Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ой салар оқиғалар

12.02.2026, 6:20 45

Бұл оқиғаны қағаз бетіне түсіру оңай болмады. Ертелі-кеш мұндай сәтпен бетпе-бет келе­тініңді ойлаған сайын көз жасыңа ерік бересің. Кейіпкеріміздің ізгі амалы бізге де үлкен сабақ  болды.

Ұжымда бір кісінің анасы қайтыс болды. Құдайы аста анасына қатысты ғибратты оқиғаны айтып берді. Кейіпкердің насихатын өз  сөзімен  баяндауға  тырыстық.

«Кез келген мұсылман баласы үшін көзі тірісінде ата-анасының разылығы мен батасын алу үлкен бақыттың бірі ғой. Қарт анамды қатты қуантқым келді. Бір күні әйеліме: «Құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз. Дүние деген қолда тұра бермейді. Мүмкіндік бар кезде анамыздың разылығы мен дұғасын алайық. Мініп жүрген көлігімді сатып, анамды үлкен қажылыққа жіберсем деген ниетім бар. Амандық  болса  көлік  те, үй де бір күні бұйырар» дедім. Әйелім ниетімді қолдап, мұндай  мүмкіндікті  жіберіп алмау  қажеттігін  айтты.

Көлігімді сатқан соң ерекше көңіл күймен анама қоңырау шалдым. «Апа, құжатыңыз­ды дайындай беріңіз. Алла қаласа, үлкен қажылыққа барасыз» дедім. Не айтарын білмей, қобалжып қалған ол: «Құлыным-ау, оған қаражатымыз жоқ қой. Қалай барамын?» деді дауысы дірілдеп. «Ол жағын уайымдамаңыз. Бәрін реттеп қойдық. Дайындала беріңіз» дедім.

Мекке мен Мәдинаға барып, Қағбаны көзбен көріп, қажылық парызын өтеу кез келген мұсылман баласының арманы емес пе? Сүйін­ші хабарды жеткізгенімде қуаныштан апамның жүрегі жарыла жаздапты. Осыдан кейін Құдайға  шүкірлік  айтып, ағайын-туманың  басын қосып, ас берді. Құдайы ас үстінде маған хабарласып, тағы да толассыз ризашылығын білдірді, алғысын жаудырды. Менің де жүрегім қуанышқа бөленіп, екі иығымнан үлкен жүк түскендей  күй  кештім.

Құдайдың құдіретін айтсаңшы, осы сәттен кейін іле-шала Сауд Арабиясы Корольдігі елшілігінен бір азамат хабарласып: «Араб тілінің маманы Батыржан Мансұров деген сіз бе? Сізге Сауд Арабиясы Королінің арнайы шақыртуы келді. Сапарға дайындала берсеңіз. Үлкен қажылыққа барасыз» деді. Алланың әділдігін айтсаңшы, көлігімді сатып, анамды қажылыққа жіберіп жатқан сәтте Құдайдың өзі қасиетті Қағбаға шақырды.

Қуанышым қойныма сыймай апама қоңырау шалып: «Апа, Алла қаласа Меккеде жолыға­мыз» деп сүйінші хабар жеткізгенімде: «Сен де барасың ба? Уа, Алла! Осындай күнге жеткізгеніңе мың шүкір» деп толқып кетті. Бұл менің өмірімдегі ең бақытты әрі ұмытылмас сәттердің бірі болды. Сөйтіп, мен Алматыдан, апам  Шымкенттен  ұшты.

Мекке қаласының іргесіндегі Мина жазы­ғында анаммен жолықтым. Апам көз жасын көл етіп, айналадағы адамдардың жүрегін елжіретіп жіберді. Өзім де біразға дейін тоқтау­сыз жыладым. Сол сәтте аналық жүрекпен, шынайы ниетпен: «Балам, мен мына қасиетті топырақта жылап тұрып саған дұға жасап жатырмын. Өмір бойы жүзің жарық болсын! Ұрпағыңмен көбейіп, көгере бергейсің. Мен саған ризамын. Ал сен Алланың ризалығын алғайсың!»  деп  дұға  жасады.

Шын мәнінде, аман-есен өмір сүріп, бере­келі  ғұмыр  кешіп  жатқанымыздың  бірден-бір себебі  аналарымыздың  дұғасы ғой. Алла Тағала ананың баласына жасаған дұғасын кері қайтармайды. Әр намазында бізге дұға жасап отыратын. Оқудың, жұмыстың қамымен әлі күнге дейін ауылдан жырақта өмір сүріп келе­міз. Құдайдан анамның соңғы сәттерінде қасын­да  болуымды  сұрадым.

«Уа, Алла! Өмір бойы сыртта жүрміз. Анам­ның соңғы күндерінде жанында болуымды нәсіп етші!» деп дұға жасап жүрдім. Құдай тілеуімді берді. Пәни өмірден бақиға аттанар алдында апамды қалаға алдырып, бірнеше күн жанында болдым. Қалада ем-домын алды. Келіні қызметінде болды. Бәріміз оның разылы­ғын  алуға  тырыстық.

Бір  әдетім бар еді. Қашан және қайда бет алсам да міндетті түрде қоңырау шалып, біз үшін дұға жасауын өтініп, «Апа, ұшаққа отыр­дық», «Апа, көлігіміз қозғалды» деуші едім. Сол сәтте: «Балам, сенің және жаныңдағы жолдастарыңның сапары бейқатер болсын. Аман барып, есен қайт! Алла жолдарыңды оңғарсын!»  деген  дұғасын  ылғи  айтатын.

Ұшаққа немесе көлікке отырған кезде апамның «Сапарың бейқатер болсын, балам!» деген сөзін есту мен үшін өте маңызды болатын. Сол үшін сапар алдында арнайы хабарласатынмын. «Бейқатер» дегені сапарың қауіп-­қатерсіз болсын дегені ғой. Осы сөз санама сіңіп, құлағымда  әбден  жатталып  қалыпты…

Күндердің күнінде апамды қалада емдетіп, батасын алып, ауылға шығарып салдық. Көп ұзамай қатты ауырып жатыр деген хабар келді. Осыдан кейін жолға қамданып, ұшаққа отырып, белдігімді бекітіп, баяғы әдетіме салып, апамның: «Сапарың бейқатер болсын, балам!» деген сөзін есту үшін телефон шалғанымда ағамның «Анамыздың қазір ғана жаны үзілді» деген сөзі денемді тітіркендіріп, төбемнен мұздай су құйып жібергендей әсер етті.

«Сапарың бейқатер болсын, балам!» деген сөз де анаммен бірге бейітке кеткенін сезіп, жүрегім езіліп кетті… «Енді маған ондай сөзді кім айтады?» деген сұрақты өзіме қойған са­йын  жүрегім  ауырады.

Апамның жаны үзілерден 2-3 сағат бұрын әпкем қоңырау шалып: «Жанын жұбатар бір ауыз сөз айтшы. Жаны қиналмасыншы» деп өтінді. «Апа, мен сізге ризамын. Маған да риза болыңызшы (осы сәтте кейіпкеріміздің тамағы­на тағы да өксік тығылып, жылап жібер­ді, құдайы асқа жиналғандар да көз жасына  ерік  берді. – авт.)»  дедім.

Апам тіл қата алмады. Әпкемнің айтуынша, маған жауап бергісі келгенімен дәрмені болмап­ты. Бірақ менің дауысымды естіген кезде көзінен жас шығыпты. Әпкем: «Анам саған ишарамен ризалығын білдірді. Саған Алла риза болсын!» деді. Хақ Тағала баршамыз­ға анамыздың ризалығын алып, оған барынша қызмет етіп қалуды нәсіп етсін. Әмин!».

Кейіпкер осындай игі тілекпен сөзін  тамамдады.

Бауыржан Момышұлына: «Кімді қадірлейсіз?» деген сауал қойылғанда: «Ардақты ананы қадірлеймін» деп жауап бергені бар. Батыр Бауыр­жан атамыз бұл сөзін ісімен де дәлелдеген. Біз біліп-білмейтін ғибратты оқиғалар көп. Соның  бірі – өзіне алған пәтерді кейуанаға бергені туралы оқиға жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» (32-33-беттер)  баяндалған.

Осы оқиға кітапта былай баяндалады: «Бауыржан бұрын Дзержинский көшесінде, шағындау пәтерде тұрса керек. Қалалық советтен кеңірек пәтер сұрайды. Бір күні оған қалалық советтің қызметкері телефон соғып, «сіздің өтінішіңіз орындалды, келіп кең пәтердің ордерін алыңыз» дейді. Пәтерімді көрейін деп жаңа үйге барса, есік алдында мұңайып тұрған қартаң  орыс  әйеліне  кездеседі.

– Неге мұңайып тұрсыз, шешей? — дейді ойын­да  ештеңе  жоқ  Бауыржан  әйелдің  қасына  тоқтап.

Әйел қалалық советтің осыдан екі бөлмелі пәтер бермек боп уәде етіп келгенін, бірақ дәл ордер берерде ол уәделерінен тайып  қалғанын  айтады.

– Маған деген үйді бір үш бөлмелік пәтермен біріктіріп, бір полковникке беріпті. Қай­тейін, менің де балам соғыста өліп еді. Әрине, ол солдат еді,  — дейді.

Мұны естігенде Бауыржанның барлық түгі сыртына теуіп шыға келеді. Жирен мұрты едірейіп,  электр  сымының  біріне-бірін жақындатқан екі ұшындай болып, шытыр-шытыр  ете  қалады.

– Мұңаймаңыз, шеше, қазір ордер беретін жерге барыңыз, пәтеріңіз өзіңізге тиеді, — дейді де Бауыржан мініп келген машинасына отырып алып, қайтадан  қалалық  советке  тартады.

– Мен біреуге берілген пәтерді маған бер деген жоқпын, — дейді ол бағана қолына ордер  ұстатқан қызметкерге келіп. – Мына  ордерді жыртыңыз  да, пәтерді  бұрын  уәде етілген  адамдарға  беріңіз!

Осылай деп ол қолындағы ордерді қайтарып береді. Қалалық  совет  қызметкері  қал­балақтап:

– Ол адамдарға пәтер кейінірек беруге ұйғарыл­ған еді. Сіз пәтер сұраған соң сол екеуін қосып, сізге қамқорлық жасайық деген едік…

– Молчать! — дейді Бауыржан көзі ежі­рейіп, мұрты одан сайын тікірейе түсіп. – Маған мұндай  қамқорлықтың  керегі жоқ. Жиырма минут­тан кейін маған телефон соғып, бұл пәтер­дің  бұрынғы иелеріне берілгенін  хабарла­ңыз.  Понят­но  вам?!

– Түсінікті, түсінікті, жолдас Момышұлы. Тек сіздің берген пәтерден неге бас тартып тұрғаныңыз  түсініксіз.

– Ол  солдаттың  анасы  ғой!.. Енді  ұғынық­ты ма сізге?

Қызметкер басын изейді. Расында ол бір­сыпыра уақыттан кейін Бауыржанның үйіне теле­фон  соғып, жаңа пәтердің бұрынғы иелеріне  ордер  жазылып  бергенін  хабарлайды.

– Ордер алғанда олардың қуанышында шек болған жоқ, — дейді қызметкер. – Әсіресе қарт ана қатты қуанды. Сіздің Бауыржан Момышұлы екеніңізді білгенде… ол жылап  жіберді…

Содан бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Бауыр­жанға Фурманов көшесінен басқа пәтер берілген  екен…».

«Алла Тағала өзгеге мейірім көрсеткен пендесін Өз мейіріміне бөлейді» деген хадистің мәні осы болар. Әділдік орнаған  қоғамға береке кіреді. Адам хақысына қиянат  жасал­ған жерде береке болмайды. Бауыр­жан атамыздың әділдікті ту етіп, ананы ардақтап, оның  жүрегіне қуаныш  ұялатқан  әрекеті көпке  үлгі  болса  игі.

Әбдіғаппар ұстаз кейде насихатын баты­рып айтып, батыл жеткізгенімен, айналасындағы адамдарға  өте  бауырмал  болатын.

Мәңгілік мекеніне аттанар алдында қатты науқастанып қалды. Өзі ауыр дертпен арпалысып жатса да жанашыр ағалары мен бауырларына хабарласып, бауыры Әбдіжаппарға дұға етуді, көңілін көтеріп, жігерін  оятатын  сөз  айтуды  өтінді…

Асылында, адам ауырса ешкіммен, ешнәрсемен шаруасы болмай қалады емес пе? Алайда Әбдіғаппар ұстаз ағасын қатты уайымдап, оның жағдайына алаңдап, жан күйдірді. Кейде өзіміз ауырсақ, айналадағы адамдардың көңіл бөлуін қалаймыз немесе олардың міндеті деп түсінеміз. Ал марқұм ұстаз өзі қиналып жатса да ағасының қасында бола алмағаны жанына батты. Бауырға деген сүйіспеншіліктің үлгісі осы  болса  керек…

Ол кісінің тұлабойында өзімізге үлгі алар қасиеттің бірі – анаға деген ерекше махаббат. Бірде анасы ауырып қалады. Дәрігерлер қасындағы адамдарға жұғып кетпеу үшін оңаша бөлмеде отыруға кеңес береді. Бір күні ұстаз үйіне келсе, балалары әжесінің қасына жоламай, бөлек бөлмеде жатқанын  көреді.

Сонда ұстаз: «Анамды бір бөлмеге жалғыз қалдырып, мен қалайша бала-шағамды құшақтап жатам. Бұған шыдай алмаймын. Жұқса – бәрімізге жұқсын. Басқа түссе – көреміз» деп батыл қадаммен бала-шағасымен анасының қасына барады.

Кейіннен анасын қалаға апарып, кешенді тексеруден өткізген соң дәрігерлер ешқандай жаман аурудың белгісі жоқ екенін айтады. Осы сәтті жиі еске алатын марқұм Әбдіғаппар өз уағыздарында жастарды ата-ананы сыйлауға, тірі кезінде батасы мен дұғасын алып қалуға үндеді. Өзі де  айтқан  насихатына  амал  етті.

Тағы бір ғибратты оқиғаны баяндайын. Көлік – ер қанаты. Кез келген ер-азаматтың көлік алуға аңсары ауып тұратыны жасы­рын емес. Бір күні ұстаз жиған ақшасына өмірінде бірінші рет жаңа көлік сатып алады. Құстай ұшып, үйіне жетеді. Қуанышын бөлісейін деп анасына барса, ол кісінің көңілі босап, жылап отыр­ғанын көреді. Байқап қараса, теледидардан қажылық туралы әсерлі деректі фильмді көріп, көңілі  босап  отырған  екен.

«Анашым,  қажылыққа  барғыңыз келе ме?» деп сұрағанда ол: «Е, балам! Кімнің қажылыққа барғысы келмейді дейсің?» деп жауап берген екен. Алайда баласына салмақ түсірмейін деп қажылыққа барғысы келетінін ашық айтпаса керек. Сонымен Әбдіғаппар ағамыз анасының бір ауыз сөзін жерге тастамай, су жаңа көлікті қажылық компаниясына  өткізеді  де, оның орнына  анасын  қажылыққа апаруды ұсынады.

Былай қарасаң, бірден шешім қабылдай салу қиын іс қой. Бірінші рет көлік алып, оның игілігін көрем дегенде одан бас тарту үшін адамға үлкен ерік-жігер қажет-ақ. Алайда ұстаз ойланбастан анасын қуантайын деген ниетпен бірден көлігін қажылық компания­ларының біріне апарып тастайды. Бұл тура­лы Әбдіғаппар Шәкірұлы өзінің уағыздарында жиі айтатын. Міне, азаматтық іс деп осыны  айт.

Ұстаздың  осы  туралы: «Анам қажылыққа  барып, ерекше нұрланып  келді. Қағбаның қасында  бізге  жылап  тұрып дұға  жасапты. Жігіттер, егер аналарың  болса,  тірі  кезінде дұғасын  алып  қалыңдар» деген уағызын  тыңдап  едік.

Ол кісімен бір іс-шарада кездесіп қалдық. Жылы шыраймен амандасып, бауыры­на басты. Әлгі іс-шарада бар-жоғы 20 минут ғана төбе көрсетіп: «Уәде беріп қойған соң келіп едім. Әйтпесе, анам қатты сырқаттанып жатыр. Сол кісінің қасында болайын. Маған рұқсат берсеңіздер, жолға қамданайын. Алла разы болсын! Сауаптан жазсын!»  деп  кері  жолға  шығып  кетті.

Уәдесін орындау үшін қаншама шақырым жол басып келген екен. Осы оқиғаға куә  болған  біз  ұстаздың  бұл амалынан қатты  әсер алдық. Алла алдынан жарыл­қап, мейіріміне  бөлесін.

(Басы  өткен  сандарда. Жалғасы  бар)

Ағабек  ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: