(Эссе)
HALYQLINE.KZ Пешенемізге бұйырса – көреміз. Әлемде бәрі өзгерді, шалғайда жатқан елдің кешелері жеткізбейтін шақырымдары қысқарды, қиырға бастаған жер мойны қашық күншілік, айшылық жолдың уақыты азайды, етене жақын еркін ел, қоңсы жұрт атаулы бірікті, сөз бір секунд ішінде құрлықтарды кешіп, мұхиттардан асты, ұлы өзгерістер тоқтаған жоқ, бұрын хат-хабарды құстар тасымалдаса, қазір ғаламтор көздері желілерде жарияланған ақпар-мәліметтерді көзді ашып-жұмғанша елден елге көшіреді, бірінен соң бірі тізіліп, созылып, іркес-тіркес жарық көріп жатқан қауырт жаңалықтар легі шұғыл басқа тілдерге аударылып, мәтіннен мәтінге тілге өтеді, ғаламшар – біртұтас виртуалды әлем кеңістігі. Ғарышқа шыққан белгі Жердің екінші бетіне оңай жетеді, адам тасыған әуе кемелері майда тіршілік иелері көлігіне айналады.
Бүгін – Қытайда, ертең – Рұмда. Одан арғы күні бүкіл адамзатты жаулайды. Шекараларды бұзып, мемлекеттерді, континенттерді ырқына көндіреді, құзырына бағындырады. Пенде баласы мың сан науқасты өзі ойлап тапқандай селқос: табиғатын білмей жағдайын жасады, тағдырын түсінбей жолын ашты, бір демде дүниежүзіне көз ілеспес жылдамдықпен тарады. Технологиялық табыстар адамды үйден сүйреп шығарды, өмір көшелерге, есік алдына көшті, қазір темір топсалы алып қақпалар күні-түні жабылмайды, таңның атысы, кештің батысы қала қыдырған, ел аралаған жамағайын.
Жүрдек пойыз күніне сан мәрте қатынайды. Елді мекендер арасы – толған автомобильдер тасқыны. Қара нөпір – таусылмайды, ернеуінен түспейді, ортаймайды. Қалаларды бір-біріне байлаған, жалғап тұрған күретамыр.
Пайда көрсе, бірге, зиян шексе, ортақ. Сырқат қырғынға айналады, эпидемия – пандемияға, пандемия – алапатқа, алапаттың ар жағынан, аласапыран ту сыртынан ақырзаман сығалап тұрғандай…
Тегі, жаугершілік заман орнады. Ұсақ, майда ғұмыр – майдан ашты. Реалды, виртуалды кеңістіктерде шапқыншылық басталды. Түрлі қатер қатарынан экологиялық, террористік қауіпті байқадық, адамзат денсаулығы да, азық-түлік жетіспеушілігі де бізді алаңдатады. Бұл мәселелерге космостағы планеталық тағдырымыздың екіұдайылығы, болашағымыздың күңгірт, тұманды екендігін қосыңыз.
Планеталық сана заманы қалыптасты. Тізе қосып, тәуекелге бел будық, біз қатерде өмір сүреміз. Жан-жағымыз – толған жау, жырада жатқан, қаптаған, қарасы мол, саны – шексіз. Бұл күйге қалай түстік? Қазір дерт бір күндік емес, нәубет бір елдік емес, ол бүкіл адамзатқа қауіп төндіреді. Адам – барлық тіршілік атаулыға жауапты. Біз басқаның тағдыры жайлы ойлануға, өзгеге қамқор болуға тиістіміз. Міндеттіміз, миссиямыз – осы. Өзін, Жер шарын, кез келген жан иесін құтқаруға, сақтауға тек адам баласы ғана қабілетті, өйткені бізде сана бар, өткен есімізде, ертең ойымызда, үміт көңілімізде, бүгін – еңбегімізде.
Қашан бітеді, қалай тоқтайды, адамзаттың басына неге күн туды? Қолдан жүрек, бүйрек, бауыр жасап жатқан заманда, табиғаттың қыр-сырын аштық, бүкіл ауру-сырқауды жеңдік деген заманда, бұл індет бастырмалатып қайдан келді?
Салғырттық па екен, асқанымыз ба, әлде, тәубемізді ұмыттық па, әйтеуір бір нәрсе болды, жақпай қалдық, тегі, ақиқат жолынан адастық, мүмкін, жер бетінде әділетсіздіктің көбейгені ме екен, бұл ненің белгісі, қай құпияның ишараты, не жұмбақтың салдары…
Шіркін, асыл өмір-ай, ақыл-ой таңырқаған, тамсанған, таңғажайып алып дүние, ғашықпыз, құштармыз, аңсарымыз – Сен. Қилы замандар қидаласқан, алмағайып дәуірлер арпалысқан, күресте шалып, таласта тартысқан, жеңген, көнген, бәрі де Өзің үшін еді.
Құдай біледі. Тосын, мың сан пендеге жұғып, алуан елде жүздеген адамды жыққан нәубет соңы немен тынарын, қайтіп бітерін біз топшылай алар ма екенбіз.
Уақытын жіберіп алдық. Бірақ, адамзаттың рухани игілігі, жақсы сөздің кие-қасиеті кез келген аласапыранға сынақ тұрғысынан қарауға үйретеді.
Ғылыми медицина ақпарат көздерінен зауалдың ем-домын тапқан секілді сөйлейді. Тарап жатқан хабар-ошар, негізінен, адам шығыны, тигізген зияны туралы.
Әр елдің үкіметі пандемия дертіне қарсы күрес бастады. Тегі, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, алысқан жау, аңдысқан дұшпан ебін тауып бізді енді ала алмас.
Бұл, торғайдай жанның түймедей тіршілігі, түсіністік, кешірім, жанашырлық уақыты.
19.03.2020
Дидар АМАНТАЙ,
жазушы
teledidar.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!