Қоғам дамуының рухани темірқазығы — кітап. Ұлттың ой-санасын, мәдениетін, танымын қалыптастыратын басты құрал да — кітап. Алайда цифрландыру дәуірінде, әлеуметтік желілер заманында кітап оқу мәдениеті төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Осы орайда «Шалқар» радиосының «Кітап әлемі» бағдарламасынаҚазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист-жазушы, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайды шақырып, оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру, кітаптың қоғамдағы рөлі, балалар мен жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту туралы азды-көпті ой қозғадық. Сол сұхбатымыздың жазбаша нұсқасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Бір жылда бір кітап та оқымаған…
— Қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетінің деңгейін қалай бағалайсыз? Оқырман неге кітаптаналыстап барады?
— Кітап оқу мәдениеті деген не? Әуелі осы ұғымның толық мағынасына үңіліп көрейік. Орыс жазушысы Максим Горкийдің: «Мәдениетті адам болып тәрбиеленуге екі құдіретті күш: көркем өнер мен ғылым әсер етеді. Бұл екеуімен де кітап бетінде жүздесесің» деген сөзі бар. Адамзаттың ақыл-ойының інжу-маржандарының бәрі кітаптың ішінде бар. Осынау баға жетпес байлықты бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізетін де – кітаптар. Демек, кітаптың өзі мәдениет. Кітап оқу мәдениеті ежелгі дәуірден басталады. Бір данышпанның сөзімен айтсақ, кітап – ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші. Ал қазір кітап оқу мәдениетінің деңгейін немен өлшейміз? Оның нақты бір өлшемі бар ма?Әлеуметтік зерттеу, әлемдік рейтинг, кітапханалардағы талдау ақпараты арқылы оқырманның кітап оқу мәдениетінің деңгейін анықтауға болады. Мысалы, биыл елдегі кітапханалардағы балалардың саны 29,5 пайызға (2021 ж – 23,7 пайыз еді) артты. Демек, әрбір үшінші оқырман – бала деген сөз. Кішкентай оқырмандардың жалпы саны 1,8 млн. адамға жетті. Бұл дерек те мәдениетіміздің деңгейін көрсетеді.


Қазақ кітап көп оқитын ұлттардың қатарына жата ма? Мұндай сауалға жауап іздеп, интернеттегі ақпараттарды (талдау мақала, сұхбат, статистика, әлеуметтік зерттеу және т.б.) сүзгіден өткізіп, өзіңше ой қорытуға болады. Бір мысал келтірейін. Қазақстандық қоғамдық даму институты биыл мамыр айында «Дәстүрлерді жаңғырту: қоғамдағы жаңа мінез-құлық нормалары» деген талдау есебін жариялады. Әлеуметтік зерттеуге қатысқан 2400 адамға сұрау салғанда олардың 51,2 пайызы бір жыл ішінде 1 кітап та оқымағанын айтқан. Әсіресе, 29-45 жас аралығындағылар ең «оқымайтын» санатқа жатады. Респонденттердің 29 пайызы 1-3 кітаппен шектеліпті. Сауалнамаға қатысқандардың аз ғана бөлігі тұрақты түрде кітап оқитынын жеткізген: 10,1 пайызы жылына 4-6 кітап, 4,3 пайызы 7-ден 10 кітапқа дейін, ал 4,8 пайызы жылына оннан астам кітап оқиды екен. «Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» деген сауалға респонденттердің 11,8 пайызы ғана бос уақытында газет-журнал, кітап оқитынын айтқан. Ал солардың 50,6 пайызы бос уақытын туыстарымен және достарымен кездесуге жұмсайды екен. Картина бәрін ашық көрсетіп тұр.
«Оқырман неге кітаптан алыстады?» деген сауал жиі қойылады. Мұның себептерінің бірі – жаңа технологиялардың келуі, интернеттің кең қанат жаюы. DataReportal-дың «Digital 2026» есебінде жарияланған мәлімет бәрімізді елең еткізді. 2025 жылы дүние жүзі халқының 68,7 пайызы әлеуметтікжелілерді пайдаланған. Ал Қазақстан халқының 80,8 пайызы (бұл көрсеткіш өңірлік, әлемдік орташа деңгейде де асып кеткен) әлеужеліні қолданады. Бұл көрсеткіш: Қырғызстанда – 53,3 пайыз, Өзбекстанда– 37,9 пайыз, Тәжікстанда – 18,9 пайыз, Түрікменстанда – 5,1 пайыз екен. Мына ақпаратқа зер салайық: TikTok-та тіркелген қазақстандыққолданушылар саны – 16,9 млн, Instagram-да – 13,1 млн, Facebook-та – 2,5 млн, Threads-те – 1,9 млн. Яғни, кітаптан алыстаған оқырманның бәрі әлеуметтік желілерде «отыр».


Төрт жыл бұрын шыққан ғылыми зерттеуімде мынадай мәлімет келтірдім: әр минут сайын Твиттерге 347 мың жазба жіберіледі, ал YouTube-ті пайдаланушылар 1 минутта 300 сағатқа жуық бейнематериалдарды жүктей алады. Бұл үдеріс қазір тіптен қарқын алды. Әр адам күн сайын 142-152 минутын әлеуметтік желілерді көруге жұмсайды. Оқырманның ақпаратты іздеу, алу, тұтыну әдебі мүлдем өзгерді. Қазір қалаған ақпаратыңды әлеужеліден үздіксіз іздеп, кез-келген уақытта тауып аласың. Цифрлық технологиялар адамның кітап оқуға деген ынтасын осылайша әлсіретті. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Клиптік сана деген ұғым пайда болды. Қазір жастар тіпті 6-7 сағат смартфонға телміріп қарап, ондағы сүзгіден өтпеген бейәдеп бейнежазбаларды көріп отырады. Бұлоқырманның кітаптан алыстауының бір ғана мысалы, себебі.
Баланың ой-өрісіне сай келетін кітап аз
— Балалар мен жастарды кітап оқуға баулу үшін отбасы мен мектептің рөлі қандай болуы керек?
— Қазіргі балалар осыдан 30-40 жыл бұрынғы балалармен салыстырғанда айтарлықтай кітапты аз оқиды. Бұл құбылыстың себебі көп. Ең алдымен, әр баланың ой-санасын бірден жаулап алатын ойын-сауық техникасы мен гаджеттер шамадан тыс көбейді. Соның әсерінен альфа буын виртуалды әлемде «өмір сүреді»: сол жерде ойын ойнайды, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Кітап оқуға құлығы да, мұршасы да жоқ. Екінші бір себеп, қазір тез шаршап қалатын балаларды ата-анасы сабақтан соң қосымшаға, секцияға, үйірмеге апарады. Күні бойы стреспен жүретін баланың кітап бетін ашуға мүлдем уақыты жоқ. Үшінші бір себеп, үйде әке-шешесі кітап жинамайтын, оқымайтын баланың да кітапқа қызығушылығы болмайды. Үлкендер әр бөлмеде бір-бір смартфонына үңіліп отырса, балалар да гаджетке кіндігімен байланады. Тағы бір себеп, қазір кітап көбейсе де, баланың ой-өрісіне сәйкес келетін көркем-әдеби кітаптар аз. Әр бала оқыған шығармадан бас кейіпкер ретінде өзін көргісі келеді. Баланың жасына, талғамына қарай оқысы келетін көркем әдебиет тапшылығы деген мәселе бар.


Бұл жерде ең алдымен отбасының атқаратын рөлін айтып көрейік. Қазір кітап оқитын балалар көбейіп келеді. 6-14 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы кітап оқуға қызығады. Ал 15 жасқа толған балалардың арасында бұл көрсеткіш бәсең. Оның бір себебі – 6 жасынан бастап кітап оқуға дұрыс баулымау, үстірт қарау, баланы кітап оқуға мәжбүрлеу. Егер ата-әжесі, әке-шешесі кітапқа қызықпайтын баланы күшпен оқуға мәжбүрлесе, оның санасында кітап оқу азап деген ұғым қалып қояды. Өйткені, кітап оқу ойнауға, теледидар көруге, смартфон қолдануға кедергі келтіреді. Психолог-мамандар баланың кітапты жек көрушілігін туғызатын себептерге: кітап оқу әдетінің болмауын, қызықтырмайтын кітаптарды, мәтін оқудағы кемшіліктерді, ынталандырудың жетіспеушілігін жатқызады. Расында да қазір теледидардың өзін сирек көретін балалар интернеттегі бейне ойындарға көп уақытын жұмсайды. Ондай балаларға кітап оқу көңілсіз және қызықсыз іс болып көрінеді. Баланы бір оқығаннан қызықтырып, елітіп әкетпейтін кітап ықыласының жойылуына әкеледі. Кейбір балалар жастайынан кітап оқуға дағдыланбаса оқуға қиналады.
Цифрлық технологиялар заманында баланы кітап оқуға қалай баулимыз деген сауал әркімді ойландырады. Бір-екі ұсыныс айтайын. 1. Бала айтқанды емес, көргенін істейді. Әр баланың жастайынан кітап оқуға қызығушылығы оянуы үшін, ол отбасында кітап сөресі, кітап оқу дәстүрі, кітап сатып алу мен сыйлыққа беру үрдісі қалыптасса, қуанарлық жағдай. Бала кезімізде үйдегі үлкендерәдеби кітаптарды жарысып оқитын. Ауыл кітапханасынан үйге кітап әкеліп оқу, оқыған кітаптардың қызықты жерлерін бауырларыңа әңгімелеп беру, кітап атауы мен авторларын, кейіпкерлерін бір қалың дәптерге жазып алу деген дәстүр болушы еді. Мереке күндері балаларға жаңа, қызықты кітап сатып әперейік. Әрине, балаға сен кітап оқы деп алып, өзіміз смартфоннан шықпай отырсақ, бұл тәсіліміз іске аспайды. 2. Кітапты баламен бірге оқу. Ол үшін баланың жас ерекшелігін ескеріп, қызығып оқитын кітапты таңдау маңызды. Қазір дүкендерде орыс тілінен сапасыз аударылған, тілі күрделі кітаптар да, оқиғасы балаға қабылдауға ауыр ертегілер де көп. Бұл жерде суреті көз тартатын комикстер, иллюстрациялық туындылар ерекше рөл ойнайды. Сол кітапты ата-анасы баласымен бірге оқыса тіптен тамаша. Мысалы, сол кітаптағы кейіпкерлердің рөлдерін бөліп алып, бір кейіпкерді анасы, екінші кейіпкерді бала оқыса, әсері ғажап болады. Мұндай кезде баланың кітап оқуға деген ынтасы артып, өзінің отбасындағы орны, құрметі бар екеніне қуанады.



Бұл істе мектептің атқаратын рөлі де айрықша. Германияда кітапты дауыстап оқудың жалпыгермандық күні деген атаулы күн бар. Сол күні қоғамдағы барлық зиялы қауым өкілдері, танымал тұлғалар балабақша, мектептерге барып, балаларға дауыстап қызықты кітаптарды оқып береді. Дауыстап оқу ата-ана мен баланың, мұғалім мен оқушының арасындағы эмоционалдық қарым-қатынасқа жағымды әсерін тигізеді. Жастайынан кітапты дауыстап оқыған баланың жоғары сыныптарда оқуды меңгеру, түсіну деңгейі артып, барлық пәндерді жылдам оқи алатын дәрежеге жетеді. «Кітапты дауыстап оқу» атты кітапхана сағаты Астанадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицейде де бар. Дауыстап оқу бір ойды оңай және дәл жеткізуді үйренуге мүмкіндік береді. Баланың сөздік қорын молайтып, ой-өрісін арттыруға, дикцияны, интонацияны, эмоционалды бояуды, сөйлеу дұрыстығын және оның басқа элементтерін жақсартуға көмектеседі. Ғалымдар ата-анасы кішкентай кезінен бастап кітапты дауыстап оқып беретін балалардың сөйлеу дағдысы жақсы қалыптасып, сауатты жазатындығын және ақпаратты тез сіңіретіндігін анықтаған.
Шағын кітаптар көбірек шығарылса…
— Сіздің ойыңызша, оқырманды қызықтыратын кітап қандай болу керек? Тақырыбы ма, тілі ме, әлде форматы ма маңызды?
— Қазіргі балалар әдебиетіндегі өзекті мәселенің бірі – балаларға арналған жаңа, қызықты, заманауи көркем шығармалар жеткіліксіз. Балаларға жазылған көркем шығарма қызықты, шағын, ұнамды болса ғана әр баланың көңілінен шығады. Бұл үдеден шығатын шығарма жазу оңай емес. Ал қиын деп қол қусырып отыра берсек, қазақ балаларын басқа тілдегі авторлар қызықтырып, өзіне тартып алады. Онсыз да кітап оқуға құлықсыздық басым болып тұр. Ал оқырманды қызықтыратын кітап қандай болуы керек? Меніңше, шағын әңгімелер, шағын ертегілер, қызықты өлең-жырлар, заманауи комикстер көбірек шығарылса. Ұлттық комикстерді дамытуды жапондардан үйренуге болады. Жапон балалары 300 беттік мангаларды бас көтермей оқиды. Себебі ол – балаға өте қызықты шығарма. Суретпен және мәтінмен берілген хикаялар әр жапон баласының жүрегінен орын алған. Ұлттық комикс дегеніміз осы. Ұлттық құндылықтарды балалардың санасына сіңірудің ең оңай, ең тиімді жолы. Комикстердің аудармасы деген де мәселе бар. Ол аудармаларды белгілі бір сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес, құзырлы комиссия құру керек. Әркім өз шамасына қарай аударып, шығарып жүр. Меніңше, осы бағыттарға Үкімет те, балалар жазушылары да дұрыстап көңіл бөлетін уақыт келді. «Аруна» баспасы шығарған кітаптардың мазмұны шағын, қағазы қалың, бағасы қымбат. Әр үйдің балалары сатып алып, оқи алмайды. Иллюстрациялық кітаптарға Бэтмэн, Өрмекші адамды емес, заманауи ұлттық қаһармандарымызды бейнелесек, ұтамыз. Мәселен, орыстың «Маша мен аю», мысықтар туралы мульттоптамасын қазақ балалары неге тапжылмай отырып тамашалайды? Онда ізгілік, мейірім, адамгершілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Баланың мейірімге сусаған жүрегінің шөлін басады. Ол өнімнің қай тілде болғаны маңызды емес, бір көргеннен ұнаса, қайталап та көре береді. Сол сияқты балаға бір көрген кезде шынайы ізгіліктің дәнін себетін аниме, комикс, иллюстрация өнімдеріне кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып тастасақ, балалар да бірден қызығады. Қазақ балалар әдебиетінде тақырып жетерлік. Тек сол тақырыпты баланың талғамына сай ұсынуға келгенде дағдарыс бар. Жасандылық көзге ұрып тұрады. Әрине, бізге Логикомикс сияқты өнім жасау қиынға соғады. Бірақ ниет етсек, бәрін де іске асыруға болады. Бала күн сайын не оқыса, не көрсе – соған еліктейді. Психикасы солай.
Біз көбінесе салыстырғанды ұнатамыз. Кітап оқуға баланы қызықтырудағы Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесіне үңіліп көрейікші. Мысалы, күн сайын мектептерде «10 минут кітап оқу» деген жоба үздіксіз іске асып келеді. Онда балалар қызықты суреттері бар шағын кітапшаларды жарысып оқиды. Кәріс кітапханашылары ата-аналармен, қоғаммен тығыз, жылы қарым-қатынас орнатқан. Олар күн сайын бір радио, телеарнаға тікелей эфирге шығып, балаларға арналған шығармаларды талдайды. Кореяда кітап оқыған балаларды ынталандыру, қызықтыру деген нәрсеге үкімет, әкімдік, мектеп, ата-ана болып мұқият көңіл бөледі. Балаларға арналған көркем шығармаларды насихаттайтын көптеген қауымдастық, кітап клубтары бар. Оңтүстік Корея кітапқа қатысты заңнамасын толық жетілдерген ел. 2000 жылдардың ортасында кітап оқуға жәрдемдесу туралы жаңа заң қабылданды. Бұған қоса, тікелей ел президентіне бағынатын кітапхана-ақпарат комитеті құрылды. Одан әрі кітап оқу мәдениеті туралы, мектепке дейінгі ұйымдар және мектеп кітапханаларын дамыту туралы заңдар шықты. Бізге де керегі осы.
Балалар мен жастар кітапханасын дамытудан бастайық
— Мемлекет тарапынан кітап оқуды насихаттау үшін қандай нақты тетіктер мен жобалар қажет деп санайсыз?
— Қазақ кітап оқитын ұлтқа айналсын десек, мемлекет кітап оқу мәдениетін жетілдіретін нақты тетіктерді іске қосса. Мысалы, балалар мен жастар кітапханасын дамытуды қолға алса. Біз жоғарыда озық тәжірибесін мысалға келтірген Оңтүстік Корея қандай жолмен жүрді? Ең алдымен, балалар кітапханаларын дамытты. 2003 жылы елдегі MBC телеарнасы «Ғажайып кітапхана» деген бағдарлама жасап, эфирге шығарды. Осы жоба аясында тек балаларға арналған кітапханалар ашылды. Оның бірыңғай басқару жүйесі мен қаржы моделі жасалды. Негізінен, бұл жобаға жекелеген ауқатты адамдар қаржы бөлді. Радиодан да «Ғажайып кітапхана» деген күн сайын эфирге шығатын бағдарлама ашсақ құба-құп. Осы бағдарламада балаларға арналған көркем шығармаларды оқушылармен күнде бірге талдасақ, ғажап болар еді. Өңірлердегі балалар кітапханалары желісін жаңаша дамытудың нақты жоспары жасалса. Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет» деді. Үкімет осы заң жобасын әзірлеуде жапон, кәріс, ағылшын заңнамасының озық тәжірибесіне көбірек көңіл аударса, нағыз ұлтқа жанашыр сарапшы, жазушы, қайраткерлерді жұмыс тобына тартса көп нәрседен ұтамыз. Дамыған елдердің озық тәжірибесінен үйренеміз десек, кітап оқуға қатысты форум, конгресс, фестивальдер өткізейік. Жалпы бізге кітап оқуға жәрдемдесу туралы жаңа заң қабылдау керек.
— Журналист әрі жазушы ретінде өзіңіз оқырманды кітапқа тарту үшін қандай әдістерді қолданасыз?
— Оқырмандарды кітап оқуға қызықтырудың жолдары, тәсілдері көп. Өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Міне бірнеше жылдардың жүзі болды, өзімнің шығармашылық кештерімді өткізуді ізгі дәстүрге айналдырдым. Оның Астанадағы аумағы ат шаптырым үлкен сарайларда өтуі шарт емес. Ауылдағы клуб үйінде, мектеп ғимаратында, аудандық мәдениет үйінде я болмаса қаладағы университеттің акті залында, шағын кітапхананың ішінде де өткізе беруге болады. Бастысы, оқырманмен жылышырайлы жүздесудің қалай өтетіні. Үлкен-кіші қалалардағы жоғары оқу орындарына, мектептерге кездесулерге, таныстырылымдарға жиі барамын. Ашық-жарқын кездесулерде әр баланың, әр жастың сұрақ қою мәдениетін, рухани әлемін көре аласың. Оларды кітап оқуға қызықтыру үшін өзің кітап оқып, сол оқығаныңды қызықты, әсерлі етіп айта білуің керек. Кітаптың өмірде өзіңе берген игіліктерін (жетістік, табыс, деңгей, құндылық, абырой, бақ, береке)нанымды етіп әңгімелеп беремін. Кейде оқушылармен бірге бір әдеби шығарманы талдаймыз, оның соңы пікірталасқа ұласады.. Ең бастысы, оқырманның ықыласы мен құрметіне селкеу түсірмеуді ойлаймын. Оқырманды кітапқа қызықтырудың тәсілдері көп. Үздік шығарма жазған оқушыға ақшалай сыйлық беру, өткір сұрақ қойған балаға өз кітабыңды сыйлау, оқырманмен әсерлі фотосессия жасау, үздік студенттерді шығармашылық кештеріме қатыстыру – бұлардың бәрі өз тәсілдерім. Оқырманды кітапқа қызықтыруғаәлеуметтік желілердің мүмкіндіктерінпайдаланамын. Оқырман пікірі мен үшін аса қымбат дүние. Кітабым туралы жазған, айтқан барлық оқырмандардың ой-пікірлерін ұқыптылықпен жинаймын. Әлеуметтік желідегі өз парақшама тұрақты түрде жариялап отырамын. Сол пікірлерді оқыған жандар кітабыма қызығушылық танытады. Студенттер ашқан әртүрлі оқырман клубтарына жиі барамын. Сондай жүздесулерден кейін жұрт қолтаңба беруімді сұрап, кітаптарымды сатып алады.
«Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде. Осы қастерлі миссияны адал атқаруға қолымнан келгенше қарекет жасай беремін..
— Орамды ойлар айтқан салиқалы да ашық сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!