Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «Достық үйінде» зиялы қауым өкілдерімен кездесті, деп жазады баспасөз қызметі.
Кездесуде өңірді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар, қолға алынған бастамалар мен алдағы міндеттер талқыланды.
«Өздеріңізге белгілі, жақында ғана Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған тұста ауқымды жұмыс атқарылды. Бірлігі бекем жұртымыз тың бастамаларға үнемі қолдау көрсетті.
Облыстың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі 107 пайызға жетті. Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге бағаланған 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл 1 трлн теңгеге 14 ірі жобаның құрылысы басталады», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан бой көтерді. Сыр жұртшылығының бекем бірлігі мен тату тірлігі барлық жетістікке арқау болды.
Облыс тұрғындары орталықтандырылған сапалы ауызсумен 100 пайыз, Қызылорда қаласындағы көпқабатты үй тұрғындары ыстық сумен қамтамасыз етілді.
Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандыру, «көгілдір отынға» қолжетімділік көрсеткішін 85 пайызға арттыру жоспарланған.
Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер кілті табысталды.
Бүгін сол жағалауда бой көтерген үйлердің 600 пәтері иелеріне салтанатты түрде берілді. Облыстағы 141 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 96%-ға жеткізілмек.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Президент саябағы жаңадан салынды.

Бүгін саябақ аумағында жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне айналды.
Одан бөлек, осы маңда Ботаникалық білім беру орталығы салынуда.
Жыл басында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана, 400 және 500 орындық екі емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, драма театр мен заманауи кітапхана құрылысы жүріп жатыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі қарқын алды.
Ал «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша облыс аумағынан өтетін 189 шақырым жолдың құрылысы жақын күндері басталады.
Жиында Тұрғанбай Маханов, Бақберген Досманбетов, Айтбай Көшербаев, Өмірбек Шәменов, Шаһизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, алда атқарылатын жұмыстардың жемісті болуына тілек білдірді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!