Бүгінде әмиянымыздағы банкноттың құнына қараймыз да, оның бойына тұтас бір елдің тарихы сыйғанын аңғара бермейміз. Алғашқы теңгедегі ғұламалар мен хандардың бейнесі, ұлттық өрнектер мен тарихи ескерткіштер – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған елдік таңдаудың көрінісі. Төл валютаның дүниеге келуі де Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі еді.
ТЕҢГЕ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
1993 жылдың қарашасы. Қазақстан тәуелсіздік алғанымен, ел экономикасы бұрынғы кеңестік кеңістіктегі күрделі өзгерістерді бастан өткеріп жатқан. Ортақ рубль аймағындағы қаржы жүйесі тұрақсызданып, ұлттық экономиканы дербес басқару қажеттілігі күшейді. Осындай жағдайда өз валютасын енгізу Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігін нығайтатын маңызды шешімге айналды. 1993 жылғы 12 қарашада ұлттық валютаны енгізу туралы Президент жарлығы шықты. Үш күннен кейін, 15 қарашада теңге айналымға енді. Осылайша, Қазақстанның қаржы тарихында жаңа кезең басталды.
Ұлттық валютаның атауы да өзіндік тарихқа ие. «Теңге» сөзі ортағасырлық түркі тілдеріндегі ақша атауларымен сабақтас. Тарихи деректерде «танга», «денге» тәрізді атаулар кездеседі. Демек, ұлттық валютаға таңдалған атау кездейсоқ туған сөз емес, аймақтағы ақша айналымының терең тарихымен үндеседі.
АЛҒАШҚЫ ТЕҢГЕНІ КІМДЕР ЖАСАДЫ?
Ұлттық валютаның алғашқы үлгілерін әзірлеу жұмысына қазақстандық суретшілер қатысты. Олардың қатарында Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Ғабжәлелов болды. Шектеулі уақыт ішінде жасалған банкноттардың дизайнына тарихи тұлғалар мен ұлттық мәдениеттің белгілері арқау етілді. Алғашқы банкноттар Ұлыбританиядағы «Harrison & Sons» баспаханасында басылды. Себебі Қазақстанда сол кезде қағаз ақша өндіретін толыққанды кәсіпорын әлі ашылмаған еді. Ұлттық валютаны өз елімізде шығару мүмкіндігі кейін қалыптасты. 1995 жылғы 19 мамырда Алматыда Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы ашылды. Бұл деректің өзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайды аңғартады. Ел өз валютасын енгізу туралы шешім қабылдағанымен, оны өндіруге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға да уақыт пен күш жұмсауға тура келді. Бүгінде Қазақстан банкноттары ел ішінде басылады, ал монеталар Өскемендегі Қазақстан теңге сарайында шығарылады.
БАНКНОТТАҒЫ ТҰЛҒАЛАР НЕНІ АҢҒАРТАДЫ?
1993 жылғы алғашқы банкноттарда ел тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалар бейнеленді. Бір теңгелік банкнотта шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте ақын Сүйінбай Аронұлы, бес теңгелікте күйші Құрманғазы Сағырбайұлы, он теңгелікте ғалым Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте Абай Құнанбайұлы, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай ханның портреті орналастырылды. Бұл таңдау ұлттық тарихтың сан қырын танытты. Ғылым мен ағартушылық, әдебиет пен музыка, мемлекетті басқару мен ел қорғау дәстүрі бірқатар банкнотқа тоғысты. Ал олардың сыртқы беттеріне Қазақстанның табиғи көріністері мен сәулет ескерткіштері берілді. Сөйтіп, алғашқы теңгелер төлем құралы болумен қатар, елдің тарихи-мәдени мұрасын танытатын шағын шежіреге айналды.
Теңгенің тарихындағы тағы бір қызықты жайт – алғашқы банкноттардың номиналдары. Қазір үйреншікті көрінбейтін бір, үш, бес, он, жиырма, елу және жүз теңгелік қағаз ақшалар сол кезеңде айналымға енгізілді. Кейін банкноттардың дизайны бірнеше рет жаңартылып, қорғаныш технологиялары жетілдірілді. Уақыт өте келе бұрынғы үлгілер қолданыстан алынса да, олардың тарихи құндылығы жоғалған жоқ. Теңгенің тарихы – Қазақстан экономикасының дамуымен қатар өрілген жол. Оның айналымға енуі дербес ақша-несие саясатын жүргізуге, қаржы жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ал банкнот дизайнының өзгеруі елдің тарихи танымы мен көркемдік ізденістерінің де жаңарғанын аңғартады.
2023 жылы ұлттық валютаның айналымға енгеніне отыз жыл толғанда, Қазақстан теңгесінің жаңа «Сақ стилі» сериясы таныстырылды. Бұл бағытта көне көшпелілер мәдениетінің көркемдік мұрасы мен тарихи бейнелеріне назар аударылды. Жаңа банкноттарда заманауи қорғаныш элементтері де қолданылады. Теңге күн сайын қолымыздан өтеді. Біріміз онымен қажетті затымызды сатып аламыз, біріміз еңбекақы аламыз, енді біріміз жинағымызды сақтаймыз. Алайда, оның әр үлгісінің артында елдің экономикалық дербестікке ұмтылысы, ұлттық өнердің қолтаңбасы және тарихқа деген көзқарасы тұрғанын ұмытпаған жөн.
Ұлттық валютаның тарихын білу – ақшаның құнын ғана тану емес, оның бойына сыйған елдік мағынаны ұғыну. Өйткені теңгенің әрбір үлгісі өз дәуірінің таңбасын сақтайды, ал сол таңбалардан тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу шежіресі оқылады.
Дайындаған П.Шайхсламқызы
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!