Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Шижаға елді мекеніндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.
Соңғы жылдары өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 25-і — спорт нысаны.
Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті.
«Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру міндетін қойды.
Бүгінде Арал ауданында серпінді жобалар сәтті жүзеге асуда.
Күні кеше Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимаратын ел игілігіне табыстадық.
Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 1 млрд. теңгеге салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық.
Сонымен қатар, Абай елді мекенін орталықтандырылған сапалы ауызсуға қосамыз. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шижаға ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін табыстаймыз.
Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Рәсімде қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын берді. Ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимарат құрылысын сапалы салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, өткен жылы Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық стадион, «Теннис орталығы» және инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында спорт кешендері ашылды.
Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен құрылған 80 спорт-ойын алаңы балалар игілігіне айналды.
Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені, «Қайсар» футбол клубының академиясы салынуда.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!