Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сұйытылған газ бағасын тұрақтандыру мәселелері қаралды

18.05.2026, 17:55 56

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен сұйытылған газ мәселелері талқыланған мәжіліс өтті, деп жазады баспасөз қызметі.

Оған облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары және салаға жауаптылар қатысты.

Жиында Мұрат Нәлқожаұлы сұйытылған газдың шекті бағасын өсірмеуді, аймақтағы ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Өздеріңіз білетіндей, газ – Үкіметтің ерекше назарында тұрған өте күрделі және өзекті саланың бірі. Сондықтан сұйытылған газды тұрғындарға тиімді бағамен ұсыну – біздің басты міндетіміз.

Облыс аумағындағы 144 автогаз құю станциясы, 6 газ сақтау қоймасы арқылы 15 оператор сұйытылған газды сатумен айналысады. Осы жылдың 23 сәуірінде «Қызылорда Газ» мекемесі алғашқы болып газ бағасын көтерген. Содан соң өзге операторлар да біртіндеп қоса бастады.

Облыс әкімдігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде операторлар бағаны бірте-бірте бұрынғы деңгейге түсіруде. Дегенмен, «Қызылорда газ», «Авто Газ Стэйшн», «Каз Авто Газ Сервис» операторлары 5 теңгеге қымбаттатып, тұрғындарға ұсынуда.

Осыған байланысты жауапты сала басшыларына газ бағасын бұрынғы деңгейге шұғыл қайтаруды, халыққа шектеусіз сатуды, басқа өңірлерге рұқсатсыз тасымалдауға жол бермеуді қатаң тапсырамын! Басқа көздерден болса да коммерциялық газды облысқа жедел жеткізіп, әлеуметтік бағамен сатыңыздар.

Барлық тапсырма сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қала және аудан әкімдіктеріне операторлардың газ қорына тұрақты мониторинг жүргізуді, тапшылыққа жол бермеу үшін газ бағасын зерделеуді міндеттеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: