Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

КСРО-да  ату  жазасы  берілген  соңғы  әйел

29.10.2026, 10:05 83

HALYQLINE.KZ

Тамараның әке-шешесі де бір-бірін тауып қосылғандай еді, ит мінезді болумен қатар кекшіл еді. Ұрысқан көршілерден кек алу үшін олардан құтылу жолдарын іздей бастады, көп ұзамай оның жолын да тапты. Геологиялық министрлікте істейтін таныс лаборанттан уды «үйде кеміргіш тышқан мен крысалар қаптап кетті» деп сұрап алды. Бұл у геология саласындағы барлаушылар қолданатын жоғары токсикалық таллий сұйығынан жасалынғандықтан, лаборант оның бір тамшысының өзі пәлен тышқанды өлтіретіні туралы нұсқауды да тәпіштеп түсіндірген болатын.

Бұл умен алғаш рет Тамараның әкесі Антон Масленко теледидардың дауысын қатты ашып қоятын көршісінен құтылды. Келесі жолы ортақ дәретхананы дұрыс тазаламайсың деген көрші әйелден Антонның әйелі Мария құтылды. Оны үйдің үлкені Тамара мен бауырлары сезіп өсті.

Тамара мектеп бітірген соң, есіл-дерті баю болды, оған өзінің көріп өскен ауыр тұрмыс жағдайының әсері болды. Алдымен сауда жасап, тез баю арманы быт-шыт болып, сотталып , жазасын өтеп келген 19-дағы қыз есеппен үйлену баюдың төте жолы деп шешті.

Көп ұзамай Тамара Масленко ондай адамды кездестірді, екі бөлмелі пәтері және жоғары жалақысы бар жігітке тұрмысқа шықты. Бейшара күйеуіне бірте-бірте тамағына у қосып бере бастады, нәтижесін көп күткен жоқ. Жұмыстан шаршап келетін, аяғы бастырмайтын болды. Бірде аяғы КАМАЗ көлігінің педалін басуға да жарамаған соң ауруханаға жатып, қайтыс болды. Дәрігерлер «жүрек талмасы» деген диагноз қойды. Пәтерді сатып, Киевке көшіп келіп, ендігі арманы қара түсті «Волга» автокөлігін алсам деген мақсат қойды.

Көп ұзамай ол мақсатқа жету үшін Олег Иванютинді тапты. Тұратын пәтері өзінікіндей екі бөлмелі болғанымен, Краснодар өлкесінде Олегтің әке-шешесі жеке үйде тұрып, шошқа бағатын. Баламызға жақын тұрамыз деп, Киевтің шет аймағынан дәл сондай шаруашылықтай қорасы бар жеке үйді сатып алып көшіп келген соң, арманы қол жетім жерде тұрғасын іске кірісіп кетті. Уды алдымен қайын атасына бере бастады, нәтижесін де көп күткен жоқ, шалдың шашы түсе бастады, сосын екі аяғын баса алмай қалғасын, соғыс ардагері ретінде әскери госпитальге жатқан соң қайтыс болды, оған дәрігерлер қайтыс болғандығы туралы актіге «полиатриттің өршуі» деп жазды.

Қызықтың көкесі қайын атасын жерлеу кезінде болды, жүрегі қысылған енесіне «қамқор келіні» рюмкаға жүректің дәрісін құйып бергенде, енесі ішіп қойып, «мынау дәрі емес, у ғой» деп бақырып жібергенде, келіні Тамара ашуланған болып рюмканы жерге ұрып сындырып тастады. Туыстары арасында жанжал туғанымен, Олег әйелі Тамара жағында болып, ұрыс-керіс басылып қалды. Бәрі басылғасын келіні енесіне күтім жасай бастағанымен шалы сияқты ауыра бастады, ақыры жедел жәрдем шақырып, ауруханада қайтыс болды.

Бәрінен құтылғасын жеке шаруашылығындағы шошқаларды бағып, көбейтіп, қара түсті «Волга» алам деген арманына жол ашылды. 1986 жылы Киев қаласындағы № 5 мектепке тамақ таратушы болып жұмысқа тұрды. Мектепте өзін басқалардан артық санады, себебі, қорасындағы байлықтың көзі саналатын талпақ танаулардың буы болды. Мектеп парторгі Екатерина Щербань мен асхана диетологы Наташа Кухаренко Иванютинаға дөрекілігін қоймаса, жұмыстан шығарып жібереміз деп ескертті. Мектепте ең алғашқы рет уды ағалы-қарындасты оқушыларға берді, екеуі тауыса алмаған котлетін үйіндегі күшігіне апарып беру үшін қағазға орап алып кетіп жатқанын көрген соң, келесі күні тарелкасына у қосты, екеуі де ауруханаға жатып, жазылып шықты.

Сосын, екі бала уланған соң, асхананың азық-түлік сақталатын қоймасына құлып салғаны үшін, кек сақтап түскі асына у қосқасын 1986 жылдың күзінде парторг Е.Щербань ауруханаға түсіп қайтыс болды. 1987 жылдың 8 наурызында диетолог Н.Кухаренко ауруханаға түсіп, диагнозын дұрыс қоя алмай жатқанда 27 наурызда мектептің 11 қызметкері мен 6-сыныптың 3 оқушысы уланып, ауруханаға түсті. Осы кезде Н.Кухаренко да өлген соң, дәрігерлер консилиумы болып, «барлығына да белгісіз у берілген» деген қорытынды жасады.

Іске прокуратура араласып, дереу тергеу басталды. Щербань мен Кухаренконың денесіне эксгумация (мәйітті қазып алу) жасалынғанда, тінінде у бары анықталды. Талпақ танаулардың күші қойсын ба, Тамара Иванютина асхананы тексеруге қарсылық көрсетті, оның тумбочкасынан тігін машинасының ыдысына құйылған сұйық табылды. Лабораторияға текеруге жіберілгенде, у қайда болатыны анықтылды. Уды берген лаборант та табылды. Тамара Иванютинаның атасы мен енесіне де эксгумация жасалғанда, оларға да у берілгені анықталды. Тамараның тұтқынға алынуымен, күйеуі Олег Иванютин өлімнен аман қалды, оның да шашы түсе бастаған еді. Тамараның апасы Нина пәтеріне тіркелген соң 69 жастағы күйеуін де өлтіргені, шешесі Мария Масленко көрші әйелдің зейнетақысы өскенін көре алмай осы уды беріп өлтіргені анықталды.

Тергеу барысында Антон Масленконың отбасы бұл уды 40 рет қолданғанын, оның 20-сын Тамара Иванютина қолданып, 9 адамды өлтіргені белгілі болды. Антон Масленко 13 жылға, әйелі Мария Масленко 10 жылға сотталып, түрмеде өлсе, Нина Масленко 15 жыл түрмеде жазасын өтеп шығады. Ал басты қылмыскер Тамара Иванютинаға ату жазасы берілгенімен, үш жылдан соң 1990 жылы Лукьяновск СИЗО-да үкім орындалды.

Жалпы, СССР кезінде 3 әйелге ату жазасы берілген болатын. Олар соғыс кезінде фашистер жағына шығып, жазықсыз адамдар мен партизандарды атып өлтірген Антонина Макарова (Тоня пулеметші) 1979 жылы атылса, алаяқ саудагер Белла Бородина 1985 жылы атылған еді. Олар туралы кезінде мақала жазған болатынмын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: