Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«AMANAT» депутаттары мандаттарын қашан тапсыруы тиіс

17.06.2026, 10:15 70

HALYQLINE.KZ

«AMANAT» «Әділет» партиясына қосылды – Орталық сайлау комиссиясы депутаттық мандаттарды тапсыру шарттарын түсіндірді, деп жазады zhasalash.kz.

«AMANAT» партиясының «Әділет» партиясына қосылу туралы шешімінен соң кей журналистерде «өтпелі кезеңде «AMANAT» қалай жұмыс істейді және осы партиядан сайланған Мәжіліс депутаттарының мандаттарының тағдыры қалай болады?» деген сұрақтар туындады.

Осы жағдай бойынша мән-жайды анықтау мақсатында «Жас Алаш» редакциясы Орталық сайлау комиссиясына жүгінген болатын. ОСК мүшесі Әсел Жанәбілованың айтуынша, мұндағы бір маңызды айырмашылықты түсіну қажет: партия съезінің қосылу туралы шешім қабылдауы – бір мәселе, ал партияның заңды түрде қызметін тоқтатуы – мүлде басқа мәселе.

«Заң бойынша партия съезінің шешімі бұл тек бастамасы ғана. Қосылу рәсімінің өзі уақытты және үлкен дайындық жұмыстарын талап етеді. Яғни арнайы комиссия құрылып, мүлік пен қаржылық мәселелер реттелуі, қабылдау актілері әзірленуі және соңында барлық өзгеріс мемлекеттік органдарда ресми тіркелуі қажет. Мұның бәрі «Саяси партиялар туралы» заңда және Азаматтық кодексте нақты көрсетілген», — деп түсіндірді Жанәбілова.

Оның айтуынша, Азаматтық кодекске сәйкес кез келген ұйым жабылу немесе басқа ұйымға қосылу туралы шешім қабылдаған күні бірден қызметін тоқтатпайды. Ол барлық рәсім аяқталып, мемлекеттік деректер базасынан шығарылған кезде ғана қызметін тоқтатады.

ОСК-да партиядан сайланған Мәжіліс депутаттары өз өкілеттіктерін дереу тоқтатуы қажет деген пікірлердің негізсіз әрі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Конституция бойынша партия өз қызметін тоқтатқан жағдайда, сол партияның тізімі бойынша сайланған депутаттардың өкілеттіктері тоқтатылатыны рас. Алайда қазіргі уақытта «AMANAT» заңды тұлға ретінде әлі де жұмыс істеп тұр. Сондықтан депутаттық мандаттарды тоқтатуға заңды негіз жоқ», — деп атап өтті ОСК мүшесі.

Спикердің сөзінше, дәл осындай қағида партиялық тізім бойынша сайланған мәслихат депутаттарына да қолданылады. Олардың мәртебесі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда белгіленген және қосылу рәсімі толық аяқталып, мемлекеттік тіркеуден өткенге дейін олар өз мандаттарын сақтайды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: