САТИРА
Бүгін интернет дей ме, сол кереметің аяқ астынан жасамай қалды. Үйдегі теріс қарап телефон шұқып отыратындардың беттері бермен қарады.
— Ойбай, ұлымыз Əликон кəдімгідей ер жетіпті, — дейді əйелім таңдайын қағып.
Бір-бірімізге тура қарамағалы көп болды.
— Сен жасарып кетіпсің, — дедім.
Əйелім қуаныштан құлап қала жаздады. Жүгіріп барып айнаға қарады.
— Үйге жөндеу жүргізу керек екен, — деп, көзі қабырғадағы жыртық жапсырмаға енді түсті.
Балалар бауырларын жаңа көргендей құшақтасып жатыр. Ұзақ жылдан бері сөніп тұрған теледидар қосылып сайрап тұр.
«Əлемде климат ауысып, қиындық туды. Антарктида еріп, жер бетінің суға кету қауіпі бар. Еуропа қалалары нөсердің астында қалды. Адам шығындары көп» деп шетелдің арнасы қақсап жатыр.
Əйелім жақтырмай басқа арнаға ауыстырды.
«Жер планетасына бір үлкен меторид туралап ұшып келеді. Мұны əлемдік астрономдар бақылап отыр. Алайда салмағы 100 тонна құрайтын алып тас жерге құласа, нағыз катастрофа болмақ.
— Түу, басқа жаңалық қарайықшы, — деп біздің əйел келесі арнаны қосты.
Ол мұндай жаңалықтарды жақтырмайды.
«Əлемдік кризис басталды. Осының əсерінен кейбір мемлекетті қайыршылық жайлады. Аштықтан адамдар түрлі ауруға шалдығып, эпидемия өршіп тұр. Мұның алдын алмаса, қымбатшылық өршиді. Қылмыс көбейеді» деп тағы бір шетелдің арнасы жақсылап айтып еді. Əйелім жынданып кете жаздады.
— Осылар-ақ ақырзаманды туғызады. Ылғи білгіштер…
Қабағы түйіліп, отандық арнаға бұрап жіберді.
«Қайырлы күн, құрметті телекөрермендер! Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Мәңгілік елімізде экономика «давно» дамып кетті. Көшеде жұмыссыз жүргендерді көрсек, көзіміз шықсын. Қылмыс құрықталды. Бұзақыларды елден қуып жібердік. Жемқорлар енді қаржы жемейді. Олар үйлерінде жатып алып нан жейді. Өндіріс орындары күнде ашылып жатыр.
Келесі кезекте ауа райына тоқталайық. Ертең күн əдетінше нұрлы болады. Түстен кейін қар аралас жаңбыр жауып, көшедегі шаң-тозаң басылып қалады. Хабарымыздың соңында сіздердің назарларыңызға «Тойымыз тойға ұлассын!» атты фильм-концертті ұсынамыз.
— Ойбай, бізді Құдай сақтады. Қазақстанда туғанымыз қандай жақсы болды, — деп анасы балаларына мақтанды.
Мен де ішімнен қуандым.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Ғалым Смағұлұлының карикатурасы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!