Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президенттің басты құзыреті қандай? Немесе жер мәселесіне байланысты туған алты сұрақ

04.03.2021, 13:00 618

Кеше ғана Президент Қ.Тоқаев Қоғамдық сенім Кеңесінде жердің шетелдіктерге сатылмайтындығы мен жалға берілмейтіндігі туралы қадап айтып, бұл мәселеге нүкте қойылғандығын білдірді. Бес жылдық мораторияның мерзімі аяқталып келе жатқанына алаңдап отырған көпшілік бас киімдерін аспанға атып, қуанып жатыр. Ең қызығы, оның ішінде сенаторлар мен депутаттар, Парламенттегі фракцияның басшылары да бар…

Әрине, мен де қуаныштымын. Бірақ Президенттің нықтап айтқан шешімін қолдаумен қатар, сол шешімнен туындаған төмендегі сұрақтар да маза берер емес. Меніңше, әңгіме – қазақ халқын бес жыл ойландырған мәселеде емес, оның шешілу жолында сияқты. Егер біз бұл сұрақтарға жауап іздемесек, алысқа бармайтынымыз анық.

Бірінші сұрақ: Билік мораторийді 2016 жылы, бес жыл  мерзімге жария­лады. Оны Парламенттің  арнайы заңымен бекітті. Бұл – Жерге қатысты даулы мәселені бес жылдан кейін ғана шешу керек деген  заң емес, осы бес жылдың ішінде шешімін табуға тиіс деген сөз! Қазақтың жерді сатуға жібермейтіні сол жылдың өзінде анық көрінді емес пе? Онда неліктен төрт жарым жыл күттік? (Оның екі жылы – Тоқаевтың басқаруына келеді). Неге осы жылдардың ішінде бір шешімге келмедік? Ай бағып отырдық па? Бұл төрт жарым жыл кімдерге керек болды? Не себеп­ті  керек  болды? Жымқырған жерлерді жасыру үшін бе, әлде шетелдермен  жасалуға  да­йын­ шарттарды бұзу үшін бе? Білмеймін. Әлде жоғарғы жақтағылардың бір тобы «жерді сатамыз», ал екінші тобы «сатпаймыз» деп төрт жыл айқасты ма? Оны да естімеппін. Меніңше, Парламентте де ондай дебаттар болған жоқ. Бірақ халықтың жүйкесін жұқартып, мораторийдің соңғы мерзіміне дейін алып келу билікке ешқандай абырой әкелмегені анық.

Екінші сұрақ: Президент жердің шетелдіктерге сатылмауы керектігін бірнеше рет айттым дей келе «Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек» деді. Бұл сөздерді қалай түсінуге болады? Демек Жерге қатысты даулы мәселені заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы Парламент жүзеге асырмайды, Президенттің заңдық күші бар Жарлығы арқылы жүзеге асады деген тұжырым ба? Ашығын айтсақ, бұл заңға өзгерістер енгізу мәселесі – Парламенттің құзыреті, міндеті. Әрине, Конституция бойынша, Президентте де заңдық күші бар Жарлық шығару құқығы бар. Бірақ, Президенттер, көп жағдайда, бұл құқықты Парламент өз жұмысын тоқтатқан жағдайда жүзеге асырады. «Тірі Парламенттің» көзінше «президенттің заң шығару» бастамасына­ сүйену – не Парламентке сенбеу, немесе өзін «халықтың жазғыз құтқару­шысы» етіп көрсетуге алып келе­тін  сияқты. Екеуі де жақсы емес.

Үшінші сұрақ: Және мені алаңдататын бас­ты сұрақ – Президенттің бұл сөздерінде тек шетелдіктерге сатылмайтыны туралы айтылды да, «ал өзіміздің азаматтар мен ұжымдарға сатылады ма?» деген сұрақ жауап­сыз қалды. Әрине, Президент, ұмытпасам, бұрынғы сөздерінде бұл мәселеге де өзінің көзқарасын білдірген. Екіншіден, қазіргі қоғамда «шетел­діктерге жеріміз сатылып кетпесін» деген алаңдаушы­лық көбейгенд­іктен шетелдіктердің мәселесін баса айтқан да болар. Бірақ бұл – жердің тауарға айналып, нарыққа шықпауы, оның  өзіміздің  азаматтарға  да сатылмауы 2016 жылдың басты ұраны болды, екіншіден, бұл екі мәселені (жердің қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмауы) бөліп-жару­ға болмайды деп ойлаймын. Сондықтан бір жағын ғана айтып, екінші жағын тастап кету жартылай  шешім  болып  қала  береді.

Төртінші сұрақ: Халық – бала сияқты, өзіне ұнаған сөзді, өзіне қажетті шешімді қуана қабылдайды. Ал саяси-қоғамдық салада жүргендер сол шешімдердің қабылдану жолына көңіл бөледі, және, ең бастысы, сол соқпақпен қайта жүрмеудің жолын іздейді, тырманы қайта баспауды ойлайды. Әлі есімде, жетпіс бес адамнан «Жер комиссиясы» құрылып, облыстарда, Астанада кездесулер өткізгенде, билік жағы жердің нарыққа шығу қажеттігін дәлелдеп бақты. Обалы не керек, талай депута­ттар, талай министрлер, қоғам қайрат­керлері «сендер ақымақсыңдар ма, жерді шетел­дік компанияларға ұзақ мерзімге жалға бермесек, инвестиция келмейді» деп, біздермен жаға жыртысуға дейін барды. Комиссия отырыстарына өздерінің сөздерін сөйлейтін адамдарды алып келді. Оларды алдын ала дайынд­ады, т.т. (Біз де оларға қарсы қауымды ұйымдастырып үлгірдік. Бұл – басқа мәселе…). Ең бастысы, 2015 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға шығару туралы заң да қабылданды. Енді сол азаматтар, сол мамандар, сол депута­ттардың Президенттің кешегі сөзіне қарсы уәждерін тыңдағым келеді, қарсылық­тарын (митинг, шерулер) көргім келеді. Мен оларды сол уақытта ғана сыйлаймын. Маған қарсы пікір айтса да, өзінің пікірін аяғына дейін қорғап, хамелеон сияқты өзгермеген адамдарды сыйлаймын. Жоғарыдан не айтылса, соған бас шұлғып отыра беретін адамдар басқарған ел оңбайды. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Сол шешімді шығарып, қабылдап, қол көтерген депутаттардың алдында да екі жол бар: біріншісі – «мен Тоқаевтың бұл пікірімен келіспеймін» деп ашық айту, дәлелдеу, Парламентте дауысқа салу, т.т., не болмаса, өз еріктерімен қызметтерінен кету (бұл да азаматтық қадам). Мен бұлардың үнсіз қалғанынан не Тоқаевтың шешімін жақтағанынан қорқамын!

Бесінші сұрақ: Бұл ең қысқа сұрақ болар. Неліктен осы елу айдың ішінде бірде-бір депут­ат, немесе Парламеттік фракция кешегі Тоқаевтың айтқан мәселесін Парламентте көтеріп, «Жер кодексіне» өзгеріс пен толық­тыру ретінде екі бапты ұсынбады? Оларға (ескісі бар, жаңасы бар) кім бөгет болды? Кім қолдарын байлап, ауыздарын жапты? Біздің заңымыз бойынша, кез келген Парламент депутаты кез келген заң жобасын дайындап, ұсынуға, не кез келген заңдарға өзгеріс енгізу­ге бастама көтеруге толық құқығы бар. Кейде, Парламентте заңдық бастама көтеруді былай қойғанда, сөйлеуге мүмкіндік алудың өзі оңай емес деген сөзді де естиміз. Білмеймін. Мүмкін, Қасымжомарт аға­мыздың «Президенттің заң шығару бастамасы арқылы» деген сөзі мен «Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байлан­ысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек» дегені де осыдан болар. Мойындауым керек, ең болмаса бір депутат, не сенатор осы жер мәселесін Парламентте көтере ме деп, Президент сияқты мен де күттім.

Алтыншы сұрақ: Сұрақ емес, менің алаңдау­шылығым. Қазақ халқы жақсы ханды аңсайды, армандайды. Сол келіп, бәрін шешіп берсе екен дейді. Бірақ, өкінішке қарай, (адам аласы ішінде) бір хандар жақсы болса, енді біреулері ханталапайға салуға лайық хандық құрады. Сондықтан болу керек, әлемнің басым көпшілігі демократиялық басқару үлгісіне  көшкен. Барлық  мәселенің  Президентке тіреліп,  соның  қас-қабағына қарау, соның айтқан пікірінің заңға айналуын қазақ елі көріп, тойған сияқты. (Елбасының үштілділік туралы бір ауыз сөзінен кейін орта білімді де үш тілге көшіре жаздадық). Әрине, Презид­енттің беде­лі, оның көрегендігі, халықтың ой-арманын түсіну деген сөздерді мен де түсінемін. Бірақ оның ауданның  атын  ауыстыруға араласуы (бұл – ономастика комиссиясының жұмысы), немесе сайлау бюллетеніне  «бәріне  де  қарсымын»  деген графа болуы керек сөзі (бұл – Орталық  сайлау  комиссиясының  немесе Парламент депутаттарының құзыреті), немесе жер шетелдіктерге берілмейді деген заң шығарамын деуі (бұл да Парламенттің құзыреті), т.б. мәселеге тікелей араласуы – тағы да суперпрезиденттік жүйеге көшудің нақты көрінісі. Презид­енттің міндеті – мемлекеттік аппараттың, биліктің барлық түрлерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз  ету. Ал жұмыс істемей, бақырайып Президентке қарап отырған органдар мен олардың лауазымды тұлғаларын дер кезінде отставкаға жіберіп, олардың орнына өз құзыретіндегі мәселелерді Президентке айтқызбай жасайтын жандарды отырғызу. Меніңше, Президенттің басты  құзыреті  осында.

Дос  КӨШІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: