Бүгін Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы бірқатар нысанды аралап шықты. Алдымен Президент саябағындағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарын көрді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Заманауи демалыс аймағында субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол мен футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орналасқан.
Мұнда 15 түрлі 2018 түп ағаш көшеті, 16 түрлі 53 189 түп бұта және 17 түрлі 54 546 көпжылдық гүл көшеті отырғызылып, 2,7 гектарға газон төселген. Жасыл желек спринклерлік және тамшылату жүйелері арқылы суарылады.
Жалпы аумағы 30,94 гектар саябақтың 32,07 пайызы абаттандырылған, 64,8 пайызы көгалдандырылған, 1,66 пайызында қосымша ғимараттар мен құрылыстар, 1,47 пайызында субұрқақтар орналасқан.

Одан кейін аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы үшін мемлекеттік жер қорына қайтарылатын учаскелерге барып, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарымен танысты. Жобаны «Қаратас Майнинг», авторлық қадағалауды «Geopsd kzo», техникалық қадағалауды «Орда-S» серіктестіктері жүзеге асыруда. Оған 2 млрд 996 млн теңге бөлінген, 2756 метр екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынып, асфальтбетон жабындысы төселеді. Сонымен бірге, 2928 метрлік қорғаныс бөгетінің еңісі нығайтылады. Бұл жағалауды су тасқыны мен шайылудан қорғайды.
Сыртқы жарықтандыру жүйесі, 2848 метр электр желісі тартылады және 110 жарықтандыру тірегі орнатылады.
Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2670 метр металл қоршау, демалыс аймақтарына орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!