Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда қашан миллион тұрғыны бар өңірге айналады?

05.11.2026, 7:00 18

– Сонымен қатар, табиғи өсімнің баяулауы аясында ішкі көші-қон үдеріс­тері де күшейе түсті. Соңғы жылдары байқалған үрдіс бойынша, өңірлерден Астана мен Алматы қалаларына қоныс аударушылардың саны артып келеді. Халықтың облыстарды тастап, мегаполис­терге бет бұруы урбанизация үрдісінің қарқын алғанын көрсетеді. Бұл жағдай Қызылорда облысының халық санының өсіміне де  кері  әсерін  тигізуде.

Салыстырмалы түрде қарастырсақ, 2021 жылдың өзінде облыста халық саны 13 000  адамнан астам көрсеткішке өскен еді. Сол кезеңде табиғи өсім 18 000 адамды құраса, көші-қон салдарынан 4 600-ге жуық адам азайғанымен, таза өсім 13 000 адамды құрап, жақсы көрсеткіш тіркел­ген болатын. Десе де, бұл көрсеткіш  сол  кезеңдегі ең жоғарғы меже болды, — дейді  сала  маманы.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статис­тика бюросының Қызылорда облысы бо­йынша департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтановтың айтуынша, биыл қаңтар-тамыз аралығында облыс­қа тұрақты тұру үшін 29 876 адам тіркелген. Ал осы кезеңде өңірден 38 095 адам көшіп кеткен. Осылайша, кеткендер мен келгендердің арасындағы айырмашылық  8 219  адамды  құрады.

– Соңғы 10 жылдың ішінде халық саны 82 мыңға өскені байқалады. Көші-қон әлеу­меттік, экономикалық, саяси, эколо­гиялық және сыртқы факторларға сәйкес өзгеріп тұрады. Биыл қаңтар-тамыз аралығында облысымызға тұрғылықты тұру үшін 29876 адам тіркелген. Ал 38095 адам өңірден кеткен. 2025 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда облыс­қа келгендер саны 8,6%-ға көбейгені көрінеді, — деді Қайрат Әбсұлтанов.

Ұлттық статистика бюросы Қызыл­орда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңір тұрғындарының 47 па­йызы қалада, қалған 53 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Демек, облыс халқының басым бөлігі әлі де ауылдық елді мекен­дерге тиесілі. Бұл – өңірдегі демографиялық ахуалды бағалағанда ескеретін  маңызды  көрсеткіштің   бірі.

– Кейінгі жылдары облыс халқының жалпы өсімі төмендеу бағытын ұстанды. Мәселен, 2025 жылы Қызылорда облы­сынан көшіп кеткендер саны 12 000-ға жуықтады.

Ал 2025 жылғы табиғи өсім тек 12 000-нан аса ғана адамды құрады. Нәтиже­сінде, жыл қорытындысы бо­йынша Қызылорда облысы халқының саны небәрі 208 адамға ғана көбейген. Салыс­тыру  үшін  айтар  болсақ:

– 2 022 жылы бұл көрсеткіш – 10 000 адамды,

– 2023 жылы – 8000 адамды,

– 2024 жылы – 4000 адамды құрап, жыл санап біртіндеп төмендеген де, 2025 жылы соңы келіп 208 адамға дейін күрт қысқарды.

Бұл үрдіс Қызылорда облысының халық санын миллионға жеткізу жоспарын артқа ысырып жатыр. Себебі, өңір­дегі өсім қарқыны бәсеңдесе, ал көршілес Түркіс­тан мен Жамбыл облыстарында халық санының азаю үдерісі тіпті ертерек басталған. Бұрын депопуляция (халық­тың азаю процесі) көбіне тек солтүстік және шығыс өңірлерге тән болса, қазір бұл үрдіс оңтүстік аймақтарға да әсер  ете  бастады.

Демограф ретіндегі жеке болжамым бойынша, егер көші-қон ағыны осы күйін­де қала берсе және ештеңе өзгермесе, Қызыл­орда облысының миллиондық межеге жетуі өте қиын болады. Туу көрсеткіші алдағы уақытта күрт көбейіп кетеді деу қиын, ол біртіндеп азаюы неме­се тұрақты деңгейде қалуы мүмкін. Дегенмен, қазіргі уақытта туу көрсеткішінен гөрі көші-қон ағынының теріс әсері басым рөл атқарып тұр. Егер облыстан кетушілер саны осындай күйде сақталса, миллион тұрғыны бар аймақ атану мақсаты­на қол жеткізуі кешеуілдейді, — дейді  Шынар  Төлешова.

Сыр өңіріндегі демографиялық өсімнің негізгі тірегі – табиғи өсім. Биылғы есепті кезеңде облыста 9 601 сәби дүние­ге келген. Оның 4 891-і ұл болса, 4 710-ы – қыз бала. Осылайша, 8 айда дүниеге келген сәбилер саны 9,6 мыңға жуықтады. Қызылорда облысы республика өңірлері арасында әрбір 1 000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші  бойынша  төртінші  орында  тұр.

– Жалпы, біздің өңірдің туу көрсеткіші және табиғи өсімі тұрақты. Облыс­тар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша тұрақты төртінші орындамыз. Өңірде күніне орташа есеппен 40-45 сәби дүние есігін ашады. Ай сайын 1200-1300 балаға дейін дүниеге келеді, — деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы  Қайрат  Әбсұлтанов.

Көрсеткіштерге қарасақ, Қызыл­орда облысында халық санының өсуіне мүмкіндік беретін демографиялық әлеу­ет бар. Дегенімен, миллион тұрғын межесі­не жету тек дүниеге келетін сәбилер санына байланысты емес. Ол үшін өңірден көшіп кетушілер санын азайтып, сырттан келетін тұрғындар ағынын арттыру да маңызды.

Қазір облысқа миллион тұрғын болу үшін тағы 155,5 мың адам қажет. Десе де, мұны нақты демографиялық болжам дей алмаймыз. Соңғы онжылдықтағы өсім қарқыны сақталса, бұл межеге жетуге шамамен жиырма жыл уақыт керек. Бірақ демографиялық өсімнің жылдамдығы экономикалық мүмкіндіктерге, жұмыс орындарының санына, тұрғын үй жағдайына және көші-қон саясатына қарай өзгеруі мүмкін.

Рыскелді  ЖАХМАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: