Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Миллиардтап табыс табады» деген рас па? Депутаттар жалақысы жайлы ашық айтты

16.06.2026, 18:00 35

Парламент депутаттары Айдарбек Қожаназаров, Айтуар Қошмамбетов және Динара Наумова халық арасында жиі айтылатын «депутаттар миллиардтап табыс табады» деген пікірге қатысты ашық сұхбат берді, деп хабарлайды halyqline.kz Kursiv.kz басылымына сілтеме жасап.

Халық қалаулылары сұхбат барысында өздерінің нақты жалақысы мен тұрмыстық шығындары туралы айтып, қоғамда қалыптасқан кейбір теріс түсініктерді жоққа шығаруға тырысты.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров парламентке келгенге дейінгі бизнестегі табысы қазіргі жалақысынан бес есе жоғары болғанын жеткізді. Оның айтуынша, депутаттардың қалтасына миллиардтаған қаржы құйылады деген пікір шындыққа жанаспайды. Ал Айтуар Қошмамбетов депутаттардың табысын басқа да мемлекеттік қызметкерлердің жалақы деңгейімен салыстырып бағалаған жөн деген ұстаным білдірді.

Бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек өз жалақысының 900 мың теңге шамасында екенін ашық айтқан болатын. Ол бұл соманың қаладағы тұрмыс талаптары мен отбасылық шығынды толық жабуға жетпейтінін, сол себепті қосымша табыс көзін қарастыруға тура келетінін жасырмаған еді.

Сондай-ақ Динара Наумова парламент тек егде жастағы адамдардан құралады деген түсінікті де жоққа шығарды. Қазіргі таңда депутаттардың орташа жасы 39 жас шамасында. Айдарбек Қожаназаровтың өзі парламентке 37 жасында келгенін айтып, бұл ортаның жас әрі білікті мамандармен толығып жатқанын атап өтті.

Депутаттардың пайымынша, мұндай ашық сұхбат халықтың сұрағына жауап беру және мемлекеттік қызметтің ішкі ахуалын анық көрсету мақсатында қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: