Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сатираға сертін бұзбаған сақшы

18.05.2026, 17:15 63

Редакцияға түрлі адам келеді ғой. Бірі басылымға жарнама беру үшін, бір қызмет бабымен дегендей. Қазыбек Әшірбекұлы бізге көбіне қолжазбасымен келетін. Аймақта әжептәуір сатираның салмағын ұғатын жанның бірі ол. Кейде мәтінін алдын ала поштаға жолдап қойып, кейін қағаз нұсқасын да ала кіретін. Кейде жаңа жазған шағын сықағын ұсынатын. Есікке бас сұққан соң, «бас редактор өзінде ме» деп төргі бөлмеге өтетін. Амандық сұрап, аз-кем әңгімеден соң қолындағы қағазын үстелге қойып, «мынаны бір көріп қойыңдар» дейтін. Сол дағдысы редакцияның күнделікті тіршілігінде өз орны бар көрініске айналған еді. Жақында ғана суыт хабар алдық. Қазыбек Әшірбекұлы 80 жасқа толар шағында өмірден озды. Сыр өңірінің баспасөзіне аты таныс, сатираға қалам тартқан, құқық қорғау саласында еңбек еткен, кейінгі жылдары да газет-журналдармен байланысын үзбеген азаматтың есімі аймақтық басылымдардың бетінде әр кезеңде әр қырынан жазылды. Бір материалда ол «сақшыдан шыққан сатирик» ретінде аталса, енді бір естелікте редакцияға желге де, жауынға да қарамай келетін ұқыпты автор ретінде сипатталды. Өзін бір ауыз мақтағанды ұнатпайтын қалам иесінің өмір жолы туралы көп дүние айту қиын. Десе де, сатирик туралы баспасөз беттеріне шыққан жазбалар бойынша, аз-кем өмір арнасына үңіліп, жүріп өткен жолына шолу жасап көрейік.

Қазыбек Әшірбекұлының өмірбаяны соғыстан кейінгі ауыл тіршілігімен сабақтасып жатыр. Ашық деректерде ол құжат бойынша 1946 жылы 20 қыркүйекте Қызылорда қаласына қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келгені айтылады. Ал өз сұхбаттарының бірінде туған жылының құжатта 1946 болып түскенін, шын мәнінде 1945 жылы туғанын, мектепке барар кезде құжат алу барысында жасы бір жылға кешіктіріліп жазылғанын баяндаған. Сол сұхбатта балалық шағы Тереңөзек ауданы, Жаңарық колхозымен байланыстырылып, ата-анасының қарапайым шаруа адамы болғаны, соғыстан кейінгі жоқшылықтың бала күнгі тұрмысқа әсер еткені айтылады. 

Ол ауыл мектебінде оқыды. Кейін Қызылорда қаласындағы №26 құрылыс мектебінде білім алып, ағаш ұстасы мамандығын меңгерді. 1965-1968 жылдары Түркіменстанның Мары қаласында әскери борышын өтеді. Әскерден соң Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының шаруашылық бөліміне жүргізуші-қызметкер болып қабылданып, кейін мемлекеттік автомобиль инспекциясы бөлімінде жол бақылау инспекторы, анықтаушы, аға анықтаушы, дивизион командирінің саяси іс жөніндегі орынбасары, кадр бөлімінің инспекторы және аға инспекторы қызметтерін атқарды. 1991 жылы ішкі қызмет майоры шенімен зейнетке шықты. 

Ішкі істер саласындағы қызметі туралы сұхбаттарда бір оқиға жиі айтылады. Қала орталығындағы кітап дүкені маңында пышақ жарақатын алған адамды көріп, қылмыскердің соңына түскені, кейін оның сол күні бірнеше дүкенге шабуыл жасағаны анықталғаны баяндалады. Бұл оқиға жайлы кезінде «Путь Ленина» газетінде «Смело и решительно» деген шағын мақала жарияланғанын Қазыбек Әшірбекұлы өзі де еске алған. Сол қызмет жылдары туралы жазған Хұсайын Қоразбаев оны формадағы тәртіп адамы ретінде ғана емес, БАҚ-пен байланысын үзбеген, жазған дүниесін басылымға ұсынып жүрген азамат ретінде суреттейді. Қазыбек Әшірбекұлының қаламға жақындығы бала күннен басталған.Айтуынша, мектеп қабырғасында жүргенде «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Ара» секілді журналдарға мақала жолдап, редакциядан келген «жиі жазып тұр» деген жауап хаттарынан шабыт алған. 1975-1980 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітіргені де сұхбатта айтылады. Әдебиетке, өлеңге, сықаққа жақындығы кейін қызметтен қол үзбей жүріп жазуға ұласқан. 

1987 жылы облыстық «Ленин жолы», қазіргі «Сыр бойы» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. 1991 жылдан кейін газет-журналдармен байланысы күшейіп, республикалық және аймақтық басылымдарда сықақ өлеңдері, әзіл әңгімелері, шағын сын туындылары жарияланды. «Халық», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Сыр бойы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде, «Ара», «Әлімсақ» журналдарында шығармалары үздіксіз жарық көріп, баспадан шыққан басылымды алып кетуге өзі жиі келіп тұрушы еді.

Қазыбек Әшірбекұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болды. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақшыларының «Найзагер» қауымдастығына қабылданған. Бұл туралы әр жылдары жарияланған материалдарда белгілі ғалым, қазақ сатирасын зерттеуші Темірбек Қожакеевтің есімі де аталады. Қаламгер «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауының белсенді авторларының бірі ретінде жазылып, Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдені екі мәрте иеленгенін көрдік. 

Оның кітаптары да сатиралық жолдағы еңбегінің бір бөлігі ретінде аталады. Ашық деректерде «Күлкі керуен», «Жебе», «Белорақ», «Ұрт пен мұрт» жинақтары көрсетілген. «Ұрт пен мұрт» кітабы «Сырдария кітапханасы» 200 томдығы аясында жарық көргені сұхбатта айтылады. Өз сөзінде ол сатираны жеңіл жанр санамайтынын, фельетон мен памфлеттің сирегенін, әзілді көбіне өлең түрінде, кейде проза түрінде жазатынын айтқан.  Сатираға қатысты ұстанымын ол қысқа ғана түсіндірген. «Сатирикке өтірік те, өсек те дұшпан» деген сөзі 2019 жылғы сұхбатында берілген. Сол әңгімеде ол сатирикке талғам, білім, шыдамдылық, қоғамның осал тұсын көре алатын байқампаздық керек екенін айтады. Қоғамдық көлікте келе жатып ойға оралған тіркесті үйге жеткенше қайталап жүретінін, түнде қағаз, қалам, қолшамды жанынан тастамайтынын да айтып еді. 

1994 жылы өңірде алғашқы тәуелсіз басылым ретінде жарық көрген «Ақмешіт апталығы» газетінде «Қуақы» әзіл-оспақ беті тұрақты шығып тұрған. Қазыбек Әшірбекұлы сол бетке белсене атсалысып, кейін әзіл-сықақ бөлімін жүргізген. Бұл кезең туралы өзі де «газеттің сегізінші беті «Қуақы» оқырманға әзіл-оспақ, сын-сықақ ұсынып отырды» деген мазмұнда еске алған.  «Ақмешіт апталығының» бас редакторы Гүлмира Мағлұмқызы баспаға жазған жазбасында Қазыбек ағаның редакцияға келу мәнерін былай суреттеген. «Кейде дауылды күні, кейде аптап ыстықта келіп, «қоғамның назарын аударған өзгерістерге үн қосқанды жөн көрдім» деп қолжазбасын үстелге қоятынын, «поштаңа да жіберіп қойдым, мынау қолжазба» деп тиянақтап кетеді» дейді. Осыдан-ақ сатириктің газетке деген ықылас, мәтінге деген жауапкершілік, редакцияға деген сенімін сезу қиын емес. Сол мақалада оның сатиралық шығармаларының тақырыптық өрісі де аталады. «Озбырлардың өлеңі», «Қос қылықтылар», «Танып ал», «Кімге не қымбат?», «Арақтың әлегі», «Қылықты сылқымның хикаясы», «Сұраудың түрлері», «Кекірейіп, кейін кішірейеді» секілді туындылары арқылы өзімшілдік, тоғышарлық, тойымсыздық, көрсеқызарлық, алаяқтық, жемқорлық, парақорлық секілді құбылыстарды сөз еткені көрсетіледі. «Ұрт пен мұрт» жинағындағы «Адам мен ақша», «Нарық пен халық», «ХХ ғасырдың ХХІ ғасырға өтініш тілегі», «Біреу талтаңдап, біреу жалтаңдап» шығармалары да әлеуметтік, саяси тақырыптармен байланыстырылған. 

Ардагер тілші Кенжалы Ерімбет «Сатириктің сара жолы» атты мақаласында Қазыбек Әшірбекұлының сатирасының баспасөзбен, қоғамдағы нақты көріністермен қабысып жатқанын бірнеше мысалмен келтіреді. «Топторг» туралы, нан арасынан шыққан болтқа байланысты «Бұрандалы бөлке нан көрдің бе?» деген сықағы туралы деректер айтылады. Автор сол кездері газетте жарияланған сын материалдарға мекемелердің жауап беріп, кейде нақты шаралар қабылданатынын еске салады. Осыдан кеп, Қазыбек Әшірбекұлының сықақтары тек жымиыс жасатпай, мәселені шешуге ықпалын тигізетінін де байқатады. 

Әділжан Үмбет «Сатира сардары» атты мақаласында Қазыбек Әшірбекұлын сабырлы мінезімен, сыпайы қалпымен есте қалған қаламгер ретінде жазады. Сол мақалада автор оның 75 жасқа толуына орай шығармашылық жолына шолу жасап, ұзақ жыл құқық қорғау саласында еңбек етсе де қаламын тастамағаны, 1991 жылы зейнетке шыққаннан кейін баспасөзбен байланысы күшейгені, «Найзагер» қауымдастығына қабылданғаны айтылған.  2021 жылы «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде Қазыбек Әшірбекұлының 75 жасына арналған рухани кездесу өтті. Сол жиында облыс әкімінің Алғыс хаты тапсырылып, қаламгерлер оның шығармашылық жолына қатысты естеліктер айтқан. Материалда ол ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері, Қызылорда облысы Полиция департаментінің ардагері ретінде көрсетілген. Ішкі істер саласындағы 20 жылдан астам қызметі, республикалық және облыстық басылымдардағы жарияланымдары, кітаптары аталған. 

Қазыбек Әшірбекұлының шығармашылық болмысында қысқа сықақ, өлең, қағытпа, мәні өзгерген мәтел, жұмбақ, арнау, нәзік лирика қатар жүргені туралы да жазылған. «Ақмешіт апталығындағы» естелікте оның Нартай Бекежановтың белгілі бір шумағына қайымдастырып, «Өздерің білер Қазыбекпін» деп басталатын жолдар айтқаны келтіріледі. Сол жолдар кейін мақала тақырыбына айналып, сексеннің сеңгіріне жақындаған қаламгердің өзіне қарата айтқан сөзіндей берілген.  Ол өзі шыққан саладан да қол үзген жоқ. Полиция департаменті ардагерлерімен байланысын сақтап, қоғамдық шараларға қатысып, әр кезеңде жас қызметкерлерге, әріптестерге, оқырманға ой қосып жүрді. Сұхбатында облыстық Полиция департаментінде үш мыңға жуық сала ардагері бар екенін, ардагерлер кеңесі үздіксіз жұмыс істейтінін, қажет кезде ақылдасып, кеңесіп тұратын кездер болатынын айтқан. 

Отбасы туралы сұхбатында жары екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелегенін айтады. Үлкен ұлы Арғынның өрт сөндіру саласында қызмет еткені, 1997 жылғы 26 наурызда үлкен база өртенген кезде көмекке барып, әріптесімен бірге қаза тапқаны да сол әңгімеде берілген. Баласының атына Әл-Фараби даңғылы тұсынан көше берілгенін айтқан.

Қазыбек Әшірбекұлы кейінгі сұхбаттарының бірінде қолға қалам алуды сиреткенін, жас ұлғайған сайын оның да әсері болатынын айтқан. Бірақ «Егемен Қазақстан», «Халық» газетімен шығармашылық байланысы үзілмегенін де сол әңгімеде жеткізген. Бұл туралы «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы сыр шертті.

— «Жақсыда жаттық жоқ» деген. Бұл мақалдың тура мағынасына келсек, жақсы адам өзгені жатсынбайды, бөтенсімейді дегенді білдіреді. Ал, астарлы мағынасы – адамгершілігі мол, кең пейілді, тәрбиелі кісі ұлтқа, руға, туысқа бөліп қарамайды, ол кісілік танытып, кез келген адамға жылы қабақ, әділ көзқарас білдіреді. Мұндай адамның қасында өзіңді бөгде сезінбейсің, өйткені оның мінезі жақын тартып тұрады.

Сондай жанның бірі марқұм Қазыбек аға Әшірбекұлы еді. Ақпарат саласында жүрген 30 жылдан бері Қазекеңмен етене араластық. Бізді жатсынбады, бөтенсімеді, бауырындай жақын тартты. Өзі ішкі істер саласының ардагері болса да, бізді баспасөз саласында жазу-сызу байланыстырып келді. Полиция қызметінің қатал тәртібінен өткен ағамыз өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, қаламына да адалдықпен қарады. Әсіресе, сатира жанрында жазған түрлі шығармасы ондыққа дөп тиіп, қоғамның қотырын қасыды. Біреуге жақпады, енді біреуі Қазекеңді құрмет тұтты. Соның ішінде халықтықтар да Қазыбек ағаны арқа тұтып, редакцияда асыға күтетін едік. Соның ішінде «Халық» газетінің «Ойпырмай» әзіл-сықақ бетіне арнап әкелетін туындыларын шып-шырғасын шығармай, оқырманға жеткізіп тұрдық.

Редакцияға газет қызметкерлерінен бұрын ерте келіп, есік алдында күтіп тұратын Қазекең бәрімізді ұялтатын. Уақыттың бағасын, жауапкершіліктің жүгін білетін. Ойын білдіріп, ағалық ақылын айтатын. Соңғы уақытта дерттің дендеп жүргенін жеткізіп, «сатирамен қанша қалам сілтесем де, қоғамдағы жемқорлық, аярлық, келеңсіздіктерді жеңе алмадым» деп еді.

Енді міне, сондай қоғамға жанашыр, қаламына адал, талапшыл ағамызды бақиға аттанды дегенде, сене алмадық. Алла панасына алсын, бақұл бол, аға! — дейді «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы.

Сатириктің редакцияға қолжазбасымен келіп, амандық сұрасып, жаңа жазған дүниесін ұсынып кететін қалпы әріптестер есінде қалды. Оның басылым беттерінде жарық көрген мақалалары, сатиралық шығармалары, сұхбаттары мен әр жылдары жарияланған естелік жазбалары артында қалған рухани мұрасының бір бөлігі ретінде сақталады. Құқық қорғау саласындағы қызметі, баспасөзбен үзілмеген байланысы, сатира жанрындағы еңбектері жайлы деректер енді газет архиві мен қаламдастарының жазбаларында қатталып тұр.

Редакция ұжымы Қазыбек Әшірбекұлының отбасына, туған-туыстарына және қаламдас әріптестеріне қайғырып көңіл айтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын. Жақындарына Алла сабыр берсін.

Ердәулет ҚАЛИЕВ,

Halyqline.kz ақпарат агенттігінің редакторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: