Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және оларды терең өңдеуге бағытталған ірі аграрлы жоба жүзеге асырылуда, жобаның бастамашысы – швейцариялық Harvest Agro компаниясы.
Жоба 2025 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Harvest Agro компаниясы арасында қол қойылған үшжақты Негіздемелік келісім аясында қолға алынуда. Жалпы аумағы 23,5 мың гектар жер телімінде жүгері және соя дақылдарын өсіру және қайта өңдеу жоспарланған.
Жобаның бірінші кезеңін іске қосу 2026 жылға белгіленген. Осы кезең аясында 8,5 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіліп, тұқым өңдеу зауыты салынатын болады.
Екінші кезеңде егіс алқаптарының көлемін екі есеге ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қуаттылығын жылына 60 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Болашақта жыл сайынғы өндіріс көлемі 70 мың тонна жүгеріні және 20 мың тонна сояны құрайды деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда 6 мың гектар жердің жоспарлау жұмыстары аяқталды, тағы 8,5 мың гектар аумақта жерді тегістеу жұмыстары басталды. Өндірістік жұмыстарға 110 бірлік арнайы техника тартылған, 15 жаңбырлатып суару жүйесі орнатылуда, сондай-ақ заманауи орталық тіректі суару технологиясы қолданылуда.
Айта кету керек, жоба Мемлекет басшысының өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру және суармалы суды аз қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда.
Осы тұрғыда жүгері егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы бұл дақыл 1,7 мың гектарға егілсе, биыл аталған көрсеткішті 10 мың гектарға дейін ұлғайту межеленген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!