Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗАҚ пен НАСЫБАЙ (Әңгіме)

10.09.2020, 10:10 1438

Сайын даланың төсін дүрсілдетіп жарып келе жатқан жүрдек поезд маңғаз даланың төрінде көк күмбезін көкке созып, қанша тарихты­ қойнына сыйғызып, сырбаз да сабырлы кейіппен, манаурай керіліп жатқан киелі мекенге алып-ұшып жетіп, ентігін әрең бас­қанд­ай ырсылдап-гүрсілдеп, Қожа Ахметтей ғұлама мәңгілік мекен тапқан, «Түркістан екі дүние  есігі ғой, Түркістан ер Түріктің  бесігі  ғой» деп Мағжан жырға қосқан төрт қақпалы Түркістан  шаһарына  келіп  тоқтады.

Бұлар отырған вагон жиырмасыншы ғасырды­ң басында патшалық Ресей салдырған, сыры кетсе де, сыны кетпеген вокзалдың тұсына­ келіп тоқтады. Купе терезесінен сапырылысқан  адамдар  легіне  қарап  тұрған  үш жігіт те таза ауа жұтып демалып қайтпақ ниетпен сыртқа шықты. Перронда шығыс базар­ларында болатын сапырылыс. Күнкөріс қамымен жүгіріп жүрген қыз-келіншектер мен апала­р қолдарындағы тамақтарын жолаушыларға ұсынып­ әбігер. Жағалай тұрған сауда сөре­лерінде кептірілген дейсің бе, жаңа піскен дейсің бе, жеміс-жидектің түр-түрі, қауын-қарбыз  көздің жауын алып тізіліп тұр. Жан-жақтар­ына тамашалай қарап тұрған біздің үш жігіттің бірінің көзі адамдардың арасында келе жатқан, ерекше киінген ақсақалға түсті. Қария­ның үстінде аптап ыстыққа арнайы тігілген тік жағалы ақ көйлек, сыртында жеңіл сұр бешпет, басында оюлы қазақы тақия, бешпеттің түсімен бірдей шалбар, аяғында мәсі-кебіс. Ақсақалдың әдемі­леп бас­ты­рылған сақал-мұрты да қарияның басқа жолау­шылардан көп өзгеше түр-тұлғасына ерекше жараса­ қалған. Жүрісінің ширақ­тығынан-ақ кәрі­лікті әлі мойындай қоймағаны білініп тұр. Ақсақалды бірінші  байқаған  жігіт:

– Жігіттер, ана кісіні қараңдаршы, – деп, қария  келе  жатқан  жақты  нұсқады.

– Немене туысыңды таптың ба? Қуанып кеттің ғой, – деп, өзінше әзілдемек болған арықша­ келген көзілдірікті жігіт, ақсақалға көзі түскенде:

– Шындығында ерекше кісі екен,- деп таңдайы­  тақ ете қалды.

Әлгі қария бұлар отырған вагонның жол­серігіне билетін көрсетіп, жас жігіттерше лып етіп вагонға кіріп кетті. Жігіттер қауын-қарбыз, жеміс алып, вагондарына келгенде, қарияның өз купелеріне жайғасып жатқанын көріп, таңырқ­ай  қуанысып:

– Ассалаумағалайкүм, ағасы, – деп үшеуі қосарлана амандасты.

– Уағалейкүмассалам.

Қария «қына» бүркіттің даусындай үнімен әндете амандасты.

– Жол болсын, қария!

– Әлей  болсын, сапарымыз  бейқатер  болсын, – деп ақсақал бата жасады. – Алматыға балала­рға барып, немерелерімді иіскеп, мауқымды басып қайтайын деп шыққаным. Өздерің қайдан  жүрген жігітсіңдер,  домбыраларыңа қарағанда  өнерге  қатыстарың  бар  секілді?!

– Иә, аға, біздің жұмыс сол. Ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан ән-жырларын, сөз­дерін, әңгімелерін келер ұрпаққа қажет болар деп  жинап  жүрміз.

– Оо, мыналарың өте сауапты да игілікті іс екен. Істеріңе Алла береке беріп, разы болсын.

– Әумин, ақсақал айтқаныңыз келсін, – деп жігіттер бет сипасты.

Жолсерік келіп қарияның төсек жаймасын әкеп берген соң, манағы ақсақалды бірінші байқаған жігіт қарияның төсегін жайлап берді. Ақсақал алғысын айтып, орындарына жайғасқан соң, жігіттер:

 – Аға, сусындап алсақ қалай болады, қауын жейміз бе, әлде қарбыз ба?

– Күн ыстықта тәтті қауын одан әрі шөлдетеді. Қазір шөлімізді қарбызбен басалық. Күн салқындаған соң,  бұйырса,  қауынды  да  жерміз, – деді  ақсақал.

Қарбыз жеп болып, қолдарын жуып келіп отырған соң, жігіттердің бірі насыбай ататын, бірі темекі шегетін болып, сыртқа шықты. Олар келген  соң  қария:

– Ал, балалар, жол қысқарсын, қазағымның киесі – қара домбыраны қолға алайық. Өнер халықтікі деп бекер айтылмаған ғой. Тапқан табыста­рыңды ортаға салыңдар. Біз де сусындап  отыралық, – деді.

Жігіттердің бірі күй тартып, бірі ән айтып, енді бірі бұрын естілмеген әңгімелерді айтып, білгендерімен бөлісіп, біраз жол қысқартқан соң:

– Ағасы, сіз де тегін адам емес секілдісіз. Біз ауылдың алты ауызын айттық. Қонақ кәде жаса­у ендігі сіздің кезегіңіз, – деді жігіттердің бірі.

– Жөн, жөн, – деп, ақсақал домбыраны қолына­ алып, шертіп отырып, «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек» өлеңін қоңыр дауыс­пен айтып берді. Дауысы көкірегінен күмбірлей шығып, купеге сыймай вагонға тарап жатқан болуы керек, біреулер есікті ашып қарап жатты. Ән  аяқталғанда  жігіттер:

– Алла разы болсын! Мүмкін болса, жұп болсын­, – деп қошеметтеп, ілтипат көрсетті.

– Халық қаласа, хан түйесін сойып береді деген,­ – деп, қария әнтек жымиып, домбыраны қолға қайта алды да, Сыр бойының мақамымен Тұрмағамбеттің  насихатын  айта  жөнелді:

Атпаңдар, тіл алсаңдар, насыбайды,

Нас атсаң, нас боларсың басыбайлы.

Желді күн түф деп жерге түкірінсең,

Боқтай-ақ бет аузыңа шашырайды.

Аптықпай ақылы толық азаматтар,

Таза етіп өзін-өзі асырайды.

Ұнамсыз отыру да шылым тістеп,

Мұны да үйренбеңдер, әдепті істеп.

Түтінін өз ойымша ұқсатамын,

Артыңнан арам желше шыққан «пыш» деп.

Ақсақал домбыраны жанына қойды. Әлгі темекі­ шегіп, насыбай атуға шыққан екеуіне қарап  үшінші  жігіт:

– Әй сендерге сауап болды-ау! – деп, айызы қанып, мәз болып қалды. Сонымен әңгіме темекі­  мен  насыбайға  ойысты.

– Ақсақал, сонда сіз ешқашан темекі шегіп, насыбай атпадыңыз ба?

– Солай десек те болады. Жол ұзақ, қарап отырғанша әңгіме айтайын, қажет еткендеріңді аларсыңдар. Әрі жол қысқарсын.

– Айтыңыз, айтыңыз, – деді жігіттер.

– Сол күн есіме түссе, ылғи екіұдай сезімде боламын, – деп қария әңгімесін бастады. – Он бір-он екі жастағы кезім. Мезгіл оқу­шылардың қысқы демалысының кезі болатын. Қалада тұратын немере ағам, әкемнің ағасының баласы Әлжан үйге келген. Алдындағы ағасынан кейін аттай жиырма жылдан соң, Алладан сұрап алған бала болғандықтан әбден ерке өскен. Еркел­ігі сол, онға келгенше әжемнің емшегі­н емген екен. Атамыз бен әжеміз, болса да, баласының бетіне жел болып тимейтін. Айтқан­ы ешқашан екі болып көрмеген. Ол тек біздің әкемізд­ен ғана аяғын тартатын. Әлжан сол кездерд­е шылым шегіп жүретін. Біздің үйге келгенд­е «көкем көріп қойса, таяқ жеймін» деп, шылымын тығып қоюды маған тапсыратын. Шындығында әкемнің мінезі өте қатал болатын. Егер бір нәрседен жаза бассаң, тек қамшымен сабайтын. Мен әлекеңнің тапсырмасын, әрине, бұлжытпай орындаймын. Орындамауға шама қайда?! Ол екі сөзге келмей сабап тас­тайтын.

– Сонда әке-шешеңіз ара түспей ме не? – деп сұрады мынадай «зорлыққа» шыдамай кеткен жігіттердің бірі еріксіз әңгімені бөліп.

– Жеңгесі, яғни менің анам, оған қарсы келе алмайды. Ерке қайнысы өзін де оңдырмауы мүмкін. Ал әкем ондай істерге араласпайды. Ол өйткені ағасының баласы. Жолын сыйлайды.

– Ммм, қазір болса, туысқан болмақ, туған бауыры болса да, соттасып жатар еді. Қазақтар шындығында  да  ұсақтала бастадық.

– Мен де баламын, маған да қызық. Мал қораның ішіне тығып қойған жерінен алып темекісі­нен будақтатып қоямын. Анам бір күні:

– Отағасы, сіздің осы балаңыз темекі шегіп жүр-ау деймін,  қалтасынан темекінің үгін­ділері, үстінен түтіннің иісі шығады, – дегенде  зәрем зәр  түбіне  кетті.

Әкем Құран кітабын оқып отырған болатын. Көзілдірігінің үстінен торғай арбаған жыланның кәрімен тесіле қараған кезде, қорыққанымнан жерге кіріп кете жаздадым. Бір қызығы, әкем кітаптың қызығына түсті ме, әлде басқа ойы болды ма, әйтеуір үндемеді. Кешке қарай мал жайғауға қораға шығып, бағанағы қор­қынышты ұмытып, малхананың ішінен бір шылым­ды тұтатып алып, есікті ашып шығып қалсам, мені аңдып келді ме, әлде басқа шаруасы болды ма, бұл мезгілде сыртқа шыға бермейтін әкем тура алдымда тұр екен. Менің қорыққаннан, аузымдағы темекі түспей қалды. Енді анық таяқ жейтін болдым ғой деген қор­қыныштан ернім икемге келмей қалған ба, темекі­ жабысып қалған ба білмеймін, түкіріп тастай­ алмадым. Қызығы сол, әкем ұрысудың орнына бетіме қарап  күліп:

– Жетісіп  қалыпсың. Саған денсаулық керегі жоқ болса, тарта бер, – деп, бар жұмысын бітірген адамдай, тек соны айтуға келгендей, бұрылып, қорадан шығып кетті.

– Содан?

– Не содан?

– Содан соң, үйге барған соң, таяқ жеген шығарсыз дегенім ғой.

– Мен де үйге барған соң таяқ жейтін шығар­мын деп, үйге қорқа-қорқа кірдім. Үйге кірсем, әкем намаз оқып, жайнамазын жинап орнынан тұрып жатыр екен.

– Сол кезде әкеңіз партиядан қорықпай намаз­  оқитын  ба еді?

– Мен есімді білгелі ата-анамның намаз­дарын бір ретте үзгенін көрмегенмін.

– Сонда әкеңіз жұмыс істемейтін бе еді?

– Неге істемейді, істейтін. Тек коммунист емес болатын.

– Біз Кеңес үкіметі дінге тыйым салды деп ойлаймыз ғой.

– Дінге ешкім де тыйым салған жоқ. Біздің елде үлкен кісілер намаз оқып, ораза ұстап, ораза­ айт, құрбан айттарда айттауды, Наурыз келгенде наурызкөже жасап, ауыл болып мерекеле­уді  тоқтатқан  емес.

– Шындығында қызық екен.

– Қызық ештеңе де жоқ. Адамдардың өзіне намаз оқып, ораза ұстамау үшін үкіметке жаба салу ыңғайлы болатын. Жә, әңгіменің желісінен айырылып қалдық-ау.

– Әкеңіз намаз оқып бітіп жатыр екен.

– Иә, солай. Әкем әдеті бойынша төргі бөлмеде ілулі тұратын қамшысын алып келіп мені темекі үшін жазалайтын болар деп ойлап отырмын. Әкем жайнамазын жинап болған соң, төр алдындағы өз орнына отырып, әңгімесін бастад­ы.

– Балам, Алла тағаламның Мұхаммед пай­ғамбарға (с.ғ.с) түсірген кітабы Құран Кәрімде арам мен адалды көрсетіп берген. Соның ішіндегі арам ішкенде, жегенде мас етіп, ақыл-есіңнен айыратын астар араб тілінде «хамр» деп аталады. Арақ сол асқа жатады. Оны ішу үлкен күнә  болып  саналады.

Төмен қарап, не болар екен деп, үнсіз отыр­ған­ мен, әкем үндемей қалған соң, басымды көтеріп жөткеріндім. Әкем тартып отырған тәспісін тоқтатып басын көтеріп:

– Бірнәрсе сұрағың келіп отыр ма? – деді.

– Темекі де арамға жатады ма? – дедім дауысым­  дірілдей  шығып.

– Жоқ ол арамға жатпайды. Темекі не сусын емес, не тамақ емес. Өз өкпеңді түтінмен ыстап жатқаның болмаса. Сол үшін және ақшаны босқа­ ысырап жасағаның үшін сұрауы қатты болад­ы. Сондықтан  бағана  айтқанымдай  саған­ денсаулық қажет болмаса, тарта бер. Бірақ менің саған темекі үшін ақша бермесім анық. Елдің балалары секілді жерден қалып кеткен темекі қалдығын алып, әркімнің сілемейі жұққан қалдықтарды сорып, үйге  келуші  болма.­ Темекіге ақшаны өзің табатын кезде шегесің­ бе, шекпейсің бе, өзің білесің, – деп әңгіменің аяқталғанын білдіріп, тәспісін қайта қолына алды. Мен содан соң аузыма бірде-бір темекі  алмадым.

– Қария, насыбай ше?

– Қазақтар өте кірпияз таза халық болған. Сондықтан ешқашан насыбайды атпаған, темекі­  де  шекпеген.

– Неге олай дейсіз? Кеше дүниеден өткен Ақселеу ағамыз, қазіргі Бекболат бауырла­рымыз «қазақта насыбайдан басқа не қалды?» – деп жүр  ғой.

– Олар не пайғамбар ма? Олар да – сені мен біз секілді Алланың жаратқан пенделері. Ал пенделердің жаңылысуы әбден ықтимал.

– … Қалампыр мен насыбай, насыбайым болмаса, ауырады басым-ай! – деген өлең де бар ғой.

– Иә, бар. Ол өлеңдер қазақ даласына орыс қарашекпендері келген кезден пайда болған әндер. Насыбай деген орыстың «носовой­» деген­ сөзі деп, әкем марқұм айтатын­. Орыстардың киноларында табак салынған қалтадан (кисет) немесе стол үстіндегі табакеркадан екі сауса­ғымен алып мұрындарына апарып иіскеп түшкіретіндерін  көрдіңдер  ғой.

– Иә, көрдік. Бірақ насыбайды орыстың сөзі деген үш ұйықтасақ та түсімізге кір­мепті.

– Кірмесе, енді  білдіңдер. Сондықтан  ондай пәлеге  жуымай, Тұрмағамбет шайыр айт­қандай  өздеріңді  таза  ұстаңдар,  жігіттер, – деп, қария  әңгімесін  аяқтады.

Жігіттер  ойланып  отырып  қалды.

Әбдірейім  ӨМІРОВ,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: