Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарақатынан жар сүйе алмай кетті

18.05.2023, 9:00 452

HALYQLINE.KZ

Комедиялық кино актер Алексей Смирновты «Поласатый рейс», «Вечера на хуторе близ Диканки», «Айболит-66», «Три толстяка», «Свадьба в Малиновке», «Операция «Ы» или другие прикючения Шурика» фильмдерінен жақсы білеміз. Театрда бірге қызметтес болғандардың өздері оның соғыс кезінде батырлығы үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алғанын білмеген, енді І дәрежесін алғанда «Даңқ» орденінің толық иегері ретінде Совет Одағының батыры атағымен теңесетін еді. Бірақ ол 1944 жылы ауыр жарақат алған соң елге қайтқан болатын. 1970 жылы Жеңістің 25 жылдығына орай салтанатты жиынға ол барлығы 11 орден мен медалын тағып келгенде, батыр болғанын бәрі сол кезде білді. Соғыстан келген соң, күткен қызымен кездесіп жүргенмен, түпкілікті шешім қабылдап, Лидаға: «Енді екеуміздің кездесуімізде еш мағына қалған жоқ» деп кетіп қалады. Лида Алексейдің анасы Аннаға да ешнәрсеге түсінбегенін айтады, анасы: «Соғыстан інің оралмады, енді сенен немере сүйгім келеді, неге Лиданы тастап кеттің?» деп жиі айтатын еді. Бір күні кешкі аста, бір шиша арақты бір өзі ішіп салып: «Мама, енді маған ешуақытта үйлен деп айтпа» деп кереуетіне теріс қарап ұйықтап қалады. Соғыстан соң үйленеміз деп талай хат алған қалыңдығы Лида Маслова кейін барып түсінді. Соғыста жарақат алып мүгедек болып қалған 46 млн 250 мың адам болса, соның ішінде жыныс мүшесінен айырылған 28 мың 648 адамның бірі Алексей Смирнов екенін білді.

Ақ көңіл, балажанды Смирнов кино түсіріліп жатқанда жиналып қалатын балалармен тез тіл табатын, қай уақытта да балалар оны қоршап әңгімелесетін. Үйлене алмайтынын білгесін, бір кезде ол бала асырап алмақшы болғанда, оған рұқсат бермеген себебі жеке пәтері де болмады. Өмір бойы шешесі Анна Ивановнамен коммуналдық үйдің бір бөлмесінде тұрды, бүкіл СССР-ге танымал актер тиісті жерге барса, міндетті түрде пәтер алатын, бірақ ол атағын бұлдап барғысы келмеді, басқалардың шаруасы болмады.

Ол 1973 жылы экранға шыққан режиссер Леонид Быковтың «В бой идут одни старики» фильмінде механик Макарыч роліне түсіп, өзінің драмалық актер де екенін көрсетті. Бастапқыда оны осы рольге бекіткісі келмей: «Ол деген Шуриктің киносындағы Вася ғой» дегенде, режиссер олардың көзін жеткізе білді. Кейін Смирновтың өзі де: «Әттең, менің драмалық ролді де ойнай алатынымды Быковтан басқалары байқамағаны өкінішті» деген болатын. Л.Быков анасынан кейінгі жақыны болып кетті. 1979 жылы 11 сәуірде Л.Быков жол апатынан қайтыс болады, ешкім оған қазаны естірте алмады, өзі газеттен оқыған соң «запойға» түсіп кетеді, ақыры екі аптадан соң арағын доғарған соң, жүрегі нашарлап ауруханаға түседі, сонда 1979 жылдың 7 мамырында 60 жасында қайтыс болады. 1981 жылы анасы Анна да қайтыс болып, Ленинградтағы қорымда баласының қасына жерленді.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: