Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Вне  зона»

07.05.2026, 9:00 32

HALYQLINE.KZ

БҮГІНГІ  САТИРА

Әл үстінде жатқан Әмірхан ақсақал баласы Бағдатты шақырып алды. Дауысы әлсіреген, бірақ күдігі әлі тірі.

– Төргебасармен хабарластың ба? — деп сұрады ол.

– Хабарластым, — деді Бағдат.

– Не дейді?

– «Вне зона» дейді.

– Қалай «вне зона»? Қай зонада? Түрмеден қашып кеткен бе?

–Жоқ, әке, «вне зонада» жүрген сияқты.

–Зона деген түрме емес пе? Не істеп қойған? — деп Әмірхан ақсақал күрк-күрк жөтелді.

– Жоқ, әке… телефон ұстамайтын жерде жүр…

– Е-е… Қазір телефон ұстамасаң, бірден күдікті боласың ғой. Демек, жасырынып жүр. Демек, бірдеңе бүлдірген!

Ақсақал тағы жөтеліп алды. Жөтелі де айып тағатындай.

–Сеть ұстамайтын жерде жүрсе, телефоннан «байланыс аясынан тыс жерде» деген хабарлама шығады, — деді Бағдат.

–Мен айтқан адамдар Төргебасарға кешірім берді ме?

–Жоқ… ешқайсысы.

–Онда анық болды. Вне зона деген – жауапкершіліктен вне зона. Әкеден вне зона. Ұяттан вне зона!

Бағдат үндемеді.

– Ертең «вне зона» деп, елден тыс кетеді.

– Әке, ол жай ғана сеть жоқ жерде…

– Жоқ! — деп ақсақал кенет шап ете қалды. – Бұл – жаңа қулық! Қазір бәрі «вне зона» болып алып, қарыздан да вне зона, сөзден де вне зона, адамдықтан да вне зона боп кеткен!

Аз үнсіздік. Ауыр. Ақсақал терең күрсінді.

– Мен де қазір «вне зона» боп бара жатырмын, балам… Бірақ менікі – мәңгілік вне зона…

Бағдат селт етті.

– Саған жазып кетемін-ау, мұрагерлікті. Қалай қарайсың, кәсіпті алып кете аласың ба?

– Төргебасар ағам ғой, елден ұят…

– Е, ол туыстарға, туған әкесіне «вне зона» болып жүр ғой! Нотариусты шақыра ғой балам…

Бағдаттың қолы дір етті.Көз алдына Төргебасар елестеді: «Бағдат… братишка… сен де «вне зона» боп кетіпсің ғой…» деп тұрғандай.

PS. (Идеясын иіскеп, өңін айналдырып жіберетін театр ұрыларына тыйым салынған. Авторлық құқығым қорғалған)

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: