Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ағайындар,  ауырмаңыздаршы…

17.05.2026, 6:00 40

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Түнімен дөңбекшіп, ұйқым қашып қатты ауырдым. Шын айтамын.

Таң атпай аудандық аурухананың есігін қақтым.

— Амансың айналайын, маған дәрігер керек еді.

— Қандай дәрігер керек?

— Кәдімгі ақ халатты, абзал жан.

— Профессор, медицина ғылымының докторы, әлде доцент пе?

— Профессор, -дедім.

Әйтеуір, құлағыма осы сөз жақын сияқты.

— Бесінші кабинетке барасыз, бірақ профессордың қабылдауы – 15 мың теңге, — деді.

Шошып кеттім, шын айтамын.

— Арзаны қайсысы?

— Ең арзаны – жай дәрігер, 5 мың тенге тұрады, — деді, медбике қыз қайқаңдап.

— Жарайды, сол жай дәрігерге жолдама беріңіз, — дедім.

Бес мың теңгемді төлеп, дәрігердің кабинетіне кірдім.

— Қай жеріңіздің ауырғанын айтпай тұрып, саусақтан, башайдан, тілден, желкеден, көк тамырдан қан алдырыңыз, одан кейін ұлы дәрет, кіші дәрет, түкірік, қақырық, қасыңды, шашыңды, көздегі былшықты, мұрындағы қылшықты, бәрін лабораторияға тапсырып, анализдерінің анықтамаларын алып келесіз, барыңыз, — деді дәрігер сөзге келместен. Шын айтамын.

— Мен қатты ауырып тұрмын ғой, — дедім, міңгірлеп.

— Мазаны алмаңыз, есікті жабыңыз, — деп ақырып жіберді.

Содан не керек, аурухананың ішін кезіп кеттім. Әрбір анализің 3-4 мың теңгеден кем емес екен. Қан алған сайын қалтам жұқарып барады. Шын айтамын. Кейін дәрі-дәрмекке қаражатты қайдан аламын деген ой басымды мүжіді. Түс ауа анализдерімді құшақтап, әлгі дәрігердің есігін қақтым. Дәрігер қағаздарды аударып, төңкеріп қарады да:

— Енді маған тез арада өкпеңді, бауырыңды, өтіңді, ішек-қарныңды, талағыңды, бөтекеңді УЗИ-ге түсіріп кел, — деп қуып шықты. Шын айтамын.

Содан кабинет жағалап, бәріне түсіп шықтым. Әрқайсысы 3 мың тенге тұрады. Аурухана емес, Түркістанның базарында жүргендей тоналып қалдым. Қалтамда дәрі түгілі, үйге қайтатын бір тиыным қалмады, шын айтамын. Мұнда мен сияқты сенделіп жүргендер көп екен. Қатты аяп кеттім. Бір бұрышқа барып жылап-жылап алдым. Баяғыда әжем «жыласаң, жазыласың» дейтін. Шын айтамын…

Жұмыс уақыты бітуге таяп қалғанда әйтеуір, дәрігердің кабинетіне үлгердім, — ау…

— Так, — деп, маған бір қарады, анализдерге бір қарады. Ұзақ ойланды.

— Қай жерім ауырады екен? — дедім, мен шыдай алмай.

— Немене, қай жеріңнің ауыратынын мен қайдан білемін? — деп, дәрігер шап ете қалды.

— Кешіріңіз, мана сырқатымды сұрамастан шығарып жібергесін айтып жатқаным ғой, — дедім.

— Анализдерің жақсы, ешқандай қауіп көріп тұрғаным жоқ, сонымен қай жерің ауырады?

— Ұмытып қалдым.

— Жындысың ба?

— Жоқ, үйден шыққанда сау едім, — дедім. Шын айтамын.

— Мен саған қай жерің мазалайды деп тұрмын, — деп, дәрігер бетіме бажырайды.

— Шынымды айтсам, дәрігер мырза, қазір еш жерім ауырмайды. Жазылып кеткен сияқтымын. Анализдерді тапсырып жүргенде ауырған жерім есімнен шығып кетіпті.

— Жарайды, ауырмаңыз, барыңыз…

— Дәрігер мырза, ең болмаса бір дәрі, сосын анықтама жазып берсеңізші, үйге барғанда әйеліме не айтамын? Қалтамда көк тиыным қалған жоқ. Ол сенбейді. «Ақшаның бәрін араққа құрттың» деп, тірідей қуырып жейді. Шын айтамын, — дедім.

— Так, сен ауруыңды ұмытып қалсаң, онда «склероз» шығарсың?

— Ол қандай ауру?

— Ұмытшақтық.

— Мүмкін.

— Олай болса, мына дәріні бір ай ішіңіз, сосын қайтып келіңіз, — деді дәрігер.

— Неге?

— Ауруың есіңе түссе, емдейміз, емханаға жатқызамыз.

— Ол тегін бе?

— Кім айтты саған тегін деп? Сосын мына дәріні аурухананың қақ алдында тұрған «Жаным» деген дәріханадан алыңыз, басқа жерден алмаңыз, жарай ма?

— Неге?

— Бұл жерде арзан, сізге көмек болсын деп жатырмын.

— Ааа, жарайды рақмет, — деп, кабинетінен шығып кеттім.

Естуімше, бұл дәріханада оның әйелі жасайды екен. Ауырғанымды шынымен де ұмытып қалғаныма қатты қуандым. Бірақ, ағайындар, сіздер ауырмаңыздаршы, шын айтамын…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: