалидан (Досжанов) басқа алты қыз тірі қалыпты. Олар – Зибагүл, Рыскүл, Несібелі, Тазагүл, Несіп, ең кішісі менің келіншегім, 1947 жылғы Анаркүл…
Сонан не керек, патша тақтан құлап, кеңес үкіметінің қызыл жалауы желбірейді. Сол күннен бастап бүкіл қазаққа, ұлтқа зобалаң туды. Олар бай мен ауқатты кісілердің малын тоз-тоз қылды. Байлардың бар дүниесін ортаға сап, артель құрамыз деген ұран қазақ даласын ақырында қанға бояды. Малға салық, жанға салық, етке салық, шөпке салық, майға салық, жер үй, жайға салық деген заман елдің есін шығарды. Қызылдар қара орманды үйдің қара топырағын шығарды. «Байтал түгілі бас қайғы» қазақ даласына кеңес үкіметі қара аспанды төңкеріп тастады. Досжан бай мен күйеу баласы Сармағамбет те солардың жемтігіне айналды. Бар жиған-тергені қанқұйлы бәлшәбектердің, қитұрқы белсенділердің тақымынан сақтай алмады. Бұл 1927 жылғы кәмпеске еді.
Досжан байға да ақыры тықыр таянды. Бар малы, жиған-тергені ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Сөйтіп, «мал ашуы – жан ашуы», ол үкіметтің үрейлі үкімін күтіп отырып, құсалықтан өліп кетті. Өлгенде күйік екеуінің де ішіне түсті. Соның салдарынан өзі де, кемпірі де бір түнде көз жұмды. Ауыл сол күні сол мезетте екеуін бірге жерлепті. Артында Сармағамбет пен Төлебике болса бес баласымен дымсыз, қу тақырда қала берді. Осы қым-қуыт жылдарымен қабаттасып 1926 жылдары Арал аумағында тұз кені ашылып жатқан-тын. Кейін ол кеңес еліне мәшһүр «Арал-сульфат» комбинаты атанды. Сол жерге үкімет жан-жақтан адам жинап, тұз өнімін шығара бастаған кез еді. Бұл кен орны сол уақытта тек Перовск пен Қазалы уезіндегі жалғыз ғана өндіріс орны болды. Сондықтан бар маман, бар жұмысшы күш осы жерге жұмылдырылды. Бұл шаруаға да Сармағабет атамыз құлшына кірісіп, белсенділік танытыпты. Арал өңіріне абырой беделі бар жан өзіне қарасты ағайын-тумалардың басын қосып, тұз кен орнының жұмысына баулыды. Аштан өліп, көштен қалмау үшін бел буып, білек түріп, жаңа кәсіпті үйрену үшін күндіз-түні еңбек етті. Бір үзім нанның алтыннан қымбат кезінде наубайхана ашып, жергілікті халықтың қарнын тойғызды. Ел ішінде бедел жинап, жоққа қамқор, жұқаға жәрдем етті. Ашыққан ағайын бәрі Сармағамбет атамыздың маңайынан нәпақасын тауып, қоң жинады. Естерін жинап, тіршілігін тікейтті, тұрмысын түзеп, түтінін түтетті. Өнді, өсті, өрбіді.
Міне, қилы-қилы тағдырды, қиямет қиындықты бастан кешіп, болашағы үшін күрескен жансебіл жан Сармағамбет бұрынғы «Сольтресс», қазіргі Жақсықылыш кентінде 40 жыл наубайшы болып еңбек етіпті. Әліпті таяқ деп білмейтін, оқымаған адамның есепке жүйріктігі жұртты тәнті ететін. Наубайхананың есеп-қисабын шотқа қаққанда бас есепшілердің өзін таң қалдыратын кісі болыпты.
Қазір оның есімі ұмыт болған. Тек көне көзден қалған бірен-саран ақсақалдар ғана Сармағамбеттің атын атасаң есіне түсіріп, өткен күннен сыр шертіседі. Естіген, білген, көрген әңгімелерін алға тартады. Бірақ олардың да қатары, өкініштісі сол, жыл санап кеміп барады. Тау аласарады, өзен-су тартылады, құм көшеді. Өткенді жаңартып, ұрпақтың жадына салып отырмаса, ол да келе-келе өшеді. Сондықтан оны айтып, жазып қалдыру әрбір көзі ашық, көкірегі ояу жанның төл парызы, болашақ ұрпаққа деген міндеті деп санаймын.
…50 жыл, жарты ғасыр менің жан ашыр асыл жарымның ардақты әкесі Сармағамбет пен аяулы анасы Төлебике туралы аталарыңнан қалған бір үзік әңгіме төркіні осы…
Сағат ЖҮСІП
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!