Жалпы, Сыр өңірі үшін жүгері дақылын егу таңсық шаруа емес. Біздің аймақ бұл өнімге барлық жағынан тиімді келеді. Дала дарабозы саналған диқаншы қауым агрокәсіптің әрбір қырын толыққанды меңгерген десек, артық айтқандық емес. Өңірімізде егіс алқабын әртараптандырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашылуда. Сыр диқандары үшін биылғы егін науқаны жаңа бағыттармен ерекшеленді.
Сырдария ауданында «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауыты жобасы іске асырылуда. Оны өткен аптада барған журналистік сапарымызда көріп келдік. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласына серпін берген бұл жоба алдағы уақытта аудан көлемінде жүгері дақылының кеңінен өріс алуына жол ашпақ.
ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Әңгіме әлқиссасын әріден бастайық. Жаңа зауыт Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінің аумағында салынып жатыр. Жобаны жүзеге асыру үшін серіктестікке «Бірыңғай индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 35 гектар жер учаскесі 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен берілген. Бұл – өндіріс орнын кезең-кезеңімен қалыптастырып, қажетті инфрақұрылымды орналастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Қазіргі уақытта бөлінген аумақтың 9 гектарында зауыт құрылысы басталып, бірқатар жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, жүгері дәнін қабылдауға арналған таразы ғимаратының қаңқасы көтерілген. Сонымен қатар дән қабылдау алаңы мен жүгері сақтайтын қойманың іргетасы құйылған. Бұл нысандар болашақ өндірістің шикізатты қабылдау және сақтау жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті жабдықтарды жеткізу мәселесіне де басымдық берілген. Атап айтқанда, Францияның «Lov» компаниясынан жүгеріні кептіруге арналған жабдықтар сатып алынған. Ал, Түркияның «Абиал» компаниясынан 20 мың тонна астық сақтауға арналған қойманың жабдықтары жеткізіліп, оларды құрастыру және орналастыру жұмыстары толық аяқталды.
Мұндай инфрақұрылымның қалыптасуы жүгері дәнін қабылдау, кептіру және сақтау үдерістерін жүйелі ұйымдастыруға негіз қалайды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін маусымдық кезеңде жинақтап, сапасын сақтаудың маңызы зор. Сондықтан қойма мен кептіру жабдықтарының дайын болуы өндіріс орнының келесі кезеңдеріне жол ашады.

ЗАУЫТТЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚУАТЫ – 150 МЫҢ ТОННА
Сапар аясында зауыт басшылығымен кездесіп, пікірін білген едік. Айтуынша, бұл нысан 2029 жылы толыққанды іске қосылмақ. Қазіргі уақытта жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Дәл қазіргі сәтте мұнда жүгеріні Сырдария, Шиелі, Қармақшы аудандарынан қабылдауға келісім алып отыр. Алдағы жылдары зауыт іске қосылғанда, өнімнің 70 пайызға жуығы экспортталмақ.
– Негізгі жұмыс ауқымдылығы жоғары. Қазіргі уақытта мұндағы құрылыс жұмыстарында 25 адам еңбек етуде. Жұмысшылардың барлығы дерлік өз ісінің мамандары. Алдағы уақытта жұмысшылар санының арту ықтималдығы бар. Сонымен бірге нысанда төрт техника жұмыс атқаруда. Бұл құрылыс алаңындағы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жалпы, жүгеріні терең өңдеу зауытының іске асуы Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға зор мүмкіндік бермек. Шикізатты тек бастапқы өнім ретінде өткізбей, оны өндірістік өңдеуден өткізу ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жобалар жергілікті еңбек ресурстарын тартуға, өндірістік тәжірибені дамытуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге жол ашады. Қазір зауыт аумағында құрылыс және жабдықтарды орналастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Алдағы уақытта өндірістік нысандардың құрылысы толықтырылып, технологиялық үдерістерді іске қосуға қажетті жұмыстар істеледі. Сырдария ауданында қолға алынған бұл жоба – ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу арқылы өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған бастамалардың бірі. Зауыт іске қосылған кезде 150 мың тонна жүгеріні қабылдап өңдеуге қауқарлы болмақ, — дейді «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС директорының орынбасары Шухрат Құрманов өз сөзінде.
Ұзақ жылдар бойы күріш өсіруге басымдық беріп келген аймақта ендігі кезекте жүгері шаруашылығына ден қойылып, осы салаға қызығушылық артып келеді. Бұған су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігімен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған өндірістік жобалардың қолға алынуы себеп. Мұндағы мақсат егістікте мол өнім өсіріп қана қоймай, оны өңдеп, дайын өнімге айналдыру мүддесі тұр.
Облыста ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мәселесі – қашанда өзекті тақырып. Суармалы суды тиімді пайдалану, топырақ құнарын сақтау және шаруашылықтардың табысын арттыру үшін дәстүрлі дақылдармен қатар, нарықта сұранысқа ие өзге де дақылдарды өсіруге мән беріліп отыр. Бұл – өңір экономикасы үшін өте дұрыс шешім.
Бұған дейін жүгері дақылы өңірде шамамен 2 мың гектарға дейін егіліп келсе, биыл егіс көлемі бес есеге дейін ұлғайтылып, 10 мың гектарға жеткізілді. Жыл басында облыс бойынша жүгері алқабын 10-15 мың гектарға жеткізу межеленді. Ал, тамыз айындағы өңірлік ақпаратта Сырдария мен Жалағаш аудандарында биыл 10 мың гектарға жүгері егілгені айтылды. Бұл егін шаруашылығын әртараптандыру бағытындағы елеулі өзгеріс екені ақиқат. Күріш алқаптарының бір бөлігін өзге дақылдарға бөлу арқылы су ресурстарына түсетін салмақты азайтуға және ауыл шаруашылығы өндірісінің құрылымын жаңартуға зор мүмкіндік бермек.

АГРОСАЛАҒА 122 МЛРД ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛУДА
Тақырып төңірегінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының да пікірін білген едік.
Мамандардың айтуынша, аймақта жүгері өнімін егу көлемі жүйелі түрде қолға алынған. Бүгінде Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандарында егіс көлемін әртараптандыру іске асырылуда.
– Мемлекет басшысының республика бойынша жыл сайын жаңадан 150 мың гектарға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығына инвестиция тарту тапсырмасы аясында өңірімізде бірқатар шара атқарылуда. Аталған бағытта су үнемдеу технологиясын мемлекеттік қолдауға биылғы жылы 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында су үнемдеу технологиясын пайдалану көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе артып, барлығы 14 мың 200 гектарға жеткізілді. Егін шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу бағытында өңірімізде құны 122 млрд теңгеге ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Оның ішінде Жалағаш ауданында швейцариялық «Харвест Груп» компаниясымен жүгері, соя, техникалық қарасора егу арқылы суармалы 21 мың гектарға агрокластер құру жобасы, Шиелі ауданында «Центр семеноводства» серіктестігімен жүгері дақылын 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен егу және «Таң ЛТД» серіктестігімен жүгері дақылын 3 мың гектарға тамшылатып суару әдісімен егу жобасы іске асырылуда. Дән жүгері өндірісін дамыту үшін «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС жүгері өңдеу зауыты жобасы қолға алынды. Жоба аясында жылына 150 мың тонна дән жүгеріні терең өңдеу зауыты іске асырылады. Жобаның 1-кезеңі аясында биыл 20 мың тонна жүгері сақтау қоймасы мен астық кептіргіші жақын арада іске қосылады, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Асылжан Жарылқасынов.
Осы дақылға ден қойған шаруашылықтар жүгері өнімін өсіруде өнімді уақытылы жинау, оның сапасын анықтау және сақтауға әзірлік жұмыстарына аса мән беруде. Сондай-ақ, жиналған дәннің ылғалдылығын арнайы аппаратпен тексеріп, өнімді кептіру мен сақтаудың маңызды екенін толық түсінеді. Өйткені, жүгеріні тиісті талаптарға сай дайындау оның сапасын сақтауға, кейінгі өңдеу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Әрине, жаңа дақылға көшу оңай шаруа емес. Бұл шаруалардан тәжірибе мен технологияны меңгеруді талап етеді. Тұқым таңдау, егісті күтіп-баптау, суару тәртібін сақтау, жинау техникасын бейімдеу және өнімді өткізу мәселелері қатар шешілуі керек. Сондықтан шаруашылықтар үшін өнімді қабылдайтын және өңдейтін кәсіпорындардың жақын орналасуы маңызды екені түсінікті жайт.
СУ ҮНЕМДЕУ – БАСТЫ ТАЛАП
Жүгерінің суға сұранысы оның өсіп-жетілу кезеңіне, күн райына, топыраққа және қолданылатын агротехнологияға байланысты. Негізгі мақсат – ғылыми негізделген суару тәсілдерін қолданып, судың әр текше метрінен мүмкіндігінше мол өнім алу. Егістікті лазермен тегістеу, суару жүйелерін жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу осы бағытта маңызды рөл атқарады. Сонымен бірге шаруаларға агрономиялық кеңес беру, сапалы тұқыммен қамтамасыз ету және өнімді сақтау мүмкіндігін жақсарту да мол өнім алуға әсер етеді.
Жүгері шаруашылығының дамуы Сыр өңірі үшін тек жаңа дақыл түрін көбейтумен шектелмейді. Бұл – егіншілік құрылымын өзгертуге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және шикізаттан дайын өнім өндіруге бағытталған кешенді бастама. Алдағы уақытта егіс көлемінің ұлғаюымен қатар, өнімділікті арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану, тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру және өңдеу кәсіпорнының қажеттілігін жергілікті шикізатпен қамтамасыз ету мәселелері шешуші мәнге ие болады.
Диқандардың еңбегі мен жаңа өндірістің мүмкіндігі өзара ұштасқанда ғана жүгері шаруашылығы өңір экономикасының маңызды салаларының біріне айнала алады.
Сырдағы бұл бастаманың нәтижесі егістік алқаптарындағы өніммен ғана емес, сол өнімнен өндірілген дайын тауардың көлемімен де бағаланбақ. Сырдария ауданындағы жаңадан бой көтерген «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу зауыты жобасымен танысқандағы таудай көріністің тастай түйіні – осы.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
Суретті түсірген
Нұркен Жұмашев.
Сырдария ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!