Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байғара батыр

29.10.2026, 6:00 26

XVIII ғасырдың бірінші жартысы қазақ халқының сын кезеңнен елдігін жоймай, қылыштың жүзі, найзаның ұшы­мен ерегіскен дұш­паны жоңғарларды толығымен кері қай­та­рып, қытай, орыс, қалмақ, қызылбас, бұқара мен хиуалық­тардың айылын жи­ғызған  кезеңі  еді.

Арғы оғызбен (б.з. дейінгі Алып Ер Доңға, массагет-Томирис, апасиактар мен дақтардың – парфия мемлекетін құрған ағайынды Арсақ пен Тридат, ақ ғұндар мен Еділ (Атилла) баба­ларынан, түркі қағанаты (батыс түркі қағаны Естеміс қаған), бешенек (бес шекті) мен қаңлы, бергі оғыз бен селжүктер, қып­шақтар мен алтын орда – Жошы Ұлысы, исі қазақ тарихы­ның бел ортасында аңыздағы көкбөрі ізді – Алшын аталған ел бүгінгі қазақ ордасының қара қазығындай өмір сүруде. Жалғыз Алланың қалауымен талай ғасыр сынағынан (соғыстар, ауру-індеттер, аштық, т.т.)  жойылып  кету  қаупі  төнсе  де, «мың өліп, мың  тірілген»  арда  қазақпен  бірге  ғұмыр  кешіп  келеді.

Шыңғысханның «көк теңізінің» жағасын­да қосын иеленген үлкен ұлы Жошының Үрге­ніштен Ұлы  тауға  дейінгі  жер  иесі, тұр­ғы­лықты халық Алшындар рөлі Жошы ұлдарының  басты жеңістерінің тірегі болса, осы Көк теңізді (Ақ патша І Петр заманынан Еуро­па карталарына  Арал  теңізі атауымен енген) жағалай қонған ел, тумысты қазақтың төл даласы ғана болып қойған жоқ, сонымен бірге Жошы­дан бастап, кіші Әбілқайыр хан ұрпақ­тары қоныстанған киелі жер болды. Тарих­қа бекіген 1465 жылғы қазақ хандығының белді хандары Қасым мен Хақназардың арқа сүйеген  алқалы  елі осы Алшындар елі мен жері еді.

Қазақ  хандығы  басына  бұлт  үйірілген  атау­лы  екі  кезеңді  сөзге  тиек  етсек:

— бірінші, XVII ғасырдың орта кезеңін­дегі реформатор Есімханұлы Салқам Жәңгірге «Орбұлақ» түбінде 20 мың сарбазбен қол ұшын беріп, 50 мың жау қолын қайтарған Самархан әмірі – алшын төртқара  Жалаңтөс батыр жолы  толық  зерттеуді  қажет  етеді;

— екінші, XVIII ғасырдың басындағы  «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» қияметі кезеңін­дегі Әбілқайыр ханды башқұрттардың қалмақтар мен орыстарға (казактар) қарсы қақтығыстарында хан, қолбасшы рөлінде жүргенде 1710 жылы елге шақырып, Қарақұмда кіші Орданың ханы сайлануына себепші бол­ған  алшындардың  рөлі  толық  зерттелуі  тиіс;

— үшінші, XIX ғасырдың орта кезеңі мен екінші жартысындағы орысқа, қоқанға, хиуа­ға қарсы барлық алшын — шекті Жанқожа батыр мен серіктестерінің, замандастарының, қол­даушыларының рөлі, Кенесары ханмен қарулас қозғалыстары советтік көзқарастан тереңірек, тәуелсіз қазақ елі көзқарасымен зерделенуі  тиіс.

Жеке пікірімше, мұндай тарихи терең зерттеулер Арал өңірінің қазақ халқы үшін тек экологиялық апат аймағындағы жұрт емес, ұлттың қалыптасуында, ел болып сақталып қалуында ерекше рөл атқарған өңір ретінде тарихи келбеті ашылады деп санаймын. Ал көне антикалық тарихын зерттеу көне қалалар ізі Шірік Рабат, Кердері, Жанкент пен Жент, оңтүстік Аралдағы Аязби, Қият, Ақша, Арал, Қоңырат, т.б. қалашықтар іздерін зерттеу Арал  өңірінің  әлем  өркениетіндегі ортақ  рөлін  айшықтап  береріне  күмән  жоқ.

Оңтүстік Аралда туған (Қият қаласы) әбу Райхан Беруни, Хорезмде туған әл-Хорезми (алгебра атауына себепші), селжүктер дәуіріндегі Омар Хаям, Арал билігіне XVII ғасырдың бірінші жартысында хан сайланған шайбани Әбілғазы баһадүр хан, кешегі XIX ғасырдағы Арынғазы хан (ақ патшамен Калугаға жер аударылған) т.б. бүкіл адамзатқа ортақ Арал өңірінің тумалары екендігіне дау тумас еді. Тәуелсіз қазақ тарихының қоржынын тол­тырар  еді.

…Бүгінгі  қолыма қалам алып, ой түюіме Арал ақсақалы, тарихшы Үргенішбай Қуатов ағамның телефон соғып, «Әй Нұртуған, жақын күндері Арал ауданының әкімдігі бастамасымен Ұлт батыры Сартай батырға, мың балаға қатысы бар тарихи-­тағылымдық іс-шара өткізілмекші, соған мың баланың  бірі Байғара батыр-бабаң туралы жазбаң  болса,  баспаға берсең  жөн  болады» деген  сөзі  себеп болып  отыр.

Үргенішбай Қуатов, Әлібек Сабырбаев ағаларым, белгілі ғалым Самат Өтениязовпен бірге биылғы 10 қазанда Ақтау қаласындағы Шахмардан Есенов атындағы университеттің өткізген халықаралық ғылыми-теориялық кон­ференциясына қаты­сып, төрден орын берген, үлкенді сыйлай біле­тін кие­лі жерде Әбіл­қайыр хан мен Бопай ханым, қазақ тарихындағы Қарақұм құрыл­та­йының, XVIII ғасыр басындағы қазақ батырлары институ­тының рөлі туралы айшықты баяндамаларын жасап, жазбалары арнайы кітапқа енгізілген еді.

Осы ретте Арал ауданының тарихи тәлімді жолда көрегендік көрсетіп отырғанына, ізде­нісіне қуанышты екендігімді білдіргем келеді. Жақында ғана Қазалы ауданында Әбілқайыр хан қолбасшыларының бірі Киікбай батыр Құлжаманұлына (Жанқожа батырдың бабасы. Тама Есет батыр Көкіұлының күйеу баласы дейді кей дереккөз) арналған осындай үлкен тарихи  жиын  өтті  дегенде  ризашылық  білдір­ген  едік.

Сонымен, Сартай батыр замандастарының бірі, жоңғар-қазақ соғысында «Мың бала» жасағым­ен қатысқан Алшын – Әлім – Жаманақ (Шекті) – Шыңғыс – Жақайым – Тоқбура – Бердіңғұл – Келісұлы Қожас әулиенің бес баласының (Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке, Жамансары (Жансары) бірі Байғара батыр тура­лы азғантай мәлімет бергім келеді. Байқағаным, XVIII ғасырдың басындағы орыс-­қазақ қатынастары басталуы, Әбілқайыр хан, Сартай батыр, т.б. тарихи тұлғалар туралы қалам  тартқан  кім болса да Байғара батырға, оған  қатысты  оқиғаға  тоқталмай  өтпейді.

XVIII ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары­ның бастапқы кезеңін зерттеген академик, тарих  ғылымдарының  докторы Манаш Қозыбаев Байғара батырды орыс отаршылдығына алғаш  қарсы  шыққан  қазақ қаһармандарының  бірі  деп  бағалаған  екен.

Жоғарыда тоқталғанымдай, Келісұлы Қожас­тың бес баласы да – тарихқа аттары жазыл­ған бес тұлға. Байғарамен бірге туған ағалары Баби да, Сырлыбай да өз заманында барша қазаққа, тіпті Ресей империясына да аттары белгілі  болған  билер қатарында десе боларлық.

Интернет жазбаларында (әрине, нақтылау керек) Сырлыбайдың, Бабидің, Жамансары­ның өзіндік би ретіндегі мөрі болғандық­тары, ол мөрлерін орыс патшасына жазылған хаттарға басқандықтары туралы деректер бар. Оған қоса Сырлыбай би – бүгінгі қазақ әлеміне Қыз Жібектің әкесі ретінде танымал тұлға. Жылқайдар батырдың әкесі ретінде белгілі. Қыз Жібек Сырлыбай бидің Мән деген әйелі­нен туған қызы деп жазылады. Байғара оқи­ғасына қатысты Тевкелев күнделіктерінде, Әбіш Кекілбаевтың «Үркерінде», А.Сергеевтің «Петербург елшісі» атты кітабында, басқа іздену­шілердің жазбаларында да қаза болған інісі Байғара батырдың кегін алушы, дауын даулау­шы ретінде тарих парақтарына түскен. Кей жазбада Баби мен Сырлыбай билер Әбіл­қайыр ханды өлтірген Барақ сұлтанды соттаған билер қатарында болды деп те жазылады. Бұл жайттар да зерттеуді қажет етеді, болса да олардың барша қазаққа белгілі билер қатарында болғандарын көрсетеді. Ал Теке Қожасұлы ағасы  Байғара  секілді асқан батырлықпен көзге  түскен  тұлға  болған  көрінеді.

Қазақ тарихындағы айтулы тұлғалардың өмірі мен ерлік жолын бағалағанда, сол дәуірдегі оқиғаларды бір ғана тараптың көзқарасы­мен қарастыруға болмайды. Әсіресе XVIII ғасырдағы қазақ даласының саяси жағдайын, елшілік  қатынастарын  және отарлық мүдделер  қақтығысын  ескеру  қажет.

Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Байғара есімі Ресей елшілігі мен қазақ жасақ­тары арасындағы шиеленісті оқиғалар аясында көрінеді. Романда Байғара қаза тапқаннан кейін Сырлыбай бастаған қазақ өкілдерінің оның өлімі үшін құн талап етуі баяндалады. Осы оқиғада Байғараны «қарақшы» деп атау мәселесі назар аудартады. Алайда бұл сөзді сол кездегі Ресей елшілігінің өкілі қолданған болса, оны батырдың тарихи болмысына берілген бейтарап баға ретінде қабылдау дұрыс емес. Қарсы тараптың өз мүддесін қорғау үшін қолданған атауы мен халықтың өз батырына берген бағасы бірдей болмауы мүмкін.

Қазақтың дәстүрлі құқықтық жүйесінде кісі өлімі үшін құн талап ету – қалыптас­қан құқықтық  жолдардың бірі. Сырлыбай бастаған топтың Байғара үшін құн талап етуі де осы дәстүр аясында қарастырылуы керек. Бұл оқиға қазақ  қоғамының өз құқықтық ұстанымын  қорғауға  ұмтылғанын  көрсетеді.

Байғараның тарихи тұлғасына баға беру үшін оның кім болғанын, қандай оқиғаларға қатысқанын және ел жадында қалай сақтал­ғанын өзге деректермен де салыстыру қажет. Бір көркем шығармадағы немесе бір елшілік өкілінің сөзіндегі атау оның бүкіл өмір жолына шығарылған  тарихи үкім бола алмайды. Тарихи әділдік  дегеніміз  өткенді мадақтау үшін дерек­ті өзгерту емес, әрбір оқиғаны өз дәуірінің саяси, құқықтық және қоғамдық жағдайларымен байланыстыра зерттеу болса керек.

Александр Сергеев «Петербург елшісі» атты тарихи романында Байғара батырды «Байкор» деген атпен бейнелейді. Жазушы батырдың ерекше күш-қайратын ғана емес, оның серілік болмысын да көркем суреттейді. Нұралы сұл­тан­мен жастар жиынында домбыра ұстап, айтысуы, сөз қағысының күреске ұласуы Байға­раның күш иесі әрі жігітшілік ортасында бедел­ді тұлға болғанын аңғартады. Осылайша, роман кейіпкері арқылы батырдың қайраттылығы мен серілік  сипаты  қатар  көрініс  табады.

Ұрпақтары арасында атадан балаға келе жатқан сөз жиынтығына, көнекөздер аузында Байғара батырды жастайынан ат құлағында ойнаған, өте қайратты, жалынды жас жауынгер ретінде сипаттайды. Оның ерекше қайрат­тылығы дене бітімінен, аса күш иесі екені жауға шапқанда «желкесінде жалы» бар бүре түскен бүркіттей болады екен деген сипат­таулардан байқалады.

Естігеніме негіздеп, Байғара батыр атты жыр толғауымда келесідей жыр сипаттамасын жасап  едім:

…«Мың  бала»  бұл  шектілер  Сартай  басты,

Арнайы  дайындаған  кілең  жасты.

Бес ұлы Қожас әулие бәрі батыр,

Байғара «Мың баламен» жауға шапты», — деп, Сартай батырмен бірге мың бала сарбаздарының  бірі  болғандығын,

Байғара шапқан кезде дейді бура,

Шүйлігіп жауға түскен қыран тура.

Дұшпанға қақ маңдайдан соғады екен,

Айырып жау ортасын оң мен солға, — деп, батырдың тұлғалық сипатын, бейнелі теңеулер арқылы шабуылдағы қайратын көрсетуге тырыс­тым.

Сыртқы  келбеті:

Дүр  қара  дейді  екен  бабамызды,

Өзгеше  бұқа  мойын,  бүркіт  жалды.

Түйіліп,  тұлпар  мініп,  ұмтылғанда,

Танымас  тұра  қашқан  көріп  аңды, —

деп  сипат­талды.

Мінезі  мен  қайсарлығы:

Қаймықпай  батыр  бабам  қайырыпты,

Айылын  хан  ұлының  жиырыпты.

Ханзада  болса  дағы  Нұралы  сұлтан,

Қаһарлы  Байғараға  жол  қалыпты, —

деп  көрсетілді.

Кей жазбаны түйіндей келе салмақтасақ, «Байғара батырдың қазасы ақ патша елшілігіне тура шапқан кезде, «елшілікті қазақтар шапқалы жатыр, елшілерді түгел қырып тас­тамақшы» деген хабарды күнде есітіп, үрей билеген елшілік  адамдарының  бірі  батырды  көздемес­тен басып салады» деп жазылады. Батыр­дың ажалы от қарудан болғанын бәрінің  көзі көрген. Бірақ  кімнің қолынан қаза тапқан­ын көрген адам болмады. Байғараның жанындағы серіктері әуелгі қақтығыс Нұралы сұлтанмен болғанын хабарлайды. Сондықтан шектілер  Байғарадай  арысының құнын кімнен даулауды анықтау үшін, Сырлыбайдың  баласы  Жыл­қайдар  батырды, Байжан  бидің  баласы  Сартай  батырды  қасына екі жүз сарбаз қосып, күннің суықтығына қарамай, атқа мінгізген. Байғара  батырдың оққа ұшқан  күні орыс елші­сі  А.Тевкелевтің  күнделігінде 1731 жылы  қарашаның  3-жұлдызы  деп  нақты  көрсетілген.

1732  жылғы наурыздың 9-жұлдызында Баби би мен Жантума би орталарынан екі кісіні А.Тевкелевке жұмсайды. Олар 1731 жыл­ғы қараша­ның 3-жұлдызында орыс елшілі­гі адамдарының қолынан оққа ұшқан Байғара батыр­ды атқан адамды тауып, атымызға өңге­ріп бересің, не болмаса ата салтымызбен батыр­дың  құны 100 жылқы, бір қалқан, бір жесір, бір сауыт, бір мылтық, бір түйе құн төлейсің деген талабын қойған. Егер орын­дамасаң, өз обалың өзіңе, елшіліктен бірде-бір адамды тірі қалдырмаймыз деген. (История Казахстана в русских  источниках  XVI-XX веков, 105-бет).

Құн төлеп құтылмаса, іс насырға шабатынын түсінген орыс елшісі де келіспеске амалы қалмай, осыдан кейін екі жақ бітімге келіп, А.Тевкелев шектілердің талабын қанағаттандырып, Бөкенбай батырдың алып келген үш адамын аман-есен қолдарына тапсырып, құнның көлемін үш жүз қырық жеті сом елу алты тиынға бағалап, ақшалай есептеседі. Шектілер болса қуып әкеткен 46 жылқының 35-ін қайтарып, 11-ін өзінің жараланған аттарының есебінен ұстап қалған. А.Тевкелев те олардан 11 жылқыны дауламақ түгіл, олармен бітімгершілікке келгеніне қуанып, ризашылықпен тарқасқан. Әбілқайыр хан да шектілердің намысты қолдан бермей, дегендеріне жеткеніне шүкіршілік еткен. Байғара батырдың құнын төлеуге елші Тевкелевтің де, хан Әбілқайырдың да келісуі, оның сөзсіз ел таныған батыр екендігін  көрсетеді.

Деректі жазбалар Байғараның құны бұдан кейін де екі мәрте орыс елшілерінен алынады. Бірде Сырлыбай би Тевкелевтен қосымша құн 100 рубль ақша және 50 рубль тұратын тауарын алумен қатар үстінде киіп отырған камзолын шешіп алады. (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков, Тевкелев журналы.78-бет).

Ал Байғара батырдың өзі орыс елшісінің елге келгенін қаламай көзі тірі кезінде олардың 17 жылқы, 3 түйесін айдап кеткен. (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков, Тевкелев   журналы, 105-бет)

Сөйтіп, барынша орыс елшісін қақтығысқа тартып, олардың отаршылығының алғашқы қадамдарына қарсылық білдірген еді. Осыдан кейін де Байғара батырдың өлтірілгені ұмытылмайды.

1740-1741 жылдардағы Гладышев пен Муравин­нің сапары туралы құжаттарда: поручик Гладышев өзінің Орынбордан 1740 жылғы 5 қыркүйекте шыққанын, Арал теңізінің сол жағындағы  Қарақұм маңында Әбілқайыр ханға қарасты Кіші жүз қазақтарының шамамен 20 адамдық тобы шабуыл жасағанын, топ басында Бәби старшынның екі жиені (немере­сі) Әділ мен Жаңгелді болғанын, олар Гладышевті байлап, ұрып, жаралап, шпагасын тартып алғанын, шабуыл жасағандар бұған дейін полковник Тевкелев қазақ ордасында жүрген кезде олардың әкесі Байғара өлтірілгенін айтып, кек алуға  тиіс  екендерін айтқандарын жазып,  ақ  патшаға  жүгінеді.

Міне, бұл жайттар да Байғара батырдың ғана тұлға емес, ерекше елі сүйген Сартай батыр­мен жауға шапқан, ерліктерімен көзге түскен, ән-жырымен, домбыра тартқан есті, алапат күш иесі, елшіл, отаншыл, аса сезімтал ер  болғанын  дәлелдесе  керек.

Байғара батырға Арал қаласында көше берілген, аты дәріптеліп, белгі қойылған. Десек те Байғара батырдың ерлік істері барша қазаққа ортақ ұлт батыры екендігін көрсетеді. Демек,  академик Манаш Қозыбаев атап өткен­дей,  «қазақтың каһарманы» дегендей атауына сай,  жеткілікті  түрде  ғылыми  зерт­теулерді  қажет  етеді.

Нұртуған  ТҰРЖАНОВ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: