Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні. Тар жол, тайғақ кешу кезеңдерде халқымызға әрі сүйеніш, әрі рухани жетекші болған киелі аспаптың тарихы – ұлт тарихымен тамырлас әрі тағдырлас. Домбыра туралы осыған дейін өте көп жазылды. Бірақ, әлі күнге дейін алғашқы домбыра жасаушыларды толық танымасақ керек-ті. Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі Роза Қаженованың айтуынша, домбыра – қазақтың болмысын, тілі мен мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ғасырлар бойы өз қалпында сақтап келген бірегей әрі теңдессіз құндылық.
Кейіпкеріміз «домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, ұлттың түп-тамыры» деп есептейді. Оның сөзінше, домбыра туралы айтқанда тарих, тіл, мәдениет мәселелері қатар өріледі. Себебі, домбыра – қазақ дүниетанымының айнасы.
Иә, бұл сөздермен келіспеске мүлдем болмайды. Домбыра әр қазаққа рух береді. Тек оны түйсіну және түсіну шарт. Ал ондай қабілет жұрттың бәрінде бар деп тағы айта алмаймыз.
ДОМБЫРА – УАҚЫТ ӨТЕ КЕЛЕ ЖЕТІЛЕ ТҮСКЕН ҰЛТТЫҚ АСПАП
Осы орайда, домбыраның пайда болуы және құрылымына аз-кем тоқталып өтпекпіз. Зерттеуші бізге домбыра алғашында өте қарапайым құрылымда болғанын айтып өтті. Уақыт өте келе оның пішіні, жасалу тәсілі мен дыбыстық мүмкіндіктері жетіле түскен. Мысалы, ежелгі домбыралардың ішегі малдың ішек-қарнынан жасалса, қазіргі заманда синтетикалық материалдар қолданылады. Мұның өзін дамушылық, жаңа заманға бейімдеушілік деп қабылдауға болады.
Домбыраның кең таралған түрі – екі ішекті. Ал үш ішекті домбыра Қазақстанның кейбір өңірінде, әсіресе Шығыс аймақтарда жиі кездеседі. Роза Қаженова домбыра құрылымын негізгі 3 бөліктен тұрады деп түсіндіреді.
Олар:
шанақ – дыбыс шығаратын бөлігі;
мойын – пернелер орналасқан ұзын тұсы;
ішек – әуен тудыратын негізгі элемент.
Кейіпкерімізбен әңгімеде әр өңірде домбыраның өзіндік ерекшелігі қалыптасқанын білдік. Мәселен, Батыс Қазақстанда жасалатын домбыралардың шанағы үлкен, үні зор әрі қуатты. Ал Жетісу өңірінің домбыралары жеңіл, әуезді келеді.
Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі бірнеше нақты мысал келтіреді. Мәселен:
«Алтай домбырасы» – шанағы жалпақтау, мойыны ұзынша, үш ішекті. Халық арасында «Абай домбырасы» деп те аталады;
«Абыз домбыра» – екі ішекті, шанағы жұмыр, тұтас ағаштан ойылып жасалады. Бұл нұсқа «Жамбыл домбырасы» деген атаумен де белгілі;
«Балақай домбыра» – төрт-бес жастағы балаларға арналған шағын аспап;
«Бүктемелі домбыра» – мойыны алмалы-салмалы, екіден төрт ішекке дейін болады;
«Жұмыр шанақ», «Кең шанақ», «Қалақ домбыра» секілді түрлерді көбіне жеке орындаушылар мен айтыс ақындары қолданған.
«ҚҰРМАНҒАЗЫ» ОРКЕСТРІН КІМ ДОМБЫРАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТТІ?
Роза Қаженова домбыраны ғылыми тұрғыда зерттеу ХХ ғасырдың басында жаңа деңгейге көтерілгенін айтады. 1934 жылы заманауи домбыра жасауға арналған арнайы шеберхана ашылып, оның жетекшілігіне қазақтан шыққан тұңғыш органолог Қамар Қасымов тағайындалды.
Қамар Қасымов «Құрманғазы» оркестрін домбырамен қамтамасыз еткен алғашқы шеберлердің бірі болды. Ол 1946-1961 жылдары Қарағандыдағы Оскаров комбинатының домбыра цехында еңбек етіп, көптеген кәсіби аспап жасады. Оның қолынан шыққан домбыраларды әйгілі өнер қайраткерлері пайдаланған. Бүгінде бұл аспаптар Мәскеу мен Санкт-Петербург музейлерінде, сонымен қатар қазақ өнерпаздарының жеке қорларында сақтаулы тұр.
Домбыраны оркестрге лайықтауда Қамар Қасымовпен бірге Эммануэль Романенко де үлкен үлес қосты. Романенко Қазақстанға Ахмет Жұбановтың шақыртуымен келген. Ұзақ ізденістер мен ғылыми тәжірибенің нәтижесінде Ахмет Жұбанов, Қамар Қасымов және Эммануэль Романенко қазіргі қолданыстағы домбыра үлгісін қалыптастырды.
Роза Қаженова тарихи сабақтастықтың кейін де үзілмегенін атап өтеді. 1976 жылы Қазақ ССР-інің Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков пен Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрі Молдан Әлдербаевтың қолдауымен Оскаров цехында жылына 60 мыңға жуық домбыра өндірілген. Бұл цех 1990 жылдарға дейін тұрақты жұмыс істеді.
Зерттеуші әсерлі бір деректі де мысалға келтіреді. 1965 жылы Қамар Қасымов жазушы Сәбит Мұқановқа өз қолымен домбыра жасап сыйға тартқан. Бұл құнды жәдігер бүгінде Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов атындағы мемориалдық кешенде сақтаулы.
Роза Қаженованың пайымынша, домбыра – өткеннің ескерткіші ғана емес, бүгін мен болашақты жалғап тұрған тірі мұра. Оны жасау дәстүрі, шеберлер мектебі мен ғылыми негізі сақталған кезде ғана ұлттық рух та өз тұғырынан таймайды.
Рыскелді ЖАХМАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!