Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зұлмат жылдар зардабы

18.05.2023, 12:00 526

Осыдан  300  жыл  бұрын  Қазақ хандығының «алтын ғасыры»  аяқталып, Жоңғар одағы кең сахараны қанға бөктіріп, қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының тағдырында не болып, не өтпеді?! Бірақ 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» мен 1932-1933 жылдардағы «Голощекин геноциді» халықтың бұдан кейінгі ғасырлар бойғы даму болашағына жазылмас жара салған өте зұлматты апат еді. «Ақтабан шұбырынды» кезінде тарихшылардың есебі бойынша Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Басқыншылар соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллионнан екі жүз мыңын жоқ еткен.  XVIII ғасыр – қазақтың «Елім-айлаған» ғасыры. Шоқан ол ғасырды «қанды қырғын», «жантүршігерлік» ғасыр  деп  сипаттаған  еді.

1652 жылы Ресей мемлекетінің басына  І Петр  келгеннен  соң  орыс  әскерлерінің қазақ  жеріне  шабуылдары басталды. Себебі І  Петр қалмақтардың ұйымдасқан қарулы отрядтарын қазақ еліне айдап салып отырды. Аюкені қалмақ­тың ханы етіп тағайындап, барлық сыйлықты соған берді. Оның негізгі міндеті қазақ елін қирату болды. Аюке хан тегін сыйлықтар мен арзан титулдарға қызығып, өз қандастарын  өлімге  айдап  отырғандығын  түсінбеген.

І Петр қазақ елін түгелдей жаулап алуды ұйғарып, жоңғарларды артиллериямен қаруландырып, оларға қаруды үйретуге капитан И.Унковскийді жіберіп, 1723 жылы «Ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырады. Шығыстан келген жоңғарлар Түркістан қаласына дейін­гі жерлерді түгел басып алып, елді тоздырды, ал батыстан баратын орыс әскері мен қалмақтар Түркістанға жете алмады. Себебі сақадай сай Әбілқайыр әскері оларды тоқтатып қана қойған жоқ, оларды қырып салды. Соғыс­тардың  бірінде  қалмақ  ханы  Аюке 1724 жылы  өлтірілді.

1723-1724 жылдары Әбілқайыр Теке (Орал) қаласына  бірнеше  рет шабуылдайды. Осы кезде Утва, Самара, Шаған өзендері бойында қырғын соғыстар болады. И.Тимофеев, И.Логинов, Н.Бародин бастаған казак-орыс отрядтары көп шығынға ұшырайды. Орыстың жағынан 170 адам қаза табады, көп адам жаралы болады. Көптеген жауынгер тұтқынға түседі. 1725 жылы екі жақ тұтқындар алмас­тырады. «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі Әбілқайырдың осы бір жанкешті қимылы болмағанда қазақ елі түгелдей орыс басқыншыларының қол астында қалатын еді. Сондықтан Әбілқайыр басқарған Кіші жүз қазақтары «Ақтабан  шұбырынды»  апатына  ұшырамады.

Жоңғар қонтайшысы Сыбан Рабдан 1723 жылдың көктемінде құмырсқадай қаптаған қалың қолын қазақ жеріне төкті. Көктемде басталған алапат бұл шабуылға жоңғар мемлекетінің бүкіл соғыс потенциалы түгел дерлік пайдаланылды, кейбір деректерде 100 мың қол Қаратау жоталарынан, Шыршық  Шу өзендері аңғарынан бірнеше бағытта жаппай басып кіреді. Бұл кезде шабуыл бола қояды деп ойламаған ел, енді ғана жайлауға көшуге қамдана бастаған болатын. Жоңғар феодалдардың қару­лы қолы бейбіт елді қырып, үй-мүлкін тонап, малын айдап әкетті, тірі қалғандар мал-мүлкін  тастап  қашуға мәжбүр болды.

Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүлкінен және баспанасынан айырылып, аш-жалаңаш, халық жаздың қайнаған ыстығында шөлден қырылды. Ашаршылыққа ұшыраған жұрт жол-жөнекей шөптің тамырын, жабайы өсімдіктерді теріп жеп, қайыр сұрап күнелтті. Әйелдер мен балалар және қарт адамдар жапан түзде қалып, аштан қырылды. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталды.

«Ақтабан шұбырынды» апатында зар заманды басынан кешірген қалың қазақ қауымы өзінің аянышты ауыр халі мен  көңіл күйін бейнелейтін «Елім-ай» сынды мұңды ән қалдырды:

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді» деп тебіренді  халық.

1723 жылғы апат Ұлы дала шаңырағын шайқаған «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қазақтың ел болуы екіталай еді. Абылай мақсатқа жету үшін барын салды. Алтай, Жетісу үшін Қытаймен текетіресі осал емес еді. Ол бір орталыққа бағынған хандық құруды аңсады. Елді жоңғар шапқыншылығынан қорғауда, екі алып империя арасында қазаққа тиімді саясат жүргізіп, елдің ынтымағы мен ішкі бірлігін нығайтуға, ел дербестігін сақтап қалуға барынша күш салды.

Тәуелсіздігімізден, елдігімізден айырыла бастауымызға  себеп, европалықтардың от қаруын  иеленгендігінде  жатыр. Ресейдің артил­лериясы, Англияның кемесі қылыш пен найзаға әмбебап «батыр – бір оқтық» екенін алдыға  тосты.

Қазақ хандығының бір орталыққа бірік­пеуі, іргелес  алпауыт елдердің қысымы, содан туындаған әлеуметтік-экономикалық фак­тор­лар. Өнеркәсіп өндірісі бой көтермегендіктен, ұлттық валюта қабылдамағандықтан елдің ішкі нарығы әлжуаз күйде қалды. Соғыстан түскен олжа мемлекеттің байлығын, экономикасын нығайтуға қызмет етпеді. Бір орталыққа бағынған мемлекеттің қалыптаспағаны Абылай­дың  жанын  күйзелтті.

«Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтарға шабуыл тұс-тұстан анталады. Жоңғар феодалдары қазақтарға шығыс-оңтүстік жағынан қаптағанда, Еділ бойындағы қалмақ хандары батыс-солтүстік бүйірден тиісті. Қазақтарға бір жағынан Қоқанның бектері қоқаңдаса, бір жағынан Бұқара мен Хиуаның хандары жаппай құлдыққа кіріптар еткісі келді. Иран мемлекетінің маңына ығысып барған қазақтар Иран шахы Нәдір Афшардан зорлық-зомбылық көрді. Қазақ халқы сонша сұмдық жағдайда жүрсе де, олардың ешқайсысына құлдық ұрмай, өзіне тиіскендердің бәрімен шайқасты.

«Ақтабан шұбырындының» ауыр апаты бес жылға (1723-1728) созылды. Бұл апаттың зардабы қазақ даласының барлық жерінде біркелкі болған жоқ. 1723 жылдың көктемінде тұтқиылдан шапқыншылыққа ұшыраған Оңтүстік Қазақс­танның аудандарында, Талас өзенінің алқабы мен Сырдария өңірінде өте ауыр болды. Ұлы жүз бен Орта жүзде, осы өңірде мекендеген ұлыстарын ойрандап, бұл өңірдегі егіншілік пен қала мәдениетін қиратты. «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтардың бәрі бірдей өз мекенін тастап кеткен жоқ, қазақ хандығының шығыс және оңтүстік өңіріндегі жоңғарлар басып алған жерлердегі қазақтар уақытша жоңғар билеушілеріне бағынып, алым-салық төлеп отыруға мәжбүр болды. Орта жүздің сұлтаны Әбілмамбет пен Ұлы жүздің ханы Жол­барыс осылай істеді. Жоңғар феодалдары басып  алған жерлердегі қазақтар тауларға бекініп алып, жаудың арт шебінде қарулы көтерілістер жасап отырды. Бұл күрес­тердің негізгі күші феодалдар емес, халық бұқарасы, қарапайым халық ішінен шығып, ел-жұртына ерлігімен танылған қазақ батырлары Әбіл­қайыр, Бөгенбай, Тайлақ, Саурық, Өтеген, т.б. зор  ұйымдастырушылық танытып, бірнеше рет күйрете соққы берді. Осы шайқастар барысында Абылай, Барақ, Шақшақ Жәнібек, Малайсары, Наурызбай, Олжабай, Қабанбай тәрізді көптеген жаужүрек қолбасшы жұртқа танылды. Аса көрнекті билер Төле, Қазыбек, Әйтекенің қызметі XVII-XVIII ғасыр­лар басындағы жоңғар шапқыншылығына қарсы  күресінде  елеулі  рол  атқарды.

«Қазақ елінің азаттық жолындағы Отан соғысының алғашқы шешуші айқасы Арқадағы Бұланты өзенінің бойында қанды ұрыста жоңғар феодалдарын ауыр жеңіліске ұшыратты. Кейін Бұлантыдағы ұрыс болған жер «Қалмақ  қырылған»  деп  аталды.

Қазақ әскерінің басқыншыларды қанқақсатқан екінші ұлы жеңісі 1729 жылы Балқаштың Итішпес деген жерінде, Жоңғардың зор күшіне соққы берілді. Бұл жер содан былай «Аңыра­қай» деп аталды. Аңырақай шайқасына қазақ хандары алдын ала дайындалды. Бұл өңірді таңдап алған себебі, атты әскерді пайдалану үшін қолайлы, өйткені жоңғарларда зеңбірек болды, бұл олардың артықшылығы еді. Соны пайдаландырмас үшін ұзындығы 80 шақырым, ені 4-5 шақырым жазықта шайқасты» дейді белгілі зерттеуші Жанұзақ Қасымбаев.

Атақты соғысқа үш жүздің өкілдері қатыс­қан. Жоңғар жағынан Қалдан Серен, ал қазақтар жағынан Болат хан қол бастаған. Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр қатыс­қан. Сондай-ақ Райымбек, Саурық, Өтеген, Қасым, Тоғай, Жауғашар,Тайлақ, Баян сынды қазақтың жаужүрек батырлар қол бастаған. Сөйтіп қазақтың барлық жерінің өкілдері тұңғыш рет бас біріктіріп, жауға қарсы тұрған. Қаракерей Қабанбай қазақ сарбаздарының бас әскербасы ретінде танылған. Мәліметтерге қара­ғанда 80 мыңнан астам жауынгер қатыс­қан.

Сол шайқаста Жоңғар басқыншыларын ойсыр­ата жеңген қазақ халқының мерейі үстем болған. Бұл жеңістің халықаралық маңызы болды. Өзге мемлекеттер қазақ халқына бұдан былай басқаша көзқараспен қарады. Осыдан кейінгі жоңғарлар әлсірей бастады, ақыры шығыстағы Цин империясының жемтігіне айналып, жоңғар мемлекеті тарихи сахнадан кетті. Бұл шайқас қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін сақтап қалуына сол кезде үлкен әсер етті. Қазақ хандығының бүкіл Орта Азияда үлкен күш екендігін көрсетті.

Өтеубай  ҚОЖАҚҰЛЫ,

Қорқыт  ата  атындағы  Қызылорда  университетінің  профессоры, 

тарих  ғылымдарының  докторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: