Құжатта қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыру, адами капиталды дамыту, кітап оқуды білім мен тәрбиенің маңызды тетігі ретінде орнықтыру мақсаты көзделген.
Жарлыққа сәйкес, кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Сонымен қатар оқырманға арналған заманауи инфрақұрылымды дамыту, цифрлық құралдарды пайдалана отырып жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру міндеті қойылды.
Құжатта отандық жазушылар мен ақындарды қолдау мәселесіне де ерекше мән берілген. Әсіресе жас ұрпақты Конституция қағидаттарын құрметтеуге, елдік сана мен жауапкершілікке тәрбиелеуге ықпал ететін шығармашылық иелерін қолдау қажеттігі айтылған. Бұдан бөлек, баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың қоғамға пайдалы қызметін ынталандыру, ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде кеңінен насихаттау да басым бағыттар қатарына енгізілді.
Президент Үкіметке халықтың әртүрлі санаттары, соның ішінде балалар мен жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту және тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыруды тапсырды. Сондай-ақ жаңа форматтағы кітапханалар мен көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құру, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистерді енгізу арқылы оқырман инфрақұрылымын жаңғырту міндеттелді.
Жарлықта ұлттық әдеби мұраны сапалы аудару, басып шығару және кең аудиторияға тарату арқылы ел ішінде де, шетелде де насихаттау қажеттігі көрсетілген. Бұл қадам қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістіктегі танымалдығын арттыруға және ұлттық рухани мұраны жаңа буынға қолжетімді етуге бағытталған.
Үкімет 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын іске асыруға кірісуі тиіс. Ал 2026 жылдың соңына дейін жасанды интеллект дамып жатқан қазіргі жағдайда кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттаудың 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындалады. Осы мерзімге дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру да тапсырылды.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілді. Үкімет жыл сайын «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы Президент Әкімшілігіне есеп беріп отырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!