Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан экономикасында өсім бар

14.06.2023, 11:10 222

HALYQLINE.KZ ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың қаңтар-мамыр айларындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде республика экономикасы 4,5%-ға өскенін баяндады. Атап айтқанда, нақты сектордағы өсім – 3,6%-ды, қызмет көрсету саласында – 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салалар оң динамика көрсетті. Бұл ретте ең жақсы көрсеткіштер құрылыс (+12,1%), сауда (+10,2%), сондай-ақ ақпарат пен байланыс (+9,1%) салаларына тиесілі болды. 

Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсу қарқыны 17,2%-ды құрады. Олардың ағыны көлік және қоймалау  салаларында – 56%-ға, ауыл шаруашылығында – 31%-ға, өнеркәсіпте – 15,7%-ға, сондай-ақ жылжымайтын мүлік операцияларында – 3%-ға өсті. 

Алдын ала қорытындылар бойынша қаңтар-сәуір айларында сыртқы сауда айналымы 11,1%-ға артып, $44,4 млрд-ты құрады. Экспорт $25,5 млрд-ты құрады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 7,5%-ға өсіп, $8 млрд-ты құрап отыр. Тауарлар импорты $18,9 млрд-қа жетті. Жалпы алғанда республиканың оң сауда балансы $6,6 млрд-ты құрады. 

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев атап өткендей, бес ай ішінде мемлекеттік бюджетке 8 трлн теңгеден астам кіріс түсті, жоспар 103% орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет – 5,4 трлн теңгеге (93,8%), жергілікті бюджеттер – 2,6 трлн теңгеге (128,9%) толықтырылды. Барлық өңірлерде дерлік табыс жоспарлары орындалды. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 98,5%-ға, республикалық бюджет шығыстары 98,8%-ға, жергілікті бюджеттер шығыстары 98,9%-ға орындалды. 

Премьер-Министр бес айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі салалары республика экономикасының өсуіне негізгі үлесті қосып отырғанын айтып өтті. Атап айтқанда, машина жасауда – 32%, оның ішінде автомобиль жасауда – 41%, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпте – 31% өсу динамикасы тіркелді.  

Құрылыс саласы 12,1%-ға, қызмет көрсету секторы 4,9%-ға, ауыл шаруашылығы 3,5%-ға өсті.  

Дайын металл бұйымдарының өндірісі – 11%-ға, пластмасса бұйымдары – 7,7%-ға, тамақ өнімдерін шығару – 6,5%-ға, минералды өнім шығару – 4,1%-ға артты. 

Жалпы есепті кезеңде барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсімі  Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары мен Алматы қаласында тіркелді. Ең төмен көрсеткіштер Атырау және Алматы облыстарында.  

Үкімет басшысы атап өткендей, халықаралық қаржы институттары әлемдік экономиканың өсу болжамдарын 2 есеге жуық азайтты. 

«Алайда, сыртқы факторларға қарамастан, біз макроэкономикалық тұрақтылықты сақтап қана қоймай, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз етуіміз керек. Базалық салаларды сапалы дамытуға барынша көңіл бөліп, еңбек кірістерінің өсуі, сапалы жұмыс орындарын құру есебінен азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөнінде белсенді шаралар қабылдануы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 

Бұл ретте Премьер-Министр қаржылық тәртіпті күшейту маңызды екенін атап өтті, өйткені бағдарламалардың бірқатар әкімшілері бюджет қаражатын игермеген. Осыған байланысты ең үлкен әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет параметрлерінің сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. 

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау бойынша жоспарланған инвестициялық іс-шаралардың орындалуы ерекше бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізу керек», — деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: