Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ой салар оқиғалар

05.02.2026, 6:00 44

Жұртты жырымен жақсылыққа үнде­ген белгілі ақын, марқұм Серік Қалиев тура­лы біраз ғибратты естеліктер айтылды, жазылды. Ол кісінің соңғы  сапар  алдындағы амалы да адам  жүрегін  елжіретпей  қоймайды…

Серік аға жайлы айтылған әңгі­ме­лердің ішінен өзіме қатты ұнаған бір оқиғаны танысымның сөзімен баяндап берейін: «Мен ол кісімен жиі сапарлас болдым. Адамның мінезі қандай болса, сөзі де сондай болады екен ғой. Марқұм Серік ағаның мінезі де, аузынан шыққан сөзі де жүрекке ерекше жұмсақ тие­тін. Бір  күні  ол  кісімен  сапарға  шықтым…

Жолай көп әңгімелестік. Ол маған ағалық насихатын айтып, жанашырлық ниетпен өмірде көрген-түйгендерін, кеңес­терін бөлісті. Әзілдессе, орнымен қызықты әңгіме тиегін ағытатын. Насихат айтса, шынайы ниетпен әсерлі әңгімесін бастап кететін. Кейде шабыты келіп, насихатын өнегелі өлең-жырмен жалғайтын.

Бір кезде ол кісінің көлігінен  құжаттар салатын  қуыстан  жіңішке етіп кесілген, ені бар-жоғы  2-3 сантиметрге жететін бір емес, бірнеше ақ қағазды көріп қалдым. Қызықтап, бірнешеуін алып қарасам «медресе құрылысына көмек», «мешіт құрылысына қаржылай қолдау», «науқасқа жәрдем», «ауру баланың дәрі-дәрмегіне ақша», «қарызы бар адам» деп жазып, астына сол адамның Kaspi Gold картасына тіркелген байланыс нөмірін көрсетіпті. Байқасам, 20-30 жіңішке қағазға осылай тиянақтап  жазған  екен.

«Бұл қағаздарды не үшін жинап алғансыз?» деп сұрағанымда: «Әлеу­мет­тік желілерден мешіт, медресе құрылысына қатысты жазбаларды, жекелеген азаматтардың көпшіліктен көмек сұраған өтініштерін көзім шалып қалғанда бірден Kaspi Gold карточкасына тіркелген байланыс нөмірін өзіме сақтап аламын. Сөйтіп соның бәрін ақ қағазға жазып, жеке-­жеке қиып, көлігіме салып қоя­мын. Алматы мен қала маңындағы ауылдарға барған сәтімде жолай кісілер ала кетемін. Оларға барынша насихат айтуға тырысамын. Дінге қатыс­ты қойған сұрақтарына  білгенімше  жауап  беремін.

Жолаушыларды айтқан жеріне жеткізіп салғанымда жолақысын төлеуге ыңғайлана берген сәтте осы қағаздардың бірін қолына ұстатып: «Аз да болса мешіт пен мед­ресе құрылысына үлесіңіз, дертке шалдыққан, қарызға батқан жанға көмегіңіз болсын, шын ниетпен осы нөмірде көрсетілген адамға ақша аударып жібере салыңыз» деймін. Мұндай нәрсені күтпеген олар көп жағдайда не айтарын білмей, абдырап  қалады…

Мұсылманның баласы емес пе? Мешіт десе, көмекке мұқтаж адам десе, қарап қалмай, ниет еткен қаражатын аударады. Қанша жібергенін сұрап та жатпаймын. Бәрін Алла көріп тұр ғой. Ең бастысы, 100 теңге жіберсе де шынайы ниетпен садақасын берсе болғаны. Құдай үшін қаражаттың сомасы маңызды емес. Алла адамдардың аз да болса шынайы ниетпен амал жасағанын, Құдай жолында аз-кем садақа бергенін көргісі келеді», — деп жауап берді. Серік ағаның бұл амалына ерекше риза болдым». Танысым сөзін осылай  түйіндеді.

Бұдан көп ой түйдік. Біз кейде өзге түгіл өзімізді өзгерте алмай жүреміз. Өзгені  жақсы  амалға итермелеу, оны жәннатқа  жетелейтін іс­теріне көмектесу, көмекке мұқтаж адамдарға деген мейірімін ояту, сауа­бы үздіксіз жалғасып отыратын мешіт, медресе құрылысына үлес қосу­ға себепші болу – нағыз ер адамның, қоғамда Ислам, адамгершілік құндылық­тары  салтанат құруын шын  қалайтын мұсылманның қолы­нан келе­тін үлкен іс. Өз қара басының қамын күйттеп кетуді емес, өзге­нің  жағдайына  алаңдап  тұратын  мінез  иманды  адамның  сипаты  емес пе?

Ізгі ғұламаның бірі «Сауапты  іс  адамның жүзіне – сәуле,  жүрегіне – нұр, ризығына – кеңшілік, денесіне күш-қуат береді» деген. Амалдардың  ең   абзалы – адамдарға  қатысты  жүзеге  асқан  ізгі  іс.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайда­лы  болғаны», — деген. Көптеген жақсы істеріміз жеке басы­мыздан ары аспай қалса, бұл – терең ойланатын мәселе. Өйткені адам бала­сы өзгеге жаса­ған жақсы амалдарының нәтижесінде Алланың мейі­рімі мен нығметіне бөленеді екен. Хадистердің бірінде: «Кім жақсы іске жол салса және оны іске асырса, оған сауап жазылады. Сондай-ақ соны­мен амал етушілердің де сауабы жазы­лады», — делінген.

Марқұм Серік ағамыздың міне­зінің жайдары, жүзінің жылы болуы сауап­ты амалдарға көбірек себепші бола білгенінің  бір көрінісі деп үміттенеміз және Алладан  соны  тілейміз. Раббымыз  рақымына  алғай!  Әмин!

Жақсылыққа жаны құмар қайырымдылық қорында қызмет ететін Асхат бауырыммен кездескенімде керемет оқиғаны әңгімелеп берді. Өзінің басынан өткен жағдайды баяндап бергенде айрықша әсер алдым. Сізге де пайдалы болар деген ниетпен телефоныма басып алған жазбаны  қағазға   түсірдім.

Ғибратты оқиғаны соның сөзімен сабақтайын: «Бір күні қорымызға жесір келіншек көмек сұрап келді. Көңілі жабырқау. Жүзінен қатты қиналып жүргені көрініп-ақ тұр. Тұрмыс жағдайын сұрағанымызда жылап жіберді. «Жақында дәрігердің қабылдауында болдым. Қатерлі ісіктің асқынған белгісі барын айтып: «Өміріңе қауіп төніп тұр» деді. Содан бері күні-түні шиеттей бала-шағамды ойлап, сарыуайымға баттым. Мен кетіп қалсам, балапандарыма кім қамқор болады?», — деп  жылап  жіберді.

Осы  кезде  жесір  анаға  басымнан өткен  бір  оқиғаны  айтып  бердім. «Сіз  сенесіз  бе? Менің  де  әйелім қатерлі  ісікке  шалдыққан. Оған да дәрігерлер: «Аз ғана өмірің қалды» деп қайғымыздың үстіне қайғы қосып берген. Мен сол кезде әйеліме: «Сен мен үшін ауру емессің, ертең-ақ жазылып кетесің. Адамның өміріне тек бір Алла ғана үкім айта алады. Басқа ешкім адам тағдыры туралы кесіп айта алмайды»  дедім. Арада  қанша жыл өтті. Аллаға шүкір, қазір әйелім қасымда. Дін аман. Қатерлі ісіктің  ізі  де  қалмады.

Осы сөзді енді сізге айтамын. Адамның тағды­ры – Алланың қолында. Сіз ауру емессіз. Ешкімнің «Сен ертең өмірден өтесің» деп айту­ға ақысы жоқ. Сіз Алла қаласа өмір сүресіз. Бала-шағаңыздың ертеңі үшін өмір сүруіңіз керек. Түрлі жаман ойды миыңыздан қазір-ақ шығарып тастаңыз да, балапан­дарыңыздың болашағы үшін күресіңіз. Бәрін бір Аллаға тапсырыңыз», — деп қатты батырып  айтып  жібердім.

Қор  қызметкерлерімен  ақылдаса  келе «жесір келіншектің отбасын бір күн болса да қуанышқа бөлейік» деген шешімге келдік. Сөйтіп дүкеннен қажетті азық-түліктер мен балаларына түрлі ойыншық алып бардық. Бізден мұндай істі күтпеген олар қатты қуанып қалды. Үйлеріне қонақ келмегелі біраз болыпты. Туыстары хабар алып тұруды қойған. Келгенімізге қуанып, төбесі  көкке  жетті.

Қайырымдылық іс-шараларды жиі ұйым­дастырамыз. Іс-шара барысында қаншама тағдыр­ды көресің. Өз жағдайыңмен салыстырып «Аллаға шүкір!» дейсің. Әлгі жесір келіншекті ұмытып та кеткенбіз ғой. Тура үш ай өткен соң ол қор кеңсесіне кіріп келді. Қуаныштан жүзі жайнап тұр. Ерекше тебіреніспен: «Дәрігерлер қатерлі ісік туралы диагноз қойған соң араға үш ай салып тексерістен өткізді. Жуырда жоспарлы тексеруден өткенімде жаман аурудың ізі де қалмапты. Дәрігерім қатты таңғалып: «Мұндай нәрсе өте сирек кездеседі. Шетелге барып емделген жоқсың ба?» деді. Сол кезде маған: «Сіз ауру емессіз! Бала-шағаның  болашағы  үшін  өмір  сүріңіз»  деген  едіңіз.

Осыдан  кейін  күн  сайын  бірнеше рет ішімнен «мен ауру емеспін» деп қайталап жүрдім. Жатсам-тұрсам Құдайдан: «Мені ауру ете көрмеші» деп тіледім. Аллаға шүкір, қазір сіз айтқандай, мен ауру емеспін. Сіздерге өте ризамын. Баршаңызға Алла разы болсын. Құдай сіздерді  қуантсын!», — деді.

Бәріміздің көңіліміз босады. Әсіресе эмоциялық сезімін жасыра алмайтын қыз-келіншектердің көзінен жас парлады. Осы сәтті пайдаланып, басымнан өткен тағы бір оқиғаны айтып бердім. Әйелім ауруханадан шыққан соң мен кіші қажылыққа бардым. Жол жүрер­де жолдасым қалың қойын дәптерді қолыма ұстатып: «Жеткен соң қасиетті Қағба жанында оқыңызшы»  деп  өтініш  білдірді.

Алланың қалауымен Меккеге жетіп, Қағба қасына жақындағанда қойын дәптерді аштым. Бастан-аяқ дұғалар. Ұсақ-түйек қажеттілік­терге дейін ерінбей жазыпты. Бірде күліп, бірде жылап  дұға  жасадым.

Арадан төрт жыл өткен кезде қойын дәптердегі орындалған дұғаларды белгілеп шықтық. Алла Тағаланың қалауымен тұтас бір дәптерге  жазылған  дұғалардың  95 пайызы  орындалыпты.

Осыдан кейін Құдайдың құдіретіне қалай нанбайсың?! Ең бастысы, сұраған нәрсенің орындалатынына кәміл сену керек. Сонда бәрі орындалады». Асхат бауырым сөзін осылай түйіндеді.

Сұхбаттан кейін ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға ең сүйікті  амал – бауырыңның жүрегіне қуаныш сыйлау»; «Кім мүміннің осы дүниеде бір қайғысын сейілтсе, Алла Тағала оның қияметтегі қайғысын сейілтеді» деп айтқан хадистеріне амал жасаған пенделерден болсақ екен деген тілек еріксіз еске түсе берді…

Науқас адамға жақсы көңіл күй сыйлау өте маңызды. Медицинаның негізін қалаған, әлемге мәшһүр мұсылман ғұламасы Әбу Әли ибн Сина: «Ауруды емдеудегі дәрігердің үш құралы – жылы сөз, шөп және дәрігер қандауыры» десе, Конфуций: «Адамның денсаулығы – оның көңіл күйінде» деген екен. Дәрігерлердің айтуынша, байбалам салып, үрейлене берген адамға ем қонбайды. Адамды  дәрі  емес,  мейірім  емдейді.

Медицина саласындағы кейбір дәрігерлердің науқастың тағдырына қатысты «үкім» айтып, тірідей о дүниеге «аттандырып» жіберетіні өте өкінішті. Онсыз да шыбын жанын шүберекке түйіп келген адамды одан сайын тірідей «өлтіруге» бола ма? Атам қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы сөйле немесе үндеме» деп жақсы сөйлеуге үндеген.

Сондықтан дәрігер жақсы сөзін айтып, тәннің ғана емес, жанның да емшісі болуы тиіс. Адам тағдыры – Алланың қолында. Шын ниет­пен дұға жасап, мінәжат етіп, жаман ауруы­нан айыққан қаншама азаматты білеміз. Жоғарыда баяндалған, яғни шынайы өмірде болған  оқиға осыған дәлел. Бірауыз  сөз  адамның  өмірге  деген  құштарлығын  оятып, үмітіне қанат бітіруі ғажап емес. Дәрігерлер жанның  да  емшісі  болуы  керек. У  тамған  тілден бал  да  тамады…

Ел ішінде түрлі ғибратты оқиғалар боп жатады ғой. Бірде таныс имамнан осы оқиғаны естігенде әкеме деген сағыныш тұлабойымды шымырлатып жіберді. Осы әңгімеден ой түйгенім: әкенің әр сөзі, оған қаты­сы бар барлық нәрсе – бала үшін баға жетпес байлық, қазына, ешқандай дүниемен айырбастау­ға тұрмайтын  қымбат  құндылық…

Естіген оқиғаны имам сөзі­мен баяндайын: «Мінезі жақсы, құлшылыққа ықыласты жақыннан араласатын таныс бауырым бар еді. Ол үйінің кенжесі болатын. Анасы кіші ұлын қатты жақсы көретін. Ол да анасының сөзін екі етпей, елжіреп тұратын. Бір күні сол бауырымның басына сынақ келіп, ауыр дертке шалдығып, төсек тартып қалды. Ауыр хәлде жатқан баласының жай-күйі анасының жүрегіне қатты батты. Өлімге қимай, күнде көз  жасын  көл  етеді  екен…

Бір күні ұлы: «Анашым, маған батаңызды беріңіз. Тағ­дырға риза болыңыз. Алланың әмірін ризалықпен қабыл алыңыз. Сіздермен қоштаса­тын уақыт жақындаған сияқ­ты. «Алла, баламның жанын жеңіл алғайсың!» деп дұға етіңізші.  Мен  сізге  ризамын», — депті. Бұл ұлының соңғы тілегі екенін сезген анасының етегі жасқа толып: «Балам, саған риза­мын. Отбасыңды уайымдама. Өлгенше өзім қамқор болам», — деп баласының өтініші бойынша дұға жасапты. Осыдан кейін ол көп ұзамай жан тапсырды. Бәріміз онымен  қимай  қош­тастық…

Арада біраз уақыт өткен соң марқұм жігіттің бауырлары оның әйеліне үйдегі ескі көлікті сатып, жаңасын әпермек болады. Үйдің үлкендері дастарқан басында кеңесіп: «Ескі көлік жиі сынып, мазаңды алып әуре етеді. Оны сатып, жаңасын алайық. Көлік жүргізуді үйреніп алған соң балаларды сабаққа өзің апара бересің. Тірі адам тіршілігін  жасауы  керек», — деген сәтте ойнап отырса да әңгіменің бәрін бір құлағымен естіген жеті жастағы қыз олардың  сөзін  бөледі.

Оның: «Көлікті сатпаңдаршы. Онда әкемнің иісі бар» деген өтініші үй-ішін бір сәтке мүлгіген тыныштыққа бөлейді. Бүлдіршіннің өтінішін естіген анасының, әжесінің, марқұмның бауырларының жанары жасқа толыпты». Имам сөзін осылай түйіндеді.

Имамның айтуынша, үйдің үлкендері қыздың өтінішін жерге тастамай, ескі көлікті орны­нан қозғамапты. Әлі күнге дейін есік алдында тұр. Марқұм жігіт жұмыстан қолы қалт ете қалса уақытын отба­сына арнайды екен. Бала-­шағасын көлікпен қыдыртып, көңілін аулапты. Қызы мәшинеде көп ойнаса керек. «Көлікте әкемнің иісі бар. Оны сатпаң­даршы» деген өтінішінде үлкен мән жатыр. Осы  сәтте:

Жүректі тербеп күй сынды,

Биікке ұшсам сүйсіндің.

Мойныңа көптен асылмай,

Сағындым, әке, иісіңді, — деген өлең жолдары еске түсе берді…

Оқиғадан оқиға еске түсіп жатыр. Марқұм әкем мені де жиі қыдыртушы еді. Ол дүние салғанда мен 11 жаста едім. Әкем қыдыртқан көлік бірнеше жыл есік ауласында тұрды. Жүргізейін десем, жасым да, әлім де жетпейді. Шамалы өскен кезде бірінші рет көлік жүргіздім. Бірақ дұрыс жүргізе алмай, көлікті үлкен сайға түсіріп алдым. Аман қалғаныма әлі күнге дейін шүкір деймін.

Әкемнің көзі боп қалған көлікті ұзақ жыл бойы ешкімге сатпадық. Жүрмеген техника тез істен шықпай ма? Сатуға тура келді. Әкемнің иісі қалған мәшинені көршіміз сатып алды. Одан кейін оны ауыл шетіндегі бір адам алды. Біздің жасыл түсті, яғни «Москвич-412» ауыл көшесінен әрі-бері өткен сайын үй жаққа бұрылып, әкем жұмыстан кеп қалардай сезімде боламын. Келмес сапарға кеткенін қайдан білейін… Ол заманда ондай мәшине екінің бірінде бола бермейтін. Бірақ мен үшін көлік емес, оның ішіндегі әкемнің иісі қымбат еді…

Иіс дегеннен шығады, марқұм ұстаз Бауыржан Әлиұлы қайтыс болғанда жаназасынан кейін құдайы асына қатыстық. Сол кезде Ерсін қари: «Біз енді Баукеңнің иісін сағынатын болдық», — деген еді. Оның мәні мынада екен: бір күні Ерсін қари, Бауыржан ұстаз достарымен бірге демалыс күні сейіл құрып қайту үшін  тау  жақты  бетке  алады.

Тауға таяу қалғанда ондағы саф ауаға таңданған бірі: «Қандай таза ауа! Ғажап қой!» — дей бергенде, сөзді іліп әкеткен Ерсін қари: «Таза ауаны қайдам, менің мұрным Баукеңнің денесінің иісін әлі сезіп келе­ді», — деп көлік ішіндегілерді қыран-топан күлкіге бөлеген екен. Сол кезде құдайы аста Ерсін Әміре: «Жоқ адамға қатыс­ты нәрсенің бәрі құнды ғой. Тіпті біз енді Баукеңнің иісін де сағынатын болдық қой. Қадірін тірі кезінде білмедік-ау», — деп жылаған еді. Біз де көз жасымызды тыя алмад­ық…

Белгілі дәстүрлі әнші Тоқтар Серіков әкесі қайтыс болғанда оған қатысты дүниенің бәрін туысқандарына таратып жіберіпті. Тек шапанын өзіне қалдырады. Асқар тауын қатты сағынғанда шапанын киіп, бүрісіп ұзақ жатып қалады екен. Оның сырын сұрағандарға: «Бұл шапанда әкемнің иісі қалған. Сол үшін ұзақ уақыт әкемнің иісін иіскеп жатамын. Шапанды киіп, бүрісіп жатсам, әкем мені құшақтап алғандай әсерге бөленемін», — деп жауап берген екен.

Кәрістер түсірген әсерлі фильм көрдім. Кинода шынайы өмірде болған көзі көрмейтін, құлағы естімейтін жеті жастағы қыздың тағдыры баяндалады. Оның мұндай хәлге тап болуына ата-анасы­ның арасындағы дау-жанжал себеп болғаны меңзеледі. Фильмдегі бір сәтті орайы келгенде осы ретте ерекше атап өткім келіп тұр. Кішкентай қыз жеті жасында анасы­нан  айырылады.

Жұмыстан келіп қалар деген үмітпен бірнеше жыл күтеді. Бірақ анасының киімін қолынан тастамайды. Қайда барса да өзімен бірге алып жүреді. Тіпті жууға да бермейді. Анасын қатты сағынған кезде оның иісі сіңген киімін құшырлана иіскеп алады. Сөйтіп, сағынышын басады…

Бала үшін ана мен әкенің орны қандай десеңші?! Өлім біздің ырқымыздағы шешім емес. Ал ажырасу туралы шешім қабылдау бала үшін қандай ауыр екенін айтудың өзі қиын…

(Басы өткен санда. Жалғасы бар)

Ағабек  ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: