Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиеліде атқарылған шаруа көп

16.08.2021, 16:45 112 0

HALYQLINE.KZ  Шиелі ауданы бірінші жартыжылдықта 7 микроэкономикалық көрсеткіштердің қорытындысы бойынша облыста көш бастады. Ауданда өнеркәсіп орындары 29,2 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 177,2 пайызға орындалған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков мәлімдеді.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы байқалады. Ағымдағы жылдың 6 айында кіріс көлемін 1,8 млрд теңгеге жеткізген ауданның кәсіпкерлік саласында да ілгерілеу бар. Мәселен қазіргі таңда ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5 488 субъектіге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 114,6 пайызға артқан.

«Бүгінгі күні барлық мемлекеттік бағдарламалар яғни «Еңбек», «Өңірлік инвестиция орталығы», «Микро бизнес Қызылорда», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Кең дала», «Агробизнес», «Сыбаға», «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша ауданнан құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 357 жоба қаржыландырылып, 456 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, жаңа өндіріс көздерін ашу мақсатында Шиелі ауданының шығыс индустриялдық аймағынан жобалық құны 4,5 млрд теңгені құрайтын 8 жобаға 25 га жер телімі сауда саттық арқылы табысталды. Бүгінгі күні, индустриялдық аймақтан 70,6 млрд теңгені құрайтын 18 жобаға жер телімі бөлініп, оның ішінде 5 жоба іске қосылды. Жобалар толықтай жүзеге асырылған уақытта 533 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады», – деді Нариман Әскербекұлы.

Биыл ауданда құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Жартыжылдықтағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2 млрд 349 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 199,3 пайызды құраған. Нәтижесінде 2021 жылдың 6 айында 31 078 шаршы метр жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Кенттегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үйдің құрылысы да қарқынды түрде жалғасуда. Сонымен бірге аудандағы әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы қаралған. Жыл аяғына дейін 20 отбасы баспаналы болмақ.

Ауданда жастарға да қолдау кеңінен көрсетілуде. Соның бір мысалы «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы ескі ғимарат жаңғыртылып, «Жастар сарайы» болып қайта ашылмақ. Бұл мақсатқа 62,7 млн теңге қаржы қаралып, жақын арада ғимарат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: