Бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Мажит Самитов Жаңақорған кенті, Саяжай мөлтек ауданындағы «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылған жылыжай кешенінің жұмысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
Нысанды аралау барысында аудан басшысы кәсіпкермен пікірлесіп, мемлекеттік бағдарламалардың аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп, нақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Сыр өңірінде жүйелі жүзеге асуда. Сондықтан кәсіп бастаймын, ісін кеңейтемін деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болады, — деді аудан әкімі.
Жылыжай иесі, жеке кәсіпкер Наурыз Айымбетов атқарылған жұмыстарымен және алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұған дейін Н.Айымбетов 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3,9 млн теңге қаржы алып, кәсібін өзінің тұрғын үйінің ауласынан бастаған. Бұл жұмысы нәтижелі болған соң, 2025 жылы аудан әкімдігімен «Саяжай» мөлтек ауданынан оған 1 га жер телімі табысталды, сондай-ақ 2026 жылы жобаны кеңейту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдікпен 9,8 млн теңге несие беріліп, жылыжай жұмысын жаңа деңгейге көтерген.

Қазіргі уақытта жылыжайда қияр, қызанақ және болгар бұрышы өсірілуде. Кәсіпкер өндірілген өнімге сұраныстың жоғары екенін айтып, алдағы уақытта жұмыс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!