Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарыздың қамыты қатты, заңның қорғаны әлсіз

22.10.2026, 8:00 48

Қазақстанда  мерзімі  90 күннен асқан проблемалық несиенің көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шотына тыйым салынған. Құрылтай депутаттарының сауалына жауап берген Ұлттық банк сот орындаушыларының  инкассолық өкімдерін орындау кезінде борышкердің күнкөрісіне қажетті ақшасын сақтап қалуға қатысты заңнамалық олқылық бар екенін көрсетті. Қаржы  реттеушісі  Әділет министрлігіне тиісті өзгерістер  енгізуді   ұсынған.

Қазақстандықтардың мойнындағы қарыздың көлемі алаңдатарлық деңгейге жетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенген Құрылтай депутаттары мерзімі 90 күннен асқан проблемалық несиелердің 1,8 триллион теңгеге жеткенін хабарлады. Мұндай соманың салмағын қарапайым есеппен салыстырсақ, әрқайсысы 20 миллион теңге тұратын 90 мың пәтердің құнына тең келеді. Әрине, пәтер бағасы өңірге қарай әртүрлі, сондықтан мұндағы есеп ақшаның ауқымын шамалауға арналған. Ал Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоттарына тыйым салынған. Қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу ісіне осыншама адамның ілігуі қаржы жүйесіндегі күрделі ахуалды аңғартады. Оның үстіне шоттарға қойылған шектеулердің барлығы банктік несиеге байланысты емес. Атқарушылық өндірісте алимент, салық және басқа да міндеттемелер кездеседі. Сондықтан проб­лемалық несиелердің жалпы көлемін шоттарына тыйым салынған азаматтардың санына бөліп, әрқайсысының берешегін есептеу қисынсыз. Әйткенмен, екі көрсеткіштің де артында азаматтардың қаржылық жағдайы, отбасылардың тұрмысы мен кредиторлардың орындалмаған талаптары  жатыр.

Қазір қалтадағы ақшадан гөрі картадағы қаражатқа тәуелділік басым. Жалақы банк шотына түседі, зейнетақы аударылады, кәсіпкер тапқан табысын есепшот арқылы қабылдайды. Дүкендегі азық-түлік, дәріханадағы дәрі-дәрмек, коммуналдық төлем, баланың жолақысы мен байланыс қызметінің ақысы да көбіне банк қосымшасымен төленеді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу кең тараған сайын есепшотқа қойылған шектеудің тұрмысқа ықпалы күшейе түсті. Ай сайын 200 мың теңге жалақы алатын азаматты алайық. Қарызы бойынша жалақысынан өндіріп алу жүргізілгенде, заңда белгіленген жалпы тәртіпке сәйкес, табысының кемінде 100 мың теңгесі сақталуы керек. Алайда сол қаражат түскен банк шотына қосымша шектеу қойылса, оны пайдалану қиындауы ықтимал. Борышкердің жалақысынан заңды мөлшерде ұсталым жасалған күннің өзінде шоттағы ақшаға қолжетімділік мәселесі туындайды. Әсіресе айлық табы­сы күнделікті шығыннан артылмайтын отбасылар үшін мұндай жағдайдың зардабы ауыр. Жұмысқа қатынайтын жолақы, азық-түлік пен дәрі-дәрмек шығыны ешкімнің  қарызы өтелгенше күтіп тұрмайды.

Қолданыстағы заңнамада борышкер­дің табысын қорғауға арналған талаптар бар. Ұлттық банктің 2026 жылғы қазанда депутаттарға жолдаған жауабында мерзімі өткен неисе берешегін өндіріп алудың екі тәртібі түсіндірілген. Банктің несие шарттарында көзделген тұтынушы келісімі негі­зінде төлем талабын қолдануы бір тәр­тіппен жүзеге асса, сот орындаушысының инкассолық өкімі басқа құқықтық рәсімге бағынады. Банктер төлем талабы арқылы мерзімі өткен несиені өндірген кезде заңда белгіленген 50 пайыздық шектеуді сақтауға және тұтынушылардың шотында ай сайын екі күнкөріс минимумына тең қаражат қалдыруға міндетті. 2026 жылы оның мөлшері 101 702 теңгені құрайды. Қаржы ұйымы борышкердің шотындағы қаражатты өз қалауынша түгел есептен шығара алмайды. Ал өндіріп алу ісі сот орындаушысының құзыретіне өткенде басқа  талаптар  қолданылады.

– Банктердің төлем талабы негізінде мерзімі өткен берешекті өндіріп алуы кезінде клиенттің шотында ай сайын екі күнкөріс минимумына тең қаражат сақ­талуы тиіс. Ал сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау барысында борышкердің банк шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі соманы міндетті түрде қалдыру тетігі қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған, — деп түсіндіріледі Ұлттық  банктің  ресми  жауабында.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 95-бабында борышкердің жалақы­сынан немесе өзге кірісінен өндіріп алу жүргізілгенде, табысының кемінде жартысы сақталуы тиіс екені жазылған. Жалпы тәртіп бойынша азаматтың қолын­да қалатын сома ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауы қажет. Алимент өндіріп алу, денсаулыққа келтірілген зиянды және асыраушының қайтыс болуынан туындаған залалды өтеу жағдайларына қатысты заңда ерекшеліктер көзделген. Жалақы мен зейнетақыдан қанша қаражат ұсталатынын заң талаптарына сай белгілеу сот орындаушыларының жауап­кершілігіне жатады. Банк болса, өзіне келіп түскен инкассолық өкімді орындауға міндетті. Өкімде көрсетілген сома шоттағы ақша қалдығынан немесе кейін түсетін қаражат есебінен өндіріліп алына­ды. Сөйтіп, жалақыдан ұсталым жасау кезінде қолданылатын кепілдік пен банк шотындағы қаражатты қорғау тәртібінің арасында  үйлесімсіздік  қалыптасқан.

Борышкердің шотында сақталуы тиіс 101 702 теңгенің өзі қаншалықты жеткілікті? Отыз күнге бөлгенде тәулігіне шамамен 3 390 теңгеден келеді. Адам осы қаражат­пен тамақтанып, жұмысқа қаты­нап, байланыс қызметін пайдаланып, басқа да тұрмыстық шығындарын өтеуге мәжбүр болуы мүмкін. Отбасында бірнеше бала болса, дәрі-дәрмекке тұрақты қаражат қажет болса немесе тұрғын үйді жалдап тұрса, шығынның еселеп өсетіні түсінікті. Заңда көрсетілген ең төменгі мөлшер азаматтың нақты тұрмыстық қажет­тілігін түгел қамтиды деу қиын. Соның өзінде осы ақшаның қолжетімді болуына қатысты құқықтық мәселенің шешілмеуі алаңдатады. Қарызын уақытында өтемеген адамның жауапкершілігі жойылмайды, алайда оны өндіріп алу тәртібі борышкердің еңбек етіп, табыс табуына кедергі келтірмеуі керек. Тұрақты кірісінен айырылған адамның берешекті қайтару мүмкіндігі де төмендейді. Қарызды өндіріп алуға бағытталған шаралардың өзі кей жағдайда  оны өтеуді қиындатуы ықтимал.

Ұлттық банк жауабындағы тағы бір дерек шоттарды бұғаттау тәртібін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Қаржы реттеу­шісінің мәліметінше, іс жүзінде сот орындаушылары борышкердің әртүрлі банктердегі  барлық шотына қарыздың толық сомасына тыйым салатын жағ­дайлар туындауы мүмкін. Соның салдарынан шектеуге түскен қаражаттың жиынтық мөлшері нақты берешектен бірнеше есе асып кетеді. Айталық, азаматтың 300 мың теңге қарызы бар. Оның үш банкте есепшоты ашылған. Әрқайсысына берешектің толық сомасына шектеу қо­йылса, жиынтық шектеу 900 мың теңгеге жетуі ықтимал. Әңгіме азаматтан 900 мың теңге өндіріп алу туралы болып отырған жоқ. Нақты қарыз 300 мың теңге күйінде қалады, бірақ бірнеше шоттағы қаражатты пайдалануға қатар шектеу қойылуы мүмкін. Бір банктегі шотына жалақысы түсетін, екіншісін тұрмыстық төлемдерге пайдаланатын азамат үшін мұндай рәсімнің қолайсыздығы айқын. Шектеу­лердің жиынтық көлемі берешектен әлде­қайда асып кеткен жағдайда азаматтың қаржысын басқару мүмкіндігі орынсыз тарылуы  ықтимал.

Борышкерлердің күнкөрісіне қажетті қаражатын қорғау жөніндегі бастама Құрылтайдағы «Ауыл», «Respublica» және «Әділет» фракцияларының депутат­тарынан шыққан. Ай басында айтылған депутаттық сауалда банктердің ақпараттық жүйелеріне «қорғалған төлем минимумы» тетігін енгізу мүмкіндігін қарас­тыру сұралған. Ұсыныс бойынша қаржы ұйымдары заңмен өндіріп алуға жатпайтын немесе сақталуы тиіс қаражатты авто­матты түрде анықтап, азаматтың оны пайдалануы­на  жағдай  жасауы  қажет.

– Борышкерлердің күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалатын қаражатын қорғау үшін «қорғалған төлем минимумы» тетігін енгізу қажет. Банктердің ақпараттық жүйелері қорғалуы тиіс қаражатты автоматты түрде анықтап, азаматтардың оны азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызметтерге және басқа да қажетті шығындарға пайдалануына мүмкіндік беруі тиіс. Мұндай рәсім азаматтарды қосым­ша өтініш жазып, ұзақ уақыт күтуге мәжбүрлемеуі қажет, — деп ұсынылған  депутат­тық  сауалда.

Халық қалаулылары көтерген бастама жүзеге асса, заңмен қорғалатын қаражатты анықтау рәсімін автоматтандыруға жол ашылуы мүмкін. Ол үшін Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Әділет министрлігі мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арасында дерек алмасуды жетілдіру қажеттігі айтылған. Қаражаттың қорғалған бөлігін пайдалану үшін борышкердің қосымша өтініш жазып, ұзақ рәсімдерден өтуіне жол бермеу де сауалда арнайы көрсетілген. Дегенмен, ұсынылған тетіктің техникалық құрылымы, оны енгізуге жұмсалатын шығын мен нақты мерзімі әзірге белгісіз.

Ұлттық банк депутаттардың сауалына жауап бере отырып, екі бағытта заң­намалық өзгеріс қажет екенін мәлім­деген. Алдымен сот орындаушыларының инкас­солық өкімдерін орындау кезінде борышкердің банк шотында күнкөрісіне қажетті ең төменгі соманы сақтау тәртібін бекіту ұсынылған. Одан кейін бір­неше есепшотқа тыйым салуды реттеп, бір банктегі шотта өндіріп алуға жеткілікті қаражат қамтамасыз етілсе, өзге шоттарға қатысты артық шектеулерді қайтаруға мүмкіндік  беру  көзделген.

– Сот орындаушыларының инкассолық өкімдерін орындау кезінде борышкердің банк шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі қаражатты сақтау тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады. Сонымен қатар бір борышкердің бірнеше банктегі шоты­на қойылатын шектеулерді жүйелеп, берешекті өндіріп алуға жеткілікті сома қамтамасыз етілген жағдайда артық шектеулерді қайтару мүмкіндігін қарастыру қажет, — делінген Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Данияр Вагапов қол қойған ресми жауаптың мазмұнында.

Қаржы реттеушісі тиісті ұсыныстарды Әділет министрлігіне жолдағанын хабарлады. Ұлттық банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қажетті түзетулерді пысық­тауға дайын екенін білдірген. Алайда заңнамалық бастаманың нақты қашан қабылданатыны белгісіз. Министрлік ұсыныстарды қандай редакцияда қолдай­тыны, банктер мен сот орындаушыларының ақпараттық жүйелері қалай үйлес­тірілетіні жөнінде де түпкілікті шешім жарияланбаған. Сондықтан борышкерлердің шотындағы күнкөріс минимумы барлық жағдайда автоматты түрде қорғалады деп тұжырым жасауға әзірге негіз жоқ.

Қарызды қайтару тәртібін жеңіл­дету кредиторлардың заңды құқықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Несие берген банк те, сот шешімі бойынша өз ақшасын өндіріп алуға құқылы азамат та міндеттеменің орындалуын күтуге хақылы. Қаржы тәртібінің сақталуы экономиканың тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Дегенмен, борышкердің табыс табу мүмкіндігін сақтаудың да экономикалық мәні бар. Ай сайын тұрақты жалақы алып жүрген адам берешегін бөліп төлеуге қабілетті. Жұмысқа қатынауға немесе күнделікті қызметін жалғастыруға қаражат таппай қалған азаматтың төлем қабілеті төмендеуі ықтимал. Қарызды өндіріп алу шараларының тиімділігіне баға бергенде, осы салдарды ескерудің маңызы зор. Әсіресе табысы төмен отбасылар үшін шотқа қойыл­ған шектеудің мерзімі мен көлемі тұрмыс жағдайына елеулі әсер етуі мүмкін. Қаржы ұйымдарының талабын орындау мен борышкердің заңды кепілдіктерін сақтау бір-біріне қайшы келмеуге тиіс.

Құрылтай депутаттарының сауалында көрсетілген 1,5 миллионнан астам азамат туралы дерек қосымша зерттеуді қажет етеді. Олардың қаншасы банктік несиелер бойынша, қаншасы алимент, салық немесе басқа да міндеттемелер бойынша атқарушылық өндіріске тартылған? Бір азаматтың бірнеше банктегі шотына қатар тыйым салу қаншалықты жиі кездеседі? Шектеулердің жиынтық мөлшері нақты берешектен асып кеткен жағдайлардың саны қанша? Азаматтың қарызы өтелгеннен кейін есепшотындағы шектеу қанша уақытта  алынады?

Бұл сауалдарға бірден жауап бере қою қиын. Заңнамалық түзетулерді талқылау кезінде мұндай жағдайлардың жиілігі, азамат­тардың шағымдары мен артық шектеулерді жою тәжірибесі де назарға алынуы қажет.

Қазақстанның банк жүйесінде несие рәсімдеу мен төлем жүргізу жылдамдығы айтарлықтай артты. Қаржы операцияларының басым бөлігі мобильді қосымшалар арқылы орындалады. Енді сол технология­лық мүмкіндіктерді азаматтардың заңмен қорғалатын қаражатына қолжетімділігін қамтамасыз етуді пайдалану міндеті тұр. Қарызды өндіріп алу тәртібі нақты әрі түсінікті болған сайын кредитор үшін де, борышкер үшін де құқықтық айқындық күшейеді. Бір берешек бойынша бір­неше шотқа қойылған шектеулердің қайталануын болдырмау, жалақыдан ұсталым жүргізу мен банк шотын бұғаттау рәсімдерін үйлестіру, азаматтың күнкөрісіне қажетті қаражатын сақтау қаржы жүйесіне деген сенімге де әсер етеді. Ұлттық банк ұсыныстарын Әділет министрлігіне жолдады. Ендігі шешім – заң шығарушылар мен жауапты мемлекеттік органдардың қолында. Қарызды өндіріп алу заңды талап болғанымен, оның орындалу тәртібі адамның еңбек етуіне және күнделікті қажеттіліктерін өтеуіне мүмкіндік қалдыруы керек. Борышкердің төлем қабілетін сақтай отырып өндірілген қарыздың қайтарылу  мүмкіндігі  де  жоғары  болмақ.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллажды  дайындаған  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: