Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бәйтерек» қаржыландыру көлемін ұлғайтып жатыр

06.04.2026, 10:55 50

«Бәйтерек» холдингі ішкі және сыртқы нарықтан қосымша қаржы тартып, капиталын арттыруды жалғастырып жатыр. Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, холдинг KASE арқылы 100 млрд теңге тартты, бұған қоса 250 млрд теңгенің халықаралық облигациялары листингке енгізілді және 310,5 млрд теңгеге қосымша акция шығару туралы шешім қабылданды. 

KASE мәліметінше, 3 сәуір күні «Бәйтерек» 13 айлық облигацияларын орналастырып, 100 млрд теңге тартқан. Қағаздар бойынша купондық мөлшерлеме жылдық 17,20 пайыз болып бекітілді. Сұраныс көлемі ұсыныстан жоғары болып, 120,3 пайызға жеткен. 

Одан бөлек, 2 сәуірден бастап KASE ресми тізіміне «Бәйтеректің» екі халықаралық облигациясы енгізілді. Оның бірі 150 млрд теңге көлемінде 2029 жылға дейін, екіншісі 100 млрд теңге көлемінде 2031 жылға дейін айналыста болады. Екі шығарылым бойынша да жылдық купондық мөлшерлеме 16,95 пайыз деп көрсетілген. 

Сондай-ақ KASE жариялаған корпоративтік ақпаратқа сәйкес, холдингтің директорлар кеңесі 2026 жылғы 18 наурызда 310,5 млн жай акция шығару туралы шешім қабылдаған. Әр акцияның орналастыру бағасы 1000 теңге болып белгіленген. Бұл 310,5 млрд теңге көлеміндегі қосымша капиталдандыруға сәйкес келеді. 

Осылайша, қазірдің өзінде ресми расталған қаржы көлемі кемінде 660,5 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл сомаға 250 млрд теңгенің халықаралық облигациялары, KASE-де тартылған 100 млрд теңге және 310,5 млрд теңге көлеміндегі капиталдандыру кіреді. 

Ендігі негізгі мәселе — тартылған қаражаттың қай бағыттарға бөлінетіні. Сарапшылар үшін басты сұрақ осы ресурстың қай салаларға, қандай жобаларға және қай компанияларға бағытталатыны болып отыр. Өйткені бөлінетін қаржы көлемі ірі болғанымен, оның нақты тиімділігі қаражаттың қайда жұмсалатынына тікелей байланысты. 

Фото: Ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: