Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда 2026 жылғы қаңтар-маусым айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары талқыланды. Бұл жиындағы бағыттар бойынша қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатов тиісті сала жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жыл басынан бері қалада әлеуметтік экономикалық дамудың негізгі макрокөрсеткіштері бойынша өсім қалыптасты. Барлық салада ілгерілеушілік айқын байқалады. Мақсатты шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Биыл «РемПластИнвест», «Дезинфекция» және «Қызылорда Құрылыс НК» секілді 3 жаңа кәсіпорын іске қосылады деп жоспарлануда. Дәл осындай нысандарды ашу басты мақсат саналады.
«Барлық бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша барлық макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімін қамтамасыз етуге жұмыс жасаңыздар. Жұмыс ырғағы бәсеңдемеуі керек. Салық түсімдері және бюджеттің игерілуі бойынша тиісті шараларды нақты орындау қажет», — деді Нұржан Сәбитұлы.
Жиында қала және қалаға іргелес елді мекендердің тазалығы мәселесі де қаралды. Қала әкімі жауапты мекеме басшыларына қала тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру қағидаларын сақтау және қоғамдық орындарды ластаудың алдын алу бағытындағы шараларды күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, белгіленбеген орындар мен кестеден тыс уақытта қоқыс тастаған тұрғындарды анықтап, әкімшілік құқық бұзушылықтарға полиция қызметкерлері тарапынан тиісті айыппұл салу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!