Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

  • USD: 419.66 (0.21)

  • EUR: 500.44 (-4.2)

  • RUB: 5.62 (-0.06)

Бақберген Аманов: «Олжалы оралдық»

20.02.2021, 12:30 200 0

Бақберген АМАНОВ,

қол күрестен Түркістан облысының аға жаттықтырушысы:

«АҚТӨБЕДЕН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫҚ»

Жақында ғана Ақтөбеде ерлер мен әйелдер арасында армрестлинг (қол күрес) спортынан ел біріншілігі аяқталды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қол күрес шеберлері үш күн бойы күш сынасып, кіл мықтының арасынан кім мықты екенін анықтады. Пандемия жағдайына байланысты сайыс көрерменсіз өтіп, санитарлық талаптар барынша сақталған. Бұл туралы қол күрестен Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Бақберген Аманов жарысты қорытындылап, бізге шағын ақпарат берді.

Ақтөбедегі ел чемпионатына неше спортшы қатысты? Команда бойынша кімдер жүлдегер атанды?

– Жарысқа 600-ге жуық спортшы қатысты. Команда бойынша Түркістан облысының қол күрес шеберлері топ жарды. Ал екінші және үшінші орындарға Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының командасы ие болды.

Түркістан облысынан неше спортшы қатысып еді? Жеңімпаздарды атап өтсеңіз.

– Түркістан облысы Шардара қаласындағы «Шардара-Армспорт» клубынан 54 спортшы бақ сынады. Ақтөбеден олжалы оралдық. Түркістандықтар 8 алтын, 6 күміс және 5 қола медальға ие болды. Атап айтар болсақ, Нұрмахан Ердәулет (55 кг), Нұргелді Бақдәулет (60 кг), Қадір Нұрдәулет (65 кг), Айдархан Нұрдәулет (75 кг), Талғат Ақтаев (80 кг), Қаржау Есболат (90 кг), Зейнеп Тазабек (50 кг), Ләззат Мәлікайдар (60 кг) жеңімпаз атанды. Ал Абсаттар Даурен (60 кг), Сарыбай Ердәулет (65 кг), Пірімбет Абзал (70 кг), Шамиев Қайырхан (75 кг), Есенбай Бекзат 80 кг, Абдулла Ұлжан (50 кг) екінші орын алса, Рысдаулет Мухамбетов (110 кг), Беймен Анықбай (65 кг), Рамазан Жамкуров (70 кг), Мадина Жақып (55 кг), Мақпал Зиядулла (80 кг) үшінші орынға ие болды.

Бұл жолғы чемпионат туралы ойыңыз қандай? Жеңіске жеткен спортшыларды алда тағы қандай жарыстар күтіп тұр? Қайда, қашан өтеді? Оған неше спортшы қатысады. Түркістан облысынан кімдер барады?

– Ел біріншілігі санитарлық талаптарға сай, өте жоғарғы деңгейде, тартысты өтті. Осы жарыста яғни республика чемпионатында орын алған спортшылар Азия чемпионатына барады. Карантинге байланысты әзірге қай мемлекетте өтетіні белгісіз.

Түркістандық қол күресшілер алда өтетін оқу-жаттығу жиындарына бара ма?

– Болашақта қатысатын барлық үлкен жарыстарымыздың алдында оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарымызда бар.

Елімізде қол күрестің болашағы қалай болмақ?

– Елімізде қол күрес спорты өте қарқынды дамуда. Оған дәлел Қазақстан құрамасының әлемдік жарыстарда ең мықты үштіктің қатарына кіретіні. Сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен қол күреспен айналысатын спортшылардың саны да артып келеді. Соған қарап болашақтан көп үміт күтеміз.

Жазып алған – Айбек МҰХАНОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: