Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Жиында әріптестері осы уақытқа дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Тлеумбетов Дәурен Оңғарбайұлын Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары лауазымына тағайындалуына байланысты құрметпен шығарып салды.
Аудан басшысы Дәурен Оңғарбайұлының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік саланы жетілдіруге қосқан елеулі үлесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
«Дәурен Оңғарбайұлы Қазалы ауданында дүниеге келіп, еңбек жолын 2009 жылы Қазалы аудандық «Қазалы» газетінде әдеби қызметкер ретінде бастап, 2011-2013 жылдары аталған газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарған. 2013-2014 жылдары Қазалы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, 2014-2017 жылдары «Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы, 2017-2020 жылдары Қазалы ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы, 2020 жылы Қазалы қаласы әкімінің орынбасары, 2020-2021 жылдары «Қазалы аудандық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2021 жылдан бастап бүгінге күнге дейін Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді. 2024-2025 жылдары ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып, «Бизнес және басқару» магистрі дәрежесін алды. Аудан әкімінің орынбасары ретінде ауданымыздағы білім, мәдениет, спорт, дін, қоғамдық даму салаларына жетекшілік жасады. Ауданымыздағы қоғамдық-саяси ахуалды жақсартуға еңбек етті. Қоғамдық бірлестіктермен, үкіметтік емес және жастар ұйымдарымен өзара іс-қимылды жандандырды. Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды саяси реформаларды ауданымызда іске асыру шараларын жоғары деңгейде үйлестірді. Соңғы 3 жылда елімізде өткен үлкен маңызды саяси науқандарды Президент, Парламент Сенаты, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауларын, Референдумдарды ауданымызда жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысты. Ауданымызда соңғы жылдары ҚР Үкіметі мен аймақ басшысының қолдауымен бой көтерген білім беру, спорт, тарихи-мәдени нысандардың қалыпты қызмет етуіне, мақсатына сай мазмұндық идеологиялық жұмыстардың жүргізілуіне қосқан зор еңбегін атап өтуіміз қажет», – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
ДДәурен Оңғарбайұлына ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ауданның ең жоғары марапаты – Қазалы ауданының Құрмет грамотасы табысталды.
Актив жиында «РЗА» акционерлік қоғамының президенті, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», І және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, Дәурен Тлеумбетовке сәттілік пен табыс тілеп, жаңа қызметімен құттықтады.
Жиын соңында сөз алған Дәурен Оңғарбайұлы өзіне сенім білдіріп, бірге қызмет атқарған әріптестеріне шынайы ризашылығын жеткізді. Қазалы ауданында еңбек еткен жылдары жинаған тәжірибе мен әріптестерінің қолдауы алдағы қызмет жолында үлкен демеу болатынын атап өтіп, ауданның өсіп-өркендеуі жолында бірге атқарған жұмыстар үшін аудан басшысы мен барша азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, жаңа қызметте де ел мүддесіне адал қызмет етіп, өңірдің дамуына өз үлесін қоса беретінін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!